Кеше Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің 47-ші мәжілісі аяқталды. Соған орай АДБ президенті Такехико Накао қорытынды баспасөз мәслихатын өткізді.
Баспасөз мәслихаты барысында Такехико Накао Қазақстандағы мәжіліс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Ол жиын барысында өте маңызды мәселелер талқыланғанын тілге тиек ете отырып, онда қабылданған шешімдер, пікір алмасулар Азия даму банкінің алдағы жұмысына барынша тиімді ықпал ететініне сенім білдірді. Банк президенті, сондай-ақ, мәжілісті ұйымдастыруға атсалысқандарға алғысын айтты.
Такехико Накао өзінің қорытынды сөзінде 10 негізгі мәселеге тоқталды. Яғни, төрт күнге созылған шарада қандай шешімдер қабылданды, пікір алмасу алаңында қандай мәселелер қамтылды, міне, осылардың барлығын сұрыптай келе, ол негізгі мәселеге басымдық берді. Біріншіден, бұл мәжілісте қатысушылардың көбі әлемдік жағдайдың әлі де тұрақталмағанына алаңдаушылықтарын білдірді. Біз бұл тұрғыда, алда кездесуі мүмкін қиындықтарға төтеп беру үшін алдымен макроэкономикалық басқаруға айрықша көңіл бөлуіміз керек деді, Т.Накао. Осы ретте, Азия даму банкі алдағы уақытта да дамушы елдерге барынша қолдау көрсетпек.
Сондай-ақ, ол 47-ші мәжілісте маңызды болған екінші мәселе – Азия даму банкінің 2020 жылға дейінгі даму стратегиясының орындалу барысы болғанын жеткізді. Үшіншісі, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған халықты барынша қолдау, кедейшілікпен күрес жағдайына күш салу сияқты әлеуметтік мәселелер де назарда болған. Төртіншіден, климаттың өзгеруіне қатысты туындайтын қиындықтарды жою, алдын алу мәселесін айтсақ, бесіншіден, аймақтардағы инфрақұрылымдарды дамытуды қаржыландыру жайы да барынша қамтылды. Алтыншысы, соңғы кездердегі халықтың қартаюы проблемасының орын алуы, көші-қон, ауылдардан қалаға қарай үдере көшу, қоршаған ортаға қамқорлық жайы да мәжіліс мінберінде қызу талқыланды.
Жетінші, Азия даму банкіне мүше елдердің барлық саладағы мүмкіндіктерін, мемлекеттік басқару, бюджет жүйесіне, қаржы саласын дамытуға ықпал ету, жеке кәсіпкерлікті дамыту сияқты мәселелерге де қолдау көрсету. Сегізінші, Азия даму банкінің тиімді әрі оңтайлы ұйым болып қалуына күш салу. Бұл ретте әкімшіліктік шығындарға мұқият болып, қаржыны тиімді пайдалануды назарда ұстамақ. Тоғызыншы, АДБ қаржысын иемденуге деген құлшыныс жайы. Оныншы, қаржылық құрылымдар жұмысын жүйелендіру, несие беру мүмкіндіктерін оңтайландыру, басқару құрылымын жаңғырту сияқты мәселелер қамтылды. Оның ішінде Азия даму банкінің аймақтардағы рөлінің стратегиясын жасау да бар екендігін де мәлімдеді Такехико Накао.
Басқарушылар кеңесі бұл басымдықтарға сүйене отырып, алдағы жұмыстарын жүйелеп, жандандыра түспек.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».