Қоғам • 03 Тамыз, 2022

Турникке тартылудан топ жарғандар

608 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәні саудың – жаны сау. Ал денсаулықты нығай­туға спорттың тигізер ық­па­лы зор. Президент жа­нын­дағы «Dara» дарынды­ларды қолдау қоры ұйым­дастырған «Tartyl Fest» тур­никке тартылу фес­тивалінде 275 атыраулық бақ сынады. Оларға об­лыс­тық әкімдік қолдау көр­сетті.

Турникке тартылудан топ жарғандар

Фестивальдың амбассадоры – Street workout қозғалысының негізін қалаушылардың бірі Айтым Жакуповтың айтуынша, мақсат – бұқаралық спортты да­мыту, жастарды саламатты өмірге баулу. Сол себептен оған қа­тысушылардың жынысына да, жасына да шектеу қойылмады. Қатысуға ниет білдіргендердің бәрі тіркелді.

Қатысушылардың арасында 6 жасар екі бүлдіршін бар. Оның бірі – Ибрагим Асқарұлы турникке 15 рет тартылып, көрер­мен ықыласына бөленді. Ал екіншісі – Әбдірахман Есен­жан 8 мәрте тартылып, спорт­қа бейім екенін көрсетті. Атырау­лықтардың арасынан ең жасы үлкен қатысушылардың легін бастаған 64 жастағы зейнеткер Бақтығали Қаракөзов жастардың құлшынысын оятты.

– Турникке тартылу – жас тал­ғамайтын спорт түрі. Зей­нет­­­кер болсам да турникке тар­­ты­луды әлі тастамай келе­мін. Бұл жарысқа жастарды жігер­­ленді­ру, құлшынысын арт­тыру үшін қатыстым, – дейді Бақтығали Қаракөзов. Жігіттермен бірге тур­никке бір бойжеткен тартылды. Ол – 17 жасар Дана Әбдірова. Оның есімі тек атыраулықтарға ғана емес, Азия құрлығына да танымал. Бала күнінен дзюдо спортымен айналысады. Биылғы сәуірде дзюдошы ару Ташкент қаласында өткен Азия кубогінің иегері атанған еді.

Ал жақында Тайланд елінің астанасы – Бангкок қаласында жалауы желбіреген Азия чемпионатында 57 кило салмақта сынға түсті. Бұл доданың финалында Үндістан балуаны Линтой Чанамбамнан ұтылып, Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бірақ турникке тартылу татами шеберіне оңай болмады.

Атыраулық жігіттер турникке 4 917 мәрте тартылды. Оның ішінде ең үздік нәтиже Амангелді Утеповтің еншісіне жазылды. Ол турникке екінші кезеңде 33 мәрте тартылып, 80 килоға дейінгі салмақ катего­риясында үздік деп танылды. Ал 32 рет тартылған Тимофей Хван мен Ақжол Салихадин 18-35 жас тобында 65 килоға дейінгі салмақта бірдей нәтиже көрсетті. 

«Tartyl Fest» спорт фести­валінде 9 салмақ категориясы бойынша бірінші орын иеленген жеңімпаздарға 200 мың теңгенің сертификаты мен Нұр-Сұлтан қаласында 8 қыркүйекте өтетін гранд-финалға жолдама берілді. Екінші орын жүлдегерлеріне 100 мың теңгенің, үшінші орынға ие болғандарға 50 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.

 

Атырау облысы