Қазақстан • 03 Тамыз, 2022

Жылу орталығының тағдыры қыл үстінде

518 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Көмірімен әйгілі рекордсмен қала Екібастұзды сүреңсіздік жайлап тұр. Шаһардағы көпқабатты тұрғын үйлер алдағы қақаған қыста жылусыз қалуы әбден мүмкін. Себебі ондағы жалғыз жылу-электр орталығы технологиялық тұрғыдан әбден тозып, қазандықтары қаусап, құлағалы тұр. Ал кәсіпорын иелері өндірісті жаңартуға қаржы салмақ түгілі, өз қызметкерлері алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін орындай алмай отыр. Бұл келеңсіз жағдай – 140 мыңнан аса тұрғыны бар қала үшін дабыл қағарлықтай мәселе. Түйткілдің түйінін тарқатуға Үкімет деңгейінде араласпаса, қақаған қыста үлкен апат орын алуы ғажап емес.

Жылу орталығының тағдыры қыл үстінде

Петропавлдың жолын құшпасын...

Екібастұз жылу-электр орталығы – өңірдегі ең көне энергетикалық нысандардың бірі. Құрылысы осыдан 70 жыл бұрын Екібастұз ГУЛАГ-ында жазасын өтеген «саяси қылмыскерлермен» қолға алынып, 1962 жылы толық тапсырылған. Алғаш құрылған уақытта да үлкен кедергілерге кезігіп, су тапшылығына тап келген. Көп уақыт техникалық суды кәдімгі цистернамен тасып келген кәсіпорын кейін Қ.Сәтбаев атындағы су арнасының салынуымен бұл машақаттан құтылады.

Тәуелсіздік жылдары бұл орталық бірнеше инвесторды ауыстырып үлгерді. Қолдан-қолға өтіп, ақыр аяғы «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» құрамына енетін «Павлодарэнерго» АҚ меншігіне өтіп тынды. Алайда өңірдің энергетика саласындағы бұл алпауыт компания екібастұздық жылу беретін кәсіпорынды оңдырмады. Негізінен бұл станса жылу мен электр энергиясын өндіреді. Одан шығатын барлық қуат қала қажеттілігі үшін жұмсалатынын айту керек. Жеке тұтынушылар мен заңды тұлғалардан жылу мен электр жарығы үшін түсетін төлемақы, төлемақы болғанда ай сайынғы миллиондаған қаражат акционерлік қоғамның қалтасына құйылады. Өкінішке қарай, ол соманы ешкім тап басып айтып бере алмайды. Жеке компанияның басшылығы бұл қаражаттың көлемін құпия түрде ұстап, сыр шашқысы келмейтінінде де бір гәп жатқан сыңайлы.

Бүгінде Екібастұз ЖЭО-да алдағы қысқа қазандықтар мен турбиналарды, технологиялық желілерді дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр-мыс. Алайда жақында оған арнайы барған жергілікті мәслихаттың депутаттары жағасын ұстап қайтыпты. Жай кісі босағасын аттап баса алмайтын стратегиялық нысанның іші шынымен көңіл құлазытарлықтай деседі. Ондағы қаусап тұрған қазандықтар, итеріп қалса құлайтындай жағдайға жеткен ішкі технологиялық желілер, халық қалаулыларының бәтеңкесіне жабысқан шаң-тозаң барғандарды қатты шошытыпты.

Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты Арман Әмірғалиновтің сөзіне сүйенсек, «Кәсіпорын тозудың ең соңғы шегінде тұр. Егер жағдай қазіргі тұрғыдан өзгермесе, біздің ЖЭО Петропавл­-
дағы ЖЭО-2-нің кебін құшатыны
анық».

