Экономика • 03 Тамыз, 2022

Азық-түлік бағасына интервенция керек

471 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Азық-түліктің бағасы күн санап қымбаттап барады. Әлемдегі жағдай да мәз емес. Бірақ қымбатшылықтың қазіргі деңгейіне адам факторының да ықпалы бар екені айтылып жүр.

Азық-түлік бағасына интервенция керек

Бізге Ұлттық тауар өткізу жүйесін құру қажет

Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, жылдың соңына дейін Үкімет отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өз өнімдерін ірі сауда желілеріне жеткізуге көмек беретін бастамаларды жүзеге асырмақ. Мұндағы басты мақсат – сө­ре­лерді қолжетімді бағадағы тауарлармен қамтамасыз ету. Сондай-ақ үстеме­ақылардың шегін реттеу мен делдалдар санын азайту жөніндегі шаралар да қолға алынбақ.

Оның айтуынша, елдің азық-түлік қауіпсіздігін, азық-түлік өнімдерінің ба­ғасын қолжетімді ету үшін ұлттық та­уар өткізу жүйесін құру қажет. Жо­баны жүзеге асырудың бірінші кезеңі өткен жылдың соңында тоқтатылды. «Бұл қар­жыландыру шарттарындағы өзгеріс­­терге және МЖӘ (мемлекет-жеке­мен­шік әріптестігі) шарты шеңберінде мем­лекеттегі міндеттемелер деңгейін қайта қарауға байланысты. Ал бүгінде оның баламалы нұсқалары қарастырылып жатыр, оның ішінде жаңа инвесторларды тарту да жоспарда бар», дейді Б.Сұлтанов.

Қысқасы, Б.Сұлтанов басқаратын министрлік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының қымбаттауына жол бер­меу үшін Үкіметтің қолданыстағы арсе­налына жаңа тетіктерді қосуға уәде беріп отыр.

Азық-түлік бағасы шектен шықса немесе оның тапшылығы сезіле бастаса, оған жауаптылар бірінші кезекте тұрақтандыру қорына иек артады. Бұл қор – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуін тежеу үшін құрылған мемлекеттік тетіктердің бірі.

Экономист Мұрат Темірхановтың айтуынша, тұрақтандыру қорын құру туралы идея инфляция дес бермей кеткен кезде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын нарықтық бағадан төмен деңгейде ұстап тура мақсатында туындаған. Басқаша айтқанда, инфляция деңгейін арзан бағамен сатып алып, қайта сату интервенциясы.

Азық-түлік бағасын интервен­ция­лаудың құқықтық базасы 2005 жылы қалыптасты. Бірақ іс жүзінде 2015 жылдан бастап қана жұмыс істей бастаған. Сарапшылар азық-түлік бағасын мемлекет тарапынан реттеу нарық заңына қайшы екенін, арзан бағамен сатып алған өнім түрлерін сақтайтын қоймалардың елде аз екенін айтады. Соның салдарынан күзде арзан бағамен алынған өнім түрлері алдағы көктемге дейін сапасын жоғалтып, төмен бағамен де сатуға жарамай қалып жатады. Бірақ Үкімет соған қарамастан форвардтық сатып алуды қаржыландыруды көбейту керектігін айтып отыр.

Үкіметтің экономикалық блогының пайымынша, форвардтық сатып алу тәжірибесі фермерлер арасында үлкен сұранысқа ие болып, бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақтандыру қорының механизмдері дұрыс жүзеге аспайтынын, оның ішкі нарыққа әсері төмен деңгейде екенін, тіпті ол кейбір шенеуніктер үшін табыс көзіне айналғанын айтты.

Сарапшылар да арзан несиелер арқылы азық-түліктің мол қорын сатып алып, оны арзан бағамен саудаға шығару қателік екенін жеткізді. «Сауда нүктелеріне 100 млрд теңге арзан несие беру өзін-өзі ақтаған жоқ. Мұны Мемлекет басшысы да ашып айтты. Президент айтып өткендей, арзан несие бірінші кезекте сауда нүктелеріне емес, сол өнімді өндіріп отырған фермерлерге керек», дейді М.Темірханов.

Сарапшылар экономика заңдылығы нарықтағы үйлесімділіктің сақталуын құп көретінін айтудан шаршаған емес. Әлемдік нарық 2020 жылғы ішкі нарық­тағы басы артық қаржыны әлі күнге дейін бойына сіңіре алмай жатыр. Сол елдердің ішінде біз де бармыз. М.Темірханов айтып өткендей, экономикаға мұндай эксперименттердің қажеті жоқ. «Біз мемлекеттің экономиканы шектен тыс өбектей беруі инфляцияны қалыпты шеңберден шығарып жіберетінін сол кезде айтқанбыз. Қазіргі жағдай – соның нәтижесі», дейді М.Темірханов.

