Қоғам • 05 Тамыз, 2022

Жауапсыз мердігер қатаң жазаланса...

306 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде елімізде кәсіпкерлікке кең өріс ашылып, іскер, қолынан тірлік жасау келетін азаматтар саны артып келеді. Мемлекет тарапынан бұл салаға үлкен қолдаулар көрсетілуде. Өз шаруашылығы мен кәсіпшілігін ақылмен басқарып, өз ісін заманауи құндылықтармен ұштастыра білген бірқатар бауырымыздың Еуропа мен Азия асып, тындырымды жұмыс істеп жатқандарын БАҚ-тар мен теледидарлардан, әлеуметтік желілерден естіп, көріп жүрміз. Бұндай азаматтар қазақ елінің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді де. Бұл – көңіл қуантарлық жағдай. Бір өкініштісі – кәсіпкердің де пайдакүнемдері, «өзінің адамдарына» сеніп, халыққа аса қажет жұмыстарды уақтылы орындамайтын жауапсыздары да бар.

Жауапсыз мердігер қатаң жазаланса...

Осындай қырсыз, жауапкершілік деген қасиеттен жұрдай, өз пайдасын ғана ойлайтын жекелеген кәсіпкер мердігерлердің кесірінен мектептер мен ауруханалар, балабақшалар, жолдар уақтылы салынбай, жөнделмей, халықтың ашу-ызасын тудырып, соңы әлеуметтік шиеленіске әкеліп жатқанын күнделікті жаңалықтардан көріп отырмыз.

Әрине, мұндай жағдайда халық бірінші кезекте билікті, сол жердегі жауапты басшыларды кінәлап жатады. Сол жұмысқа жауапты кәсіпкер екінші мәселе болып қалады. Олардан халық сұрамайды да. Ал екі оттың ортасында қалған басшы-қосшылар, «әйтеуір бітсінші» деп бітпеген, шала орындалған жұмыстарды қабылдап алып, соңы ауыр зардаптарға әкеліп жататыны да белгілі.

Бір өкініштісі, сондай топтағы «жалған кәсіпкерлерге» қазіргі кездегі мемлекеттік сатып алудағы ашық электронды портал конкурсы ыңғайлы болып тұр. Өзінің қаржысы, техникамен жабдықтау жағдайы мәз болмаса да, конкурсқа қойылған қаржыны төмен бағамен ұтып алып, көпшілікті әуре-сарсаңға салатындар саны күннен-күнге артып барады. Бұл жерде тендерді ойнататындар мен жауапты тұлғалардың да қателігі жетіп артылады. Ал содан кейін соттасудан соттасу басталып, халық игілігіне бөлінген бюджет қаржысы дұрыс игерілмей, болмаса игерілмей қалып, соңында бүкіл жауапкершілік қабылдап алушыға артылып жатады. Нақтылай кетсек. Өткен жылы біздің ауданымыздағы бір ауылда ағымдағы жол жөндеу бойынша екі сот шешімімен «жосықсыз мердігер» атанған, айыппұл төлеп, бөлінген қаржыны игермеген тараздық бір мердігер серіктестік биыл да қыруар қаржы қаралған аудандағы екі мек­тептің күрделі жөндеу жұмыстарын ұтып алды. Сол кезде сот жүріп жат­қанын электронды порталдар, сайттар көрсетіп тұрса да, бұлар осындай екі ірі жобаны қалай ұтып алды? Болмаса кім ұтып берді...? Бұнымен құзырлы органдар айналысып жатыр деп естідік. Ұтса ұтсын, қарсы емеспіз. Бірақ жаңа оқу жылының бас­талуына 20 күн қалғанда екі мектепті күрделі жөндеу жұмыстарының 50 пайызы да атқарылған жоқ. Жөндеу жұмыстарының қыркүйекке дейін аяқтала қоятынына мұғалімдер мен тиісті басшылар үміттенбейді. Аудан­да жұмыс сапарымен болған сенаторлар да мердігерге нақтылап тап­сыр­ға­ны­мен, олардың да күмәнмен кеткені анық. Дәл осы күні бұл жағдай облыс, аудан басшы­ла­рының басты мәселесі болып тұр. Теледидардан арнайы хабар да көрсе­тілді. Мердігер өкілі 20 тамызда аяқталады деп уәде берген.

Бұл бір ғана мысал. Сонда не істейміз? Бір жауапсыз кәсіпкер жүреді елдің бәрін шулатып. Бұн­дай­ларға жаза жоқ па? Неліктен жекелеген кәсіпкерлер бетімен кетті? Бұған кім кінәлі? Әлде заң әлсіз бе? Ол үшін өз міндеттемесін уақтылы, сапалы орындамайтын кәсіпкерлерді мемлекеттік сатып алу заңында болмашы айыппұл төлейтін «жосықсыз мердігер» деп емес, «жауапсыз мердігер» деп атап көрсетіп, басшысын, жауапты тұл­ғасын осындай халыққа зиянды әрекеті үшін заң шеңберінде жауапкершілікке тартып, өте үлкен мөлшерде әкімшілік айыппұл салған жөн екенін халық та, басшылар да көп айта бастады. Сонда ғана тәртіп орнайтын шығар. Бұл туралы таяуда ғана Түр­кістан қаласында Ұлттық экономика министрлігі өткіз­ген сала басшыларының жиынында көтердім. Бұл ұсыныс қатысушылар тарапынан үлкен қолдау тауып, қар­жы, экономика, кәсіпкерлік пала­таның басшылары мәселенің заң тармағы ретінде Парламентте қара­латынын жеткізді.

Әрине, жеке кәсіпшілік ашып, тендерлерге қатысу оңай болғанымен, міндетті жұмысын абыройлы, сапалы аяқтау – ең негізгі қағида болуын өз кәсіпкерлігін жаңадан бастаған тұлғалар, әсіресе жастар ұғынса дейміз.

 

Мұратбек ДӘКЕНҰЛЫ

 

Жамбыл облысы,

Т.Рысқұлов ауданы,

Абай ауылы

Соңғы жаңалықтар