– Бұл орталықтың ішкі тіршілігіне қаты­сты күмәндарым расталды. Кәсіп­орын­да ағымдағы жөндеу жұмыстары өте баяу, жоспарланған шаралардың небәрі 20 пайызы орындалғанын естіп білдік. Екіншіден, жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігерлердің барлығы анық­тал­маған. Себебі компаниялардың көбі атқарған жұмысы мен көрсеткен қызметі үшін бұған дейін жылу орталы­ғы­нан ақшасын ала алмай, сарсаңға салыныпты. Одан мықтап сабақ алған жергілікті құрылыс-монтаждау фирмалары енді ол жаққа аттап басқысы келмей отырғанға ұқсайды. Тіпті барлық жоспарланған жөндеу жұмысы толық атқарылған күн­нің өзінде де қысқа небәрі 7 қазандық дайын болатын көрінеді. Қыс суық болса, бұл көлемдегі қазандықтардың шамасы қаланы жылумен дұрыс қамтуға жет­пей­ді, – дейді А.Әмірғалинов.

Оның үстіне, шаһардағы жылу желі­ле­рінің жағдайы да тым аянышты. Бар­­лық жылу құбырының 89 пайызы тозып, шіріп тұр. Құдай бетін аулақ қылсын, алдағы қыста қыс кәріне мініп, сақырлаған сары аяз апталап тұрып алса, көнерген құбырлардың шыдас беретініне ешкім кепіл емес. Осы уақытқа дейін небәрі 500 метр құбыр ауыстырылып, 3 мың метрге жуық желі ағымдағы жөн­деуден өткен. Ағымдағы жөндеу құ­быр­ды жаңарту деген сөз емес, ескісін жамап-жасқау екенін зейінді адам бірден түсі­нер. Ал онсыз да іші-сырты тотығып, ине­­нің ұшына ілігіп тұрған желілер сәл мүм­­кіндік берілсе саңылау табуға даяр тұ­ра­тыны айдан анық.

«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-ның бас директоры Павел Мельничук бу және су жылыту қазандықтарын жөн­деу шынымен нашар жүріп жатқа­нын мо­йындайды. Мәселен, №12 қазан­дық­та­ғы жұмыстар небәрі 46 пайызды, №13 қазандықта 39 пайызды құраса, №6 қазандық бойынша белгіленген ша­ра­ларға мердігер мүлде кіріспепті. Тағы бір қазандық бойынша мердігер табылмай отыр. Жұмыстардың кестеден кешігуінің себептері әртүрлі дейді. Яғни қажетті құрал-жабдықтар дер кезінде жеткізілмеген, материалдар бағасы үнемі құбылып тұратындықтан, келісімшарттарды қайта-қайта бұзуға тура келіп тұр. Алдағы қысқа жоғарыда аталған қазандықтардан бөлек тағы 3 қазандықты талапқа сай ету керек. Алайда бұл нысандарда жұмыстың қашан басталатынын бас директордың өзі тап басып айта алмайды. Анығы, кәсіпорын басшысының өзі қысқа әзірлік сапасы өткен жылға қарағанда айтарлықтай төмен боларын мойындап отыр. «Павлодарэнерго» АҚ-ның екібастұздық еншілес компанияға мүлде жанашырлық танытпайтынын да емеу­рін­мен жеткізді. Мысал үшін, еңбек ұйы­мы қазіргі уақытта қызметкерлеріне аванс беруге және салықтарды төлеуге 75 млн теңге таба алмай, шарқ ұрып отыр.

Байтал түгіл, бас қайғы

Ең сорақысы, кәсіпорынның өзге ең­бек ұйымдары алдындағы қарызы да қор­­даланып, жылдан-жылға ұлғаюда. «Горводоканал» мен «Богатырь Көмір» кәсіпорындарына жүздеген млн теңге бере­шек екен. Кәсіпорынның көрсеткен қызметі үшін бюджеттік ұйымдар мен тұты­нушылар жалпы сомасы 500 млн тең­геге жуық қарыз болып шықты. Бірақ оның жуыр уақытта қайта қоюы да кү­мәнді.

Шаһардағы «Отарқа» газетінің жазуынша, таяуда қалалық мәслихат депутаттары кезекті рет кәсіпорынға барып, ұжыммен кездесу өткізгенде қарапайым жұмыскерлердің шағымы айтылған. «Құбыр қаптаушы Райгүл Умиева еңбек етуге жағдай жасалмағанына, еңбек­ақы­ның төмендігіне шағынды. Тағы бір жұмыскер жұмыс орнының ластығын, шаң-тозаң жұтып әзер тыныстайтындарын айтты. «Бақсақ, бақа екен» дегендей, зияндылығы үшін берілетін сүт 2 айдан бері қолға тимепті, жеке қорғаныш құралдарын көруден қалған. Амалдың жоқтығынан пайдаланылған құралдарды жуып, қайта киеді екен. Мұны естіген халық қалаулылары бас шайқаса, депутат Серік Макаров: «Еңбекті қорғауға жауапты адам жұмысты тоқтатпай қайда қарап жүр?» деп сұрау салып еді, Марина Руси­но­ва: «Айтылған сөздің бәрі ақиқат. Мұн­дай­да жұмыс тоқтатылуға тиіс. Алай­да оған басшылар рұқсат бермейді», де­ді», деп жазады қалалық газет.

Осындайда халқымыздың «Байтал түгіл, бас қайғы» деген нақылы еріксізден еске түседі. Жұмыскерлерін қарапайым қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ете алмай отырған кәсіпорын басшылығына «өндірісті жаңартыңдар» деп талап қою қаншалықты қисынды?

Білгеніміздей, бүгінде жылу орталы­ғын­дағы еңбекақының аздығынан жұ­мыс­керлер де көп тұрақтамайды екен. Ал компания басшылығы бұл тығырықтан шығу үшін қолданыстағы жылу және жарық тарифтерін көтерейік деп ұсыныс тастаған. Бұл ұсынысты қалалық мәс­ли­хаттың депутаттары қабылдамапты. Онсыз да көпшілік тұтынатын тауарлар үсті-үстіне қымбаттап, кейбір қыз­мет түрлері аспандап бара жатқан уа­қыт­та тарифті өсіру қисынға келмейтін, жұрт­шы­лықтың ашу-ызасын тудыратын құ­бы­лыс екенін халық қалаулылары жақсы түсініп отырғанға ұқсайды.

Ең ұтымдысы – мемлекетке өткізу

Осы күрделі мәселе бойынша облыстық мәслихат депутаты, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Серік Сәдуқасовты әңгімеге тарттық. Серік Тельманұлы жақында Екібастұзға ба­рып, орталықтағы жағдайды өз көзімен көріп қайтқан.

– Шынын айтайын, жағдай өте алаң­да­тарлық. Маман ретінде байқағаным, Екібастұздағы ЖЭО қысқа әзірге да­йын емес. Ондағы жөндеу жұмыстары қаржының немесе қажет бөлшектердің жоқтығынан тоқтап тұр. Кезінде мен көп жыл Екібастұз қаласында тұрдым. Дәл осындай күрделі жағдай бірінші рет кездесіп отыр. Кәсіпорын жергілікті бюджеттен жыл сайын миллиондаған субсидия алатынын бұрыннан біле­тін­мін. Алайда дәл осындай күйге тү­седі деп кім ойлаған. Өндірістегі 10 қа­зандықтың небәрі 7-еуі ғана биыл қысқа дайын болады делінді. Ол қаланы жеткілікті жылу параметрлерімен қам­ту­ға жетпейтіні белгілі. Серіктестік директоры Карл Вебердің пікірінше, бұл тығырықтан шығудың бірнеше жолы бар. Біріншісі, «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» миллиардтап қаражат төгіп, өндіріс технологиясын толық жаңартуы керек. Екінші жолы – мемлекет меншігіне қайтару. «Павлодарэнерго» АҚ кәсіпорынның активтерін нөлге бағалап, оны қазір тегін бере салуға даяр тұр. Меніңше, мемлекет балансына берілген күннің өзінде де жағдай бірден оңалып кетпейді. Аяққа тұрғызу үшін кемінде 3 жыл уақыт керек. Ал ЖЭО-ны жаңартуға жұмсалатын қаражатты Екібастұз қаласы түгілі, об­лыстық бюджет те тауып бере алмайды, – дейді С.Сәдуақасов.