Бағаны қалай тоқтатамыз?

Тәуелсіз сарапшы Андрей Чеботарев азық-түлік бағасына байланысты қа­был­данған шешімдердің бәрі «аспириндік әсерге» ғана ие екенін айтады. Ол шаралар бағаның екпінін басқанымен, құлан-таза «сауықтыра алмайды». «Шектен шыққан инфляцияны нарық заңы, экономикадағы үйлесімділік қана реттей алады. Басқаша айтқанда, нарықтағы артық ақшаны «сыртқа шығармайынша», инфляция өсе береді. Экономикада ақша массасы мен шығарылып отырған та­уар көлемінің арасында теңдік сақталуы керек. Үкімет тарапынан қабылданып жатқан императивті тыйымдардың соңы тауар тапшылығы мен көлеңкелі экономикаға жол ашуы әбден мүмкін. Бағаны ұстап тұруға болады. Бірақ оның да уақыты шектеулі екенін бәріміз білеміз. Сол себепті инфляцияға әсер етіп отырған факторлар Ұлттық банк, Үкіметтің экономикалық блогы тарапынан нақтылануы керек», дейді сарапшы.

Қазір ішкі нарықтағы инфляциялық қысымға әсер етіп отырған сыртқы факторлар ғана емес, ішкі факторлар туралы да ашық айтылуы керек. Өткен 2021 жылы елде инфляция өршіп тұрған кезде әлемдік азық-түлік индексіндегі өзгерістерге назар аудару қажеттігі айтылды, енді рубль бағамына сілтеме жаса­лып жатыр. Сарапшының баяндауын­ша, мұның бәрі – айтыла-айтыла ақжемденіп кеткен тақырыптар. 2016 жылы жоғарыда айтылған индекстер әлемде жақсы жағына өзгерді, бірақ бізге әсер етпеді. Осы жылдың наурыз айында мұнай қымбаттап, доллар 500 теңгеден 430 теңгеге дейін арзандады. Бұл да біздің бағаға әсер ете алған жоқ.

Дүниежүзілік банк биылғы сәуірде азық-түлік бағасы 23-30 пайызға қым­бат­тайтынын, шикізат бағасында аса көп өзгеріс болмайтынын айтқан. Салыс­тыру үшін айтсақ, 2021 жылы мине­ралды ресурстар бағасы екі есеге, азық-тү­лік 31 пайызға қымбаттаған болатын. Тыңайтқыштардың 30 пайызы – Ре­сей мен Украинаның үлесі. Екі ел арасын­дағы саяси текетірестен минералды тыңайт­қыштар бағасы 100 пайызға қымбаттаған. Біздің бұл сегменттегі үлесіміз 15 пайыздан енді асты. Өзгесі – импорт.

2021 жылы пестицидтердің құнын субсидиялау бағдарламасы есебінен 27,9 млн га алаң химиялық жолмен өңделді, 16,6 млн литр пестицидтер субсидияланды. Жергілікті және республикалық бюджеттерден 32,3 млрд теңге (жергілікті бюджет – 30,3 млрд теңге, республикалық бюджет – 2 млрд теңге) бөлінді.

2022 жылы жергілікті атқарушы органдардың дерегі бойынша 695 мың тонна деңгейінде минералды тыңайт­қыштарды енгізу жоспарланып отыр, бұл 2021 жылдың қорытынды көр­сеткішінен 68,5 мың тоннаға көп. 2022 жылға облыстардың жергілікті бюд­­жеттерінде тыңайтқыштарды субси­диялауға 26,8 млрд теңге көзделген. Мұ­ның бәрі өнімнің өзіндік құнына әсер етеді.

А.Чеботаревтің айтуынша, біз инфляцияны Ресейден және әлем елдерінен «импорттап» жатырмыз. Қазір рубль мен теңге дәлізінде 1 рубль 9 теңгеден асып кетті. Бұл фактор екі ел арасындағы капитал айналымына әсер етіп,  импорт-экспорт қызметімен айналысатын трейдерлердің жұмысын қиындатады.

Айналып келгенде, бағаны әкімшілік жолмен тұрақтандырудың асы тиімді емес екенін сарапшылардың бәрі ашық айтып отыр. Үкіметтің экономикалық блогы, облыстық, аудандық деңгейдегі мемлекеттік мекемелер бұл мәселені көтерме-тарату орталықтарын салу арқылы шешілетініне сенімді. Ал сарапшылар болса, өңірлерде қызмет көрсетіп отырған бірнеше жеке көтерме-тарату орталықтары өз жұмысы барысында бірқатар қиыншылықтармен бетпе-бет қалып отырғанын айтып отыр.

