Спорт • 03 Тамыз, 2022

Қыздарымыздың қарқыны қуантарлықтай

198 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл күндері Үндістанның оңтүстік-шығысында орналасқан Ченнаи қаласында шахматтан ерлер және әйелдер арасындағы олимпиада өтіп жатыр. Биыл 44-ші рет жалауы желбіреген жарыста Қазақстан құрамасының да зерделілер ойыны шеберлері өнер көрсетуде.

Қыздарымыздың қарқыны қуантарлықтай

Ең алғаш 1927 жылы «Ұлттар турнирі» ретінде ұйымдасты­ры­ла бастаған шахматшылар бәсекесі 1940 жылдан бастап шахмат олимпиадасы деген атау­мен екі жылда бір рет өткізіліп келеді. Ұлыбритания астанасы – Лондонда бастау алған жарыс 1931 жылға дейін жылына бір мәрте ұйымдастырылса, 1933 жылдан кейін жиілігін екі жылға ұзартты.

Биыл 44-ші рет өткізіліп жат­­қан олимпиадаға 186 мем­лекеттің спортшылары қаты­суда. Жарыстың алғашқы төрт туры­ның қорытындысы бойынша Қазақстанның қыздар құрамасы үш матчта жеңіске жетіп, соңғы ойынында қарсыластарымен тең түсті. Ал ерлер арасындағы сайыс­та жерлестеріміз олимпиаданы сәтті бастағанымен, екінші турда Тәжікстанға есе жіберді. Бірақ кейінгі екі кездесуде жеңіс туын желбіретті.

Бибісара Асаубаева бастаған қыздар құрамасы алғашқы айналымда Гватемала шахматшыларымен шеберлік байқасып, 4:0 есебімен басым түсті. Екінші раундта Бельгия құрамасын тізе бүктірді – 3-1. Бибісара Асау­баева мен Назерке Нұрғали өз ойындарында жеңіске жетсе, Жансая Әбдімәлік пен Ксения Балабаева тең ойнады. Перу құрамасымен болған үшінші турда да 3:1 есебі тіркелді. Б.Асау­баева, К.Балабаева және Г.Нақ­баева қарсыластарынан басым түссе, Н.Нұрғали жеңіліп қалды. Ал әзірге соңғы, төртінші турда Моңғолия шахматшыларымен тең ойнады – 2:2. Қазақ­стан құрамасына жалғыз жеңісті Ксения Балабаева сыйлады. Би­бісара мен Гүлісхан тең нәтиже көрсетсе, Назерке қарсыласына жол берді.

Қазақстан ерлер құрамасы алғашқы айналымда қытайлық Тайпеймен кездесіп, 3:1 есебімен үстемдік танытты. Бұл кездесуде Қазыбек Нөгербек пен Әлі­шер Сүлеймен жеңіс тойын той­ласа, Арыстан Оразаев пен Мұр­тас Қажығалиев тең нәтижеге қол жеткізді. Өкінішке қарай, жерлестеріміз екінші матчта Тә­жік­стан шахматшыларына жол берді – 1,5-2,5. Алайда кейінгі екі турда Ливанды – 4:0, Марокконы 2,5:1,5 есебімен жеңді.

Кеше Қазақстан ерлер құра­масы Латвия құрамасымен, қыз­дарымыз Куба шахматшыларымен шеберлік байқасты. Шахмат олимпиадасында спортшылар швейцариялық жүйе бойынша 11 тур ойнайды.