Қаржы • 03 Тамыз, 2022

Инвестициялық кіріс артты

356 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активі бойынша есептелген инвестициялық табысы 352 млрд теңгені құрайды. Жалпы, 2022 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша азаматтардың БЖЗҚ-дағы жинағының көлемі 13,4 трлн теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,8 пайызға көп.

Инвестициялық кіріс артты

Салымшылардың зейнетақы жинағы зей­нет­ақы жарнасы, сондай-ақ инвестициялық кіріс есебінен қалыптасады. Бұл ретте инвес­тициялық кірістің рөлі өте жоғары. Мәселен, 2013 жыл­дың қыркүйегі мен 2022 жылдың шілдесі аралығындағы таза инвестициялық табыс көлемі 6,5 трлн теңге деңгейінде қалыптасқан.

Ranking ақпаратына сүйенсек, бірінші жартыжылдықтағы есептелген инвестициялық кіріс мөлшері – 352,59 млрд теңге. Соның 146,09 миллиарды – бағалы қағаздар бойынша сыйақы түріндегі кірістер. Бұған – орналастырған салымдар бойынша сыйақы, «кері РЕПО» операциялары және құнды қағаздардың нарықтық қайта бағалануы кіреді. 231,32 млрд теңге ше­телдік валютаны қайта бағалаудан түскен. Өзге кірістердің көлемі – 11,25 млрд теңге. Сонымен қатар сыртқы басқарудағы активтер бойынша 36,07 млрд теңге көлемінде шығын да бар.

«Зейнетақы жинағының ұзақмерзімді инвес­тиция екенін, ал инвестициялық кіріс мөлшерін талдаған кезде бір жылдан кем емес уақыт кезеңін есепке алғаны жөн екенін атап өткіміз келеді. Қысқамерзімді (апталық, айлық) деректер көрсеткіш болып саналмайды. Өйткені нарық конъюнктурасы сәт сайын өзгереді. Мысалы, 2021 жылы салымшылардың зейнетақы шотына бөлістірілген таза инвестициялық табыс сомасы 1,4 трлн теңгені құрап, бір жылда түскен жарна сомасынан да (1,3 трлн теңге) асып түсті. Ұлттық банк басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік – былтыр инфляция 8,4 па­йыз болып тұрған кезде 11,13 пайызды құрады. Биылғы инвестициялық кірістің өзгеріс динамикасын да ескермей тұра алмаймыз. 2022 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша шығын тіркелді. Алайда жарты жыл ішінде жағдай оң қырына қарай өзгерді. Бұл жыл басындағы геосаяси ахуалдың ушы­ғуынан туындаған әлемдік қаржылық және тауарлық нарықтағы құбылулармен байланыс­ты. Бұл жағдай инфляция өсіміне де, зейнетақы активтері бойынша кірістілік көрсеткіштеріне де әсер етті», деп жазады Ranking.

Олардың айтуынша, ұзақмерзімді дина­микаға қарап оптимистік көзқарас танытуға болады. Тек соңғы бес жылдың (2017-2021) өзінде инвестициялық кірістің жалпы сомасы 5 трлн теңгеге жеткен.