Үкімет өнімді фермерден сатып алған бағадан төмен сата алмайтыны, ал фермердің үкіметтің қас-қабағына қарап, өнімді өзіндік құнынан төмен бағаға сатпайтыны белгілі. Бұл – нарық заңы. 2022 жылы азық-түлік бағасы минералды ресурстар бағасынан қымбаттап кеткенін жоғары айттық.

Әлемнің қазіргі проблемасы – халықты ашықтырып алмау

Халықты ашықтырып алмау проб­лемасының бізге де қатысы бар. Ресей шекараны жауып қойғаны сол екен, қант дауы бізді де ойландырып қойды.

Экономист-талдаушы Денис Кри­во­шеев бізбен әңгімесінде көтерме-сауда орталықтарының мәртебесі, қызметіне қатысты нормативтік құқықтық база­ның жоқтығы, мемлекеттік, жергі­лікті атқарушы органдары мен ауыл­ша­руашылық тауар өндірушілері және жеке қосалқы шаруашылықтары арасын­да өзара іс-қимылдың болмауы қым­ба­т­шылықтың алдын алуға кедергі келтіруі мүмкін екенін айтып берді.

Содан кейінгі назар аударатын екінші мәселе – тауар өндірумен айналысатын фермерлерді қосымша құн салығынан босату мәселесін, форвардтық келісім-шарттармен сатып алу тетігін пысықтау мен айналым қаражат бөлуді қарастыру. Мұның бәрі тауар өндіруші мен сатып алушы арасындағы байланыстарды оңтайландырады.

«Көтерме бөлшек сауда орталықтары туралы мәселе әлі жоба күйінде екені айтылып жатыр. Ал күзде ұсынылатын жобаның қандай бағытқа басымдық беретінін білмейміз. Бізге қазір маңыз­дысы – фермердің биылғы өнімін өткізіп, келер жылға қор жинап алу. Қазір Алма­тыдағы кейбір бөлшек сауда базарларына тауарды көтерме бағамен сату жағы жеңілдегенін байқап жүрміз. Түркістанның фермерлерінің келісін 60 теңгеден өткізген қарбызы базарларда 100 теңгеден сатылып жатыр. Егер арадағы көзге көрінбейтін делдалдарды жойсақ, бұл баға 70 пен 100 теңгенің айналасында болуы әбден мүмкін. Арадағы 10 теңге айырмашылық фермер мен сатушының пайдасына қалады», дейді Д.Кривошеев.

Оның сөзіне қарағанда, бізге инфляция сүт, ет өнімдері қаптамасы, полимер өнімдері арқылы да келіп жатыр. Өткен аптада ел ішіндегі сүт өнімдерін шығарумен айналысатын зауыттар шикізаттан емес, полимер қаптамалардың жеткіліксіздігінен жұмыс тоқтап қалуы мүмкін екенін айтты. Сондықтан сарапшы бағамен күресте тар шеңберде байланып қалмай, жан-жақты шараларды қарастыру керектігін атап өтті. Үкімет бірінші кезекте полимер талшығын өзімізде өндіру мәселесін қолға алуы керек. Сол кезде қаптама мәселесі де шешіледі, зауыттар да тоқтамайды.

Сарапшының пікірінше, біз инфляцияны императивтік (әкімшілік) жолмен реттей алмаймыз. Күні ертең көтерме сауда орталықтары салынған күннің өзінде соңғы түйінді тауарды өндіретін ұсынушы тарап шешеді. Сауда орталықтарын салып қойып, оларды орталықтан бақылау мүмкін емес. Оған өнім сапасын тексеретін мамандар керек. Қысқасы, бұл орталықтың жұмысы тәулік бойы сағат тіліндей тоқтамай, сартылдап жұмыс істеп тұруы керек. «Қазіргідей азық-түлік тапшылығы қатты сезіліп тұрған кезде сатып алушылардың бәсекелестері жетеді. Басқаша айтқанда, Үкіметке бәсеке іштен де, сырттан да табылады. Сол себепті Үкімет тауар са­тып алу үшін қордың капиталын барынша көбейту керек. Егер оның бюд­жеті аз болса, өнім тағы да азық-түлік трей­дерлері арқылы шетелге асып кетеді. Себебі Қазақстанда жиналған көкөніс өнімдерінің тек жартысы ғана ішкі нарыққа, өзгелері Өзбекстан немесе Ресей арқылы шетелге кетеді деген ақпарат бар. Бұл жол «көлеңкелі» тәсілге әлдеқашан көшкені жасырын емес. Үкіметке көтерме сауда орталықтарын ашсақ, инфляцияны жеңеміз деп босаңсып кетуге болмайды», деп сөзін түйіндеді Д.Кривошеев.

 

АЛМАТЫ