Қоғам • 04 Тамыз, 2022

Айтылған сөз орындалуымен құнды

272 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қоғамда мемлекеттің саясатына, әсі­ре­се оның жоғарғы деңгейде қабыл­да­нып жатқан шешімдерінің толық­ орындалуына деген сенім­сіздіктің бары рас. Сондықтан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­да­масына ерекше мән беруде.

Айтылған сөз орындалуымен құнды

Президенттің осы саяси ұстанымын іске асыру үшін билік пен қоғам арасында тығыз байланыс орнап, зор жауапкершілікпен қатар оларды жүзеге асыру процесіне қатаң бақы­лау орнатылып, нақты есепке алу жүр­гізіл­уі қажет.

Осындай сұраныстың барлығын сезіне отырып, Қ.Тоқаев бұл жұмысты Президент Әкімшілігінен бастады. Азаматтардан түскен өтініштерді қарауды бақылау бөлімі құры­лып, бұл мәселені үйлестіру мен осыншама жауапты бағытқа жетекшілік жасау ісі Президенттің көмекшісі деңгейіне дейін көтерілді. Ондағы мақсат – азаматтардың мұң-мұқтажы мен талап-тілектерін зерделеп, халықпен тиімді жұмыс істеудің жаңа жолдары мен бағыттарын табу. Аталған жұмысқа басымдық беру арқылы үш мәселе қамтылып отыр. Біріншіден, тұрғындардың арыздары әлеуметтік зерттеудің бір түрі ретінде құнды пікірлер, әртүрлі ұсыныс пен алаңдаушылыққа «бай» болғандықтан, елде жүргізіліп жатқан реформалардың барысындағы кездесетін қателіктер мен кемшіліктерді анықтау. Екін­­­ші жағынан, қоғамдық ортадағы көңіл күй, азаматтардың билікке деген жалпы көзқарасын сезіну, жұрттың арасында орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұ­мы­­сының сапасына, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімнің деңгейіне сараптама жасау. Ал үшіншіден, барлық деңгейдегі билік құрылымдарындағы орындаушылық тәртіптің қаншалықты дәрежеде енгізілгендігі мен жұмыс істейтін­дігін бағалау.

Соңғы үш жылдағы саяси реформалардың кең көлемде жүргізілуі азаматтық белсен­ді­лікпен бірге мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жауапкершілігін арттыруда. Ха­лықтан келіп түсетін арыз-шағымдар мен өтініштерді қабылдауға және оларды қарауға мыңдаған қызметкерлер жұмылдыруда. Сондықтан аталған үдеріс қатаң бақылауға алынып, мұндай жұмысты атқарудың бірыңғай жүйесі қалыптаса бастады деуге негіз бар. Бұған жаңа әкімшілік рəсімдік-процестік кодекстің қабылданып, мемлекет пен өтініш берушілердің қарым-қатынастарының жаң­ғыр­тылуы өз ықпалын тигізуде. Осы Кодекс пен Заң арқылы азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеудің әр қадамы, оларды бағыттау мерзімінен бастап сот ісін жүргізуге дейін реттелген. Нәтижесінде, Президент Әкімшілігіне бағытталған құжат­тар­ды қарау тәртібі нақ­тыланып, оның әрбір кезеңінің ашық­тығы қамтамасыз етіліп, хат иелерінің мүд­де­лерін мемлекеттік органдардың «жүген­сіз­дігінен» қорғау мүмкіндігі пайда болды. Мем­лекеттік органдардың іс-әрекеттері үшін жа­уапкершілігін күшейтетін жаңа норма қа­был­данды.

Өйткені кейбір сала басшылары мен әкім­дер­дің өз жұмыстары туралы есептерінің осы күнге дейін жағдайды объективті, дәл­ме-дәл көрсетіп, оның сапалық жағын көтере алмай отырғандықтарына халық куә. Сонымен қатар тұрғындар олардың сөздерінің нақты іспен үйлесе бермейтінін де көріп жүр. Мұның орын алуына тапсырмаларды бақылаудың нашарлығы мен жүйесіздігі себепші болуда. Оның басты себебі сапалық көрсеткіштерге басымдық беріп, нақты нәтижелерге қол жет­кі­зу мәселелеріндегі олқылықтарда жатыр. Ал бұл, өз кезегінде, адамның әлеуметтік әл-ауқатына кері әсер етіп, оны қолына қалам алуға мәжбүр етуде. Сондықтан болар, ха­лық­тың тарапынан да бақылауды күшейту мақсатында арызданушының өз хатына қа­тыс­ты алынған жауабына шағымданудың тәртібі енгізіліп, олардың көпшілігі әділдікке қол жеткізе алатындай мүмкіндік жасалып отыр.

Сондықтан бүгіннің талабына сай шағым­дарды жеке қараудың орнына, оларды жүйелі және кешенді түрде зерделеп, тұрақты негізде жұмыс істеуге басымдық берілуде. Бұл қо­ғамдық дамудың барлық саласы мен ай­мақ­­тардағы орын алып отырған түйткіл мәсе­ле­лерді анықтауға жағдай жасамақ. Бұл жұ­мыс­қа ақпарат құралдарында жарық көретін материалдардың да үлесі орасан зор. Мәселен, «Egemen Qazaqstan» газетінде «Президент тапсырды: нәтиже қандай?» деген сұраққа жауап ретінде күнделікті қаншама арнайы сараптама жасалып, ұсыныстар айтылуда. Осылайша, ел-жұрт болып тізе қосып, жетістіктеріміз бен халықтың көпшілігінің басына түсіп отырған ортақ проблемаларды биліктің құлағына жеткізуге болады. Ал ол халық үніне құлақ асып, одан дұрыс және әділ қорытындылар жасаған кезде азаматтар көтерген өткір әлеу­мет­тік мәселелер өз шешімін тауып, түбінде халықтың мемлекеттік органдарға деген көзқарасының да өзгерері сөзсіз.