Аймақтар • 04 Тамыз, 2022

Тұғыры биік Тарбағатай

517 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Тұғыры биік Тарбағатай» – Абай облысының Ақсуат ауда­нында жалауы желбіреген халықаралық өнер және спорт фестивалі. Оның барысында бірнеше елдің балуаны бозкілемде белдесіп, 140 шақырымға жалғасқан аламан бәйгеде нағыз тұлпарлар анықталды. Сол секілді «от ауызды, орақ тілді» ай­тыс­­кер ақындар «Асыл домбыра-2022» сайысында өз мық­ты­лығын көрсетті.

Тұғыры биік Тарбағатай

Игілікті іс-шара аудан орта­лы­ғы Ақсуат ауылындағы Ұран­хай қажы мешітінің жаны­нан салынған медресенің ашылу салтанатымен басталды. «Мұнда асыл дінімізге бет бұр­­ған жастар діни сауат ашып, рухани тәлім-тәрбие алатын болады», деді Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасы (ҚМДБ) Шариғат және пәтуа бөлі­мі­нің мең­ге­ру­ші­сі, наиб мүфти Сан­сыз­бай Шоқанов. Медресенің ашылуына ҚМДБ Абай өңірі бойынша бас имамы Асқар Мұқанов, Ақсуат ауданының әкімі Асхат Смаилов, «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Берік Уәли қатысқанын айта кеткен орынды.

Бұған қоса әулие Ырғызбай Досқанаұлының рухына арнап ас беріліп, жас балалар арасында республикалық Құран жарысы өткізілді. Бұл сында 25 қатысушы өз мүмкіндігін пысықтап, 1-орынды иеленген Елдос Жортымов Ұмра қажылығына жолдама алды. Жеңімпаз қажылық сапа­ры­­ның жолдамасын анасына сыйға тартатынын жеткізді. Сол се­кілді 5-орын­ға дейін табан тіре­­гендерге де ақ­шалай жүлде та­быс­талды.

Осыдан кейін аудан орта­лы­ғында Қаракерей Қабанбай батырдың 330 жылдық мерей­тойына арналған «Отан қорғау жолындағы батыр бабалар ерлік­тері» тақырыбында респуб­ли­ка­лық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, ға­лымдар келелі ойларын ортаға салды.

«Дана халқымызда «Туған жер­ге туыңды тік» деген ұлағат­ты сөз бар. Атадан балаға мирас бо­лып, төл өнердің дамуы­на ат­салысқан азаматтар мен ұйым­­­дастырушыларға өзімнің және жерлестерімнің атынан зор риза­­шылығымды білдіре отыра барлық спортшы мен өнер­паз­ға сәттілік, көрермен қа­уымға ұмы­­­­тылмас мерекелік көңіл күй ті­­­лей­мін», деді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Қазақ күресінен ұйымдас­ты­рыл­ған Ырғызбай Досқанаұлы атындағы әлемдік гран-при бәсе­ке­сіне 19 мемлекеттің балуандары қатысып, бақтарын сынады. Жарыстың нәтижесіне сәйкес 70 кило салмақ дәрежесі бо­­йынша 1-орын Грузиядан келген Нико Шикаидзеге бұйырды. 2-орыннан тәжікстандық Навруз Ка­римзат көрінсе, үздік үш­тік­­ті моң­ғо­лиялық Енхбол Ех­тай­ван мен отандасымыз Рауан Алтынбек түйіндеді. 90 кило салмақ дәрежесінде Абай облы­сының балуаны Әсет Ахмет­жа­новқа тең келер қар­сы­лас табылмады. Ол финалда Гру­зия­­ның дарынды спортшысы Паата Гвинашивилидің жа­уы­рынын жерге тигізді. Қола жүлдені қырғызстандық Жамалбек Асылбекұлы мен Мол­до­вадан келген Михаил Марчитон қанжығасына байлады. 90 килодан жоғары сал­мақ­та Қап тауының тағы бір өкілі Георгий Кавкарадзе қар­сы­лас шыдатпай алтыннан алқа тақты. Күміс жүлдені поль­ша­лық Каспер Журовский алса, 3-орынға қызылордалық Мақсат Исақабылов пен ирандық Фархамидриза Саджади табан тіреді.

«Осы жарыста ұйымдас­ты­ру­дағы басты мақсатымыз – қара­­пайым қазақ ауылын таныту еді. Қазір аталған сайыс халық­ара­лық Біріккен күрес әлемі қа­уым­дастығының күнтізбесіне еніп, маңызды жа­рыс­тардың қатарына еніп отыр. Бұл өз кезе­гінде еліміздің абыройын арттырып, отандық бұқаралық спорт­тың дамуына сүбелі үлесін қосады деген үмітіміз басым», деді Ырғызбай Досқанаұлы атындағы гран-при жобасының авторы Бәделхан Камалханұлы.

Суырыпсалма ақындардың бәсекесі де Барқытбелдің баура­йын­дағы мерекенің көркін қыз­ды­ра түсті. Тартысқа толы синк­рет­­тік өнер додасының қоры­­тындысына сәйкес биылғы Assyl dombyra-ның иегері жампоз ақын Ринат Заитов атанып, оған темір тұлпар табыс етілді. Сол секілді «Алтын дом­быра­ның» үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов Assyltas стипендиясын иеленді.

Бұл ретте аталған іс-шараның өткізілуіне ұйытқы болған кәсіп­кер Дулат Тастекеев Ақсуат ауда­­нындағы Екпін ауылында тұ­ратын көпбалалы анаға пәтер кілтін табыстағанын айта кету керек.

Аталған фестивальдың ша­рық­­­тау шыңы – 140 шақы­рым­ға со­зыл­ған аламан бәйге болды десек қате­лес­пейміз. Мұндай қа­­шықтықтағы тұлпарлар жарысы бұрын-соңды болмаған дейді ұйым­дастырушылар. Содан болса керек, аталған аламан Гиннес рекордтар кітабына енуі мүмкін. Көкпекті ауданынан бастау алған жарыста 17 шабандоз бір-бірін шаң қаптыруға тырысты. Әйтсе де финалдық мәренің сызығынан 1-ші болып 7 сағат 12 минутта катонқарағайлық Ерболат Тоқ­са­новтың Тарпаң сәйгүлігі аттады. 2-ші сатыдан алматылық Секенай Бөбекбайдың Бай­шұ­ба­ры көрінсе, үштікке көкжыралық Ағзам Сабуровтың Маңмаңгері ілінді. Бәйгенің барлық санаты бо­йынша жеңімпаз атанғандар авто­көлік мінсе, жүлдегерлер ақ­шалай сыйлыққа ие болды.

Мерекенің соңында қазақ­с­тан­дық өнер иелерінің гала кон­­­церті ұсынылып, жергілікті ха­­лық­тың көңіл күйін бір сер­пілт­ті.

Игі дәстүрге айналған бұл іс-шараның өтуіне облыс әкім­ді­гінің қолдауымен Қазақ кү­ресі қауымдастығының вице-прези­денті Бәделхан Камал­хан­ұлы мен Tas Group компаниялар тобының басқарма төрағасы Дулат Тастекеев мұрындық болып келеді.

 

Абай облысы,

Ақсуат ауданы