Қазақстан • 05 Тамыз, 2022

Wordle-ды қазақша сөйлеткен жастар

925 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жыл басынан бастап әлеуметтік желілерде сұр, сары және жасыл шаршылардан диаграммалар бейнеленген сілтемелер жиілеп кетті. Сіз де көріп, оның не екеніне қызығушылық танытсаңыз, бұл Wordle деп аталатын сөз ойыны.

Wordle-ды қазақша сөйлеткен жастар

Бұның ағылшынша нұсқасы әлемді жаулаған соң, басқа тіл­дерде де нұсқалары шыға бас­та­ды. Қазақ тіліндегі нұсқасы жа­рия­ланғалы көп уақыт өте қой­ған жоқ. Дегенмен қазірдің өзін­де қазақша «Сөзділ» деп ата­латын ойын жастар ара­сын­да танымалдыққа ие. Ілияс Жол­дасбай мен Данияр Мұха­нов есімді жас бағдарлама­шы­лар жо­баның қазақша нұсқасын жасап шыққан екен.

«Жалпы Wordle-ды қазақ­ша­лайық деп ой тастаған Данияр Мұханов деген әріптесім. Ол да «Болашақ» түлегі, қазір umag.kz ком­паниясында жетекші андройд прог­раммисі. Wordle.kz доменін алған да сол жігіт», дейді Ілияс Жол­дасбай.

Жастар Wordle-дың қазақша нұсқасын құрастырып қана қойған жоқ, атауын да Сөзділ деп қазақшалады. Бұл туралы Ілияс Жолдасбай былай дейді: «Wordle сөзінің түбірі word болғандықтан, біздің нұсқаның да түбірі сөз болуы орынды көрінді».

Күнделікті жасырылған сөз­дерді жастар өздері отырып ек­­ше­­леген. Әрбір таңдалған сөз­дің етістік болмауын әрі сөздегі әрі­п­­­тердің сөзде бір рет қана кез­­де­­суін қадағалап, мұқият зерделеген.

«Уақыт жоғалтпас үшін open source жобаларға жүгіндік. Оpen source – коды ашық, қалаған адам оқып, өзінің керегіне қолдана беруге болатын тәсіл. Қазақша бес әріптік сөздік қорды алу және ойын логикасын жүргізу үшін Github жобаcын қолдандық», дейді жастар. Осындай іргесі дайын жоба тұрғанда қазақша «Сөзділді» жасау екі-ақ күнді алғанын тілге тиек етті.

Жастар ойынның қазақша нұс­қасын жасаудағы мақсатын қазақ тілін насихаттау, көнер­ген қазақша сөздерді еске салу, сол сөздердің қолдану аясын кеңейту деп түсіндіреді. Мысалы, нойыс, бипаз, рәсуа деген сияқты көнерген сөздер де қамтылып, сөздің мағынасын білмегендер болса, сол сөзбен танысуына мүмкіндік бар. Жал­пы, ойында «Сөз мағынасын көру» деген батырма бар, сол арқы­лы Сөздікқор сайтына бағыттап, жа­сырылған сөздің мағынасымен терең танысуға болады.

«Бұл жерде біз үшін ма­ңызды нәрсе – қазақ тілді ойын­шылардың шетте қалмай өз тілінде ойнай алуы. Әйтпесе, бізде көп дүние тек ағылшынша немесе орысша ғана шығып қалып қояды. Cөзділ қазақшаға да сұраныс бар екенін көрсетті деп ойлаймын», дейді Данияр Мұханов.

Wordle.kz биыл 21 қаңтардан бастап көп­ші­лікке ұсынылды. Содан бері жо­баға шамамен 20 рет өзгеріс енгі­зіл­ген. Ал­ғашқы күндері көпшіліктің қызығу­шы­лы­ғына бөленіп, бір апта ішінде орта есеппен 7 мыңға жуық адам ойнайтын. Жалпы, Wordle.kz жариялағаннан бері 400 мыңдай адам ойнаған.

«Аты шулы кезде күніне 2 мың адам­дай ойнап отыратын. Қазіргі таң­да күніне 200-дей адам ойынға қаты­сады. Адам саны өсті деп айту қиын, тренд болып тұрған сәті өткен соң, адамдар басқа нәрсеге көңілдері бұрылып кетті. Түсінікті жайт. Қазір айына орташа есеппен
1 500 адам қазақша сөзділ ойнай­ды», дейді І.Жолдасбай.

Сондай ақ жастар бүгінде Wordle ойнайтындар азайғанын тек қазақ­стандық емес әлемдік тенденция екенін алға тартты. Биылғы ақпан айында Wordle-ды The New York Times газеті 1 миллион долларға сатып ал­ғаны туралы ақпарат тарады. Басылым ойынды нақты қан­дай сомаға сатып алғанын мә­лімдеген жоқ. Дегенмен оның жеті цифрдан тұратын қаражат екенін жариялады. Ойынды құ­растырушысы, бағдарламашы Джош Уордлдан сатып алған. Мұндай ұсыныс Wordle.kz авторларына түсті ме деген сұ­ра­ғымызға жастар әзіл-шыны аралас былай деп жауап берді.

«Нью Йорк Таймс миллион­даған долларларға Wordle-ды сатып алыпты дегенді естіген­де біз өз арамызда «Сөзділді» қай БАҚ сатып алады екен ­деп әзілдегенбіз. Әңгімеміз сол ­әзіл­­ден әрі асқан жоқ. Шын­ды­ғын айт­қанда, монетизациясы жоқ жо­баға ешқандай инвестор ақша шашқысы келмейді», дейді ойын авторлары.

р

Wordle – осы жылдың басында әлемге кең тараған шағын ойын. Оны Джош Уордл есімді британдық бағдарламашы ойлап тауып, соның тегі­мен аталған. Бір қызығы, Уордл бұл ойын­­ды 2020 жылы жаһанды жай­­лаған пандемия кезінде жұбайы екеуі ермек үшін ойлап тапқан екен. Ерлі-зайыптылар The New York Times кроссворд­тарын шешуге машық­танып, өздерінің жетілдірілген нұсқа­сын жасауға шешім қабыл­дайды. Сөй­тіп, өз нұсқасын әзір­легеннен кейін Джош оны WhatsApp мессендежері арқылы отбасылық чатқа жібереді. Ойын көпшіліктің көңілінен шығып, 2021 жылдың қазан айында Джош ойынды желіге жүктейді.

Ойынды көпшілікке жарияламас бұрын Джош бес әріптен тұратын 12 мыңға жуық ағылшын сөзін жи­нақтаған. Жалпы, ойын шарты бойынша бір күнде бір ғана сөз, яғни сол сайтқа кірген бүкіл адамға, бірдей сөз жасырылады. Сөзді табуға 6 мүмкіндік беріледі. Басты қызықтыратын жері ол ойынға кірген бетте ешқандай бір кеңес берілмейді. Яғни сөзжұмбақтағыдай тапсырмалар жоқ, тек кездейсоқ әрекет ету керек. Ойыңызға келген қандай да бір 5 әріпті сөзді жазу арқылы ғана сол кеңес, көмекті ала аласыз. Көмек түрі де ерекше. Жасырылған сөзде қай әріптің бар жоғын түсіну үшін түстерге қарау керек. Әр мүмкіндіктен кейін шаршы түсі өзгеріп, жауапқа қанша жақын екеніңізді көрсетеді. Яғни сұр түс шықса, ондай әріп мүлде жоқ, сары болса, бар, алайда тұрған орны қате. Ал жасыл болса, ол әріп жасырылған сөзде бар әрі орнын да дұрыс тапқансыз.

Болашақ бағдарламасымен шетел­дік жоғарғы оқу орындарында білім алып қана қой­май, алған білімімен қоғамға, елге септігін тигізуге талпынатын Ілияс пен Данияр сынды қазақ жастарының бар болғаны қуантады. Мұндай жастар­дың жобасы қолдау тапса, елге пай­дасы тиетін түрлі жобалар жүзеге асары сөзсіз.