Дзюдодан Қазақстан құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов өткен жарыстардың қорытындысы бойынша Азия чемпионатына қатысатын балуандарды іріктеп алды. Олардың қатарында әлем чемпионатының жүлдегерлері Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) пен Ерлан Серікжанов (66 кг), Азия чемпионатының үш дүркін жүлдегері Ислам Бозбаев (-100 кг), Хорватиядағы Grand Slam жарысының жеңімпазы Мағжан Шамшадин (60 кг) және Grand Slam бәсекелерінің жүлдегері Бауыржан Нарбаев (60 кг) бар еді. Өкінішке қарай, рейтингтік ұпай берілетін бәсі биік жарыста жоғарыда аты аталған даңқты балуандарымыздың бірде бірі әнұранымызды шырқата алмады.
Жерлестеріміздің арасынан ең тәуір нәтижеге 73 килода бақ сынаған Данияр Шамшаев қол жеткізді. Ұлттық құрама сапына жуырда ғана қосылған балуанымыз ересектер арасындағы алғашқы Азия чемпионатына қатысып жатқанына қарамастан барлық қарсыласын мерзімінен бұрын айқын басымдықпен тізе бүктіріп, Азия чемпионы атанды. Атап айтар болсақ, ол бастапқы бәсекелерінде үндістандық Суреш Сингх пен Grand Slam, Гран-при жарыстарының жүлдегері тәжікстандық Бехруз Ходжазоданы небәрі 42 секундта жеңсе, жартылай финалда биыл ғана жастар арасындағы Азия чемпионатында топ жарған қырғыз балуаны Чынгызхан Сагыналиевті 31 секундта тізе бүктірді. Финалда оның жолы Өзбекстанның беделді балуаны, жыл басында Португалияда ұйымдастырылған Гран-при жарысының жеңімпазы Муроджон Юлдашевпен қиысты. Данияр бұл бәсекеде де артық күш жұмсамай, бар-жоғы 34 секундта-ақ қарсыласының жауырынын жер иіскетті.
Бұл – Азия чемпионаттары тарихындағы Қазақстанның 73 кило салмақтағы алғашқы алтыны. Бұған дейін Дидар Хамза мен Жансай Смағұлов жүлдегерлер қатарынан көрінгенімен, бірде-бір балуанымыз бұл салмақта топ жара алмай келе жатқан еді.
Ал 100 килоға дейінгі салмақта белдескен Ислам Бозбаев бас жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрініп, күміс жүлдені қанағат тұтуға мәжбүр болды. Жерлесіміз финалда биылдан бастап Біріккен Араб Әмірліктерінің атынан сынға түсе бастаған ингушиялық Джафар Костоевтан ұтылып қалды. Кезінде Ресейдің жастар арасындағы чемпионатында топ жарып, Еуропа біріншілігінде де үздік шыққан ол енді, міне, Азия біріншілігінде алтыннан алқа тақты. Бұған дейін 90 килода өнер көрсеткен Ислам Бозбаевтың бұл 100 килодағы алғашқы ірі жарысы. Ол жарыстан кейін финалдағы жеңілісін жаңа салмаққа әлі бой үйретпегені мен күшін дұрыс жұмсай алмағандығымен байланыстырды.
Бапкерлер мен жанкүйерлер ерекше сенім артқан Мағжан Шамшадин (60 кг), Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Дидар Хамза (90 кг) және Нұрлыхан Шархан (-100 кг) қола жүлдені қанағат тұтуға мәжбүр болды. Өкінішке қарай, Бауыржан Нарбаев (60 кг), Ерлан Серікжанов (73 кг) пен Әділ Оразбаев (+100 кг) іріктеу кезеңдерінен әріге аса алмады.
Қыздар арасындағы балуандар бәсекесінде небәрі екі отандасымыз ғана жүлдегерлер қатарынан көрінді. Былтыр Қырғызстанда ұйымдастырылған Азия чемпионатында күміс алған 48 килодағы отандасымыз Әбиба Абужақынова биыл да сол межