Халықаралық антиядролық қозғалыстың белсенді мүшесі К.Күйіковті ел-жұрт аузымен, аяғымен сурет салатын талантты суретші, АТОМ жобасының құрметті елшісі ретінде таниды. Оның еңбегін тек қазақстандықтар ғана емес, әлем халқы жоғары бағалайды. Міне, осындай азамат әлгіндей жоғары деңгейлі көрмеге қатысуға тиіс.
Биылғы қыркүйекте Францияның Ренн және Париж қалаларында Кәріпбек Күйіков ядролық қаруға қарсы тақырыптағы шығармаларын ұсынбақ. Ол енді жолкіреге қаржы жинауға көмектескендердің арқасында ол жаққа бара алады. Бұған дейін К.Күйіков жерлестеріне үндеу тастап, есеп-шот ашқан болатын. К.Күйіковтің үндеуі бір-екі күнде әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қайырымды жандар суретшінің Францияға баруы үшін қаражат жинай бастады. Бір аптаға жетер-жетпес уақыт ішінде олар қажетті сома – 6,5 мың еуроны (3,1 млн теңге) жинап үлгерді.
«Бұл азаматтық бастама осы көктемде туған. Әрине, жобаны мемлекеттік қаржыландыру туралы сөз болған жоқ. Франция тарапы көрмелерді ұйымдастырып отырғанымен, бірақ оларда менің сапарым үшін қаражат қаралмаған. Сондықтан біз осылайша қайырымдылық акциясын бастауды жөн көрдік», дейді суретші.
К.Күйіков сапарға шығу үшін қаражат жинауға көмектескен қазақстандықтарға алғысын білдірді. «Белсенділік танытып, қолдау көсеткен қазақстандықтардың мейірімділігі мені шын жүректен таңғалдырды. Жерлестерім жоба идеясын соншалықты тез әрі жоғары деңгейде қолдайды деп күтпеген едім. Атсалысқандардың барлығына алғысымды білдіремін. Бұл – маған жеке қолдау көрсету ғана емес, менің еңбегімді, мен үшін өмірімнің мәнінің, қаншама жыл бойы ядролық сынақтардан зардап шеккен туған жерімді қорғау жолындағы күресімнің бағалануы, сондай-ақ бұл – бәріміз сияқты бейбіт аспан астында өмір сүру мүмкіндігіне ие боламыз деп үміттенетін болашақ ұрпақты қорғаудағы қадам», дейді Кәріпбек Күйіков.
Қазақстанның Франциядағы Бас консулдығы да Страсбургте қазақстандық суретшінің көрмесін өткізуді ұсынуда. Осылайша, Кәріпбек Күйіковтің туындылары үш қалада: Ренн, Париж және Страсбургте көрсетіледі.
Кәріпбек Күйіковтің антиядролық тақырыптағы картиналары Жапонияда, АҚШ-та, Швейцарияда көрмеге қойылған. Ал Францияда көрсетілмеген екен. Кәріпбек жаңа туынды жасап, Ренн қаласына тартуды жоспарлап отыр.