Сондықтан ең дұрыс жолы бұл мәсе­ле­ге Энергетика министрлігі араласып, нысанды толықтай «Самұрық-Қазына» иелігіне беру керек деп санайды депутат.

Ал директор К.Вебердің өзі ЖЭО 2022-2023 жылғы жылыту маусымын бір­деңе қылып атқарып шығар, ал келесі жылы нысан жұмыс істейді дегенге сенімді емес екенін ашық түрде жеткізді.

Өткен аптада облыстық таби­ғи монополияларды реттеу комитеті департа­мен­тінің басшысы Ибрагим Тангиев­пен кездесуде «Екібас­тұз­жы­лу­энерго» ЖШС-ның басшылығы қожайындары орталықты басы бүтін тегін бере салуға келісетіндерін тағы бір мәрте растады. Бұған дейін қала билігі кәсіпорынды өзгеге сату туралы ұсыныспен бірнеше мәрте шыққан. Өз активтерін 11 млрд теңгеге бағалап келген серіктестік бүгінде шынайы құ­ны­мыз 500 млн теңге деп мойындап отыр. Аудиттік тексеріс жүргізіліп, нақты құны белгіленер болса, бұл баға одан сайын төмендеп кетпесіне кім кепіл? Себебі онда технологиялық тұрғыдан баға­­лай­тын өндірістік құн­дылық қалма­ған дейді мамандар.

Бір қызығы, осы аптаның сейсенбі күні Павлодар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық басқармасының басшысы Ержан Салханов: «Павлодарэнерго» АҚ ақпа­ра­тына сәйкес, Екібастұз жылу-электр орталығын сату кәсіпорын жоспарын­да жоқ. Екібастұз қаласы әкімдігінің Екі­бас­тұз жылу электр орталығын са­тып алу және техникалық аудит­ жүр­гі­зу мәсе­лесі де қарастырылмаған», деп мә­лімдеді. Басқарманың ресми ақпа­ра­тында айтылғандай, қазіргі уақытта кәсіп­орында №6, 12 қазандықтар және №1 турбина жөнделуде. Бұдан бас­қа №13 қазан­дық жоспардан тыс ағым­дағы жөндеуге жатқ­ызылыпты. «Электр энер­гетикасы туралы» Қазақстан за­ңы­­на сәй­кес электр стансаларының, электр желі­лерінің, тұтыну­шылардың электр қон­дыр­ғыларының энергетикалық жаб­дық­та­рының пайдаланылуы мен тех­никалық жай-күйін бақылауды мем­ле­кеттік энер­гети­калық қадағалау мен бақылау жө­нін­де­гі орган, яғни Энергетика министрлігі аты­нан Атомдық және энер­ге­тикалық қада­­ғалау мен бақылау коми­те­ті жүзеге асырады.

Түйіндей айтқанда, көмірлі қаладағы жылу-электр орталығының қазіргі ахуалы алаңдатарлық. Энергетика сала­сының жілігін шағып, майын ішкен ма­мандар бұл қиындықтан құтылудың жолы кә­сіпорынды қала билігіне тапсыру еке­нін айтады. Жекеменшік компания тұр­ғын­дар­дың қысқы қауіпсіздігін ойлап, өз бетімен ұтымды ұсыныстар ойлап табатыны күмәнді. Монополистер бізді бұл тығырықтан мемлекет қана құтқарады деген баяғы әніне тағы басты. Жуықта мәселе облыстық мәс­лихаттың кезекті сессиясында тал­қы­­ланып, орталықтың тағдыры ше­шіледі деп күтілуде. Біздің тілегіміз, ша­һар жұртшылығы үшін тиімді шешім қа­былданса екен. Ел билігі Екібастұздай кенге бай қаланың халқын жауапсыз монополистің қолында қалдырып қоймайды деп сенеміз.

 

Мұрат ҚАПАНҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы