Өткен демалыс күндері басталған наразылық өршіп барады. Ирак астанасында шииттердің ықпалды саясаткері Муктада ас-Садрдың жақтастары бір аптада екі рет қатаң күзетілетін «жасыл аймақта» орналасқан парламент ғимаратына басып кірді. Қазір демонстранттар сол жерден кете қойған жоқ. Al-Sumaria телеарнасы ереуілді жалғастыруды жоспарлап отырғаны хабарлады. Сонымен бірге ереуілшілер үкімет мүшелерінің «қашып кетуіне» жол бермеу үшін әуежайға баратын жолда да наразылық акциясын ұйымдастыруға ниетті.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, шерулер Мейсан, Диуания, Бабил, Басра, Дияла және Зи-Кар провинцияларында орын алған. Al-Sumaria телеарнасының мәліметіне сүйенсек, Бағдадта демонстранттар «Жасыл аймаққа» апаратын бірнеше көпірді жауып тастаған, наразылық білдірушілер мен қауіпсіздік күштері арасында шағын қақтығыстар болған. Жергілікті денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жүзден аса адам түрлі жарақат алған. Полицейлердің көзден жас ағызатын газ бен су атқыш қолданғанына қарамастан, қауіпсіздік қызметкерлері садристік топты тоқтата алмай отыр.
Жаппай толқу кезінде парламент ғимаратында депутаттар болмаған. Ал премьер-министрдің міндетін атқарушы Мұстафа әл-Қаземи наразылық білдірушілерді ғимараттан кетуге шақырды. Бірақ наразылық білдіруші топ шу шығаруын доғарар емес, жалау желбіретіп, ән айтуды жалғастырып отыр. Сондай-ақ Ирак президенті Бархам Салех Муктада ас-Садр жақтастарын елдегі саяси дағдарыстан шығу үшін диалог бастауға шақырып, оларға үндеу жариялады.
«Қазіргі дағдарысты еңсеру және оның өршуіне жол бермеу үшін біз елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған ел мен азаматтардың мүдделерін ескеретін шынайы ұлттық диалогтың шұғыл қажеттігін атап өтеміз», делінген президент кеңсесі таратқан мәлімдемеде.
Муктада ас-Садрдың жақтастары Мұхаммед ас-Суданиді Иранның қолшоқпары деп санайды. Сондықтан оны премьер-министр етіп тағайындалуына қарсы шығып, наразылық білдіріп отыр. Муктада ас-Садрдың қоластындағы қозғалыс тоғыз ай бұрын, өткен жылдың қазан айында өткен сайлауда салыстырмалы басым дауысқа ие болған. Алайда ол әлі билік басына орныға алмай отыр. Өйткені жаңа министрлер кабинетін құруға шиит және күрд топтары бір ымыраға келе алмай ел саяси, экономикалық дағдарысқа ұшырады. Үкіметтің болмауы елді биылғы жылдың бюджетінсіз қалдырып, инфрақұрылым мен халықтың әл-ауқатын одан әрі әлсіретті.
Қазірде Al-Hadath телеарнасының хабарлауынша наразылықтар басылмай, демонстранттар одан әрі қарсылық танытқан соң Бағдад қаласына арнайы жасақтан құралған әскер жіберілген. Ирак премьер-министрінің міндетін атқарушы Мұстафа әл-Қаземидің кеңсесі әскерилер шерушілерге қарсы оқ пен бомба қолданбайды деп сендірді.
«Армия Ирак халқына қызмет етеді. Қауіпсіздік күштерінің міндеті – демонстранттарды, қоғамдық және жекеменшікті қорғау, кез келген тәртіп бұзушылықтардың алдын алу және жағдайды ушықтыруға талпынғандарды анықтау. Ирак қауіпсіздік қызметі сондай-ақ қауіпсіздік күштері мен әскерилердің қандай жағдайда болсын елге адалдығын дәлелдеген және саяси істерге араласпайды», делінген Ирактың қорғаныс министрлігі мәлімдемесінде.
Shafaq News агенттігі таратқан мәлімет бойынша Үйлестіру құрылымының жетекшілері Муктада ас-Садр жақтастарының наразылық шерулерін тоқтатуды талқылау үшін Бағдад маңындағы Джадрия қаласында бас қосқан. Агенттіктің хабарлауынша, «әл-Хекма» қозғалысының жетекшісі Аммар әл-Хакимнің резиденциясында болған кездесуде парламенттегі отырыс, ас-Садрмен келіссөздер және жасақ құру мәселелері талқыланған. Бірақ тараптар бір шешімге келе алмаған секілді, өйткені Ирактағы наразылық әлі басылмай тұр.
Жалпы соңғы жылдары Ирак жаппай наразылықтардан көз ашпай келеді. Өйткені елді жайлаған жемқорлық, жұмыссыздық және үкіметтің әлсіздігі Ирак халқының әсіресе, жастарының наразылық шерулерін ұйымдастыруға себеп болды. Ирак мұнай қоры бойынша әлемде 4-орында тұр. Десе де елді жұмыссыздық пен кедейшілік дендеген. Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша Ирактағы әр алты отбасының біреуі ашаршылық жағдайында тұр. Жұмыссыздық көрсеткіші жылдан-жылға артып келеді. Жұмысқа жарамды азаматтардың 17 пайызы ғана түрлі салада қызмет атқарады, қалғаны бір күндік нанын өз бетінше тауып жеуге мәжбүр. Айта кетейік, 2014 жылы «Ислам мемлекеті» атанған террорлық топ Ирактың Мосул шаһарында «халифат» жариялап, елдің басым бөлігін басып алған еді. Содан бері ел аяғынан тұрып кете алмай отыр.