Теннис • 03 Тамыз, 2022

Алғашқы қадам сәтсіз болды

141 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина «Уимблдон­дағы» жеңісінен кейінгі бірінші жарысына қатысып, бәсекенің алғашқы айналымында-ақ сәтсіздікке ұшырады.

Алғашқы қадам сәтсіз болды

АҚШ-тың Сан-Хосе қаласында ұйымдас­тырылған WTA 500 турнирінің алғашқы айналымында Е.Рыбакина әлемнің 12-ші, осы жарыстың 7-ракеткасы ретінде тіркелген ресейлік Дарья Касаткинамен кездесті. Матчты сәтті бастаған Рыбакина бірінші партияны екі брейкпен өз есебіне жазды – 6:1. Алайда екінші сетте Касаткина мықтылық танытып, 6:2 есебімен таразы басын теңестіріп кетті. Ал шешуші, үшінші партияда Елена Касаткинаға бірде-бір сетте қарсылық көрсете алмай, 6:0 есебімен жеңіліп қалды.

Сондай-ақ Чехияның Простеев қаласында өтіп жатқан теннистен 14 жасқа дейінгі командалық әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының өкілдері де алғашқы айналымда жеңіліп қалды. Эквадормен өткен бірінші кездесуде Дамир Жалғасбай Тито Чавеске есе жіберсе (4:6, 2:6), екінші матчта Заңғар Нұрланұлы Лукас Юнесті 6:3, 6:3 есебімен тізе бүктіріп, таразы басын теңестірді. Алайда үшінші жұптық бәсекеде Заңғар мен Дамир Эмилио Камачо – Тито Чавестен айласын асыра алмады – 3:6, 3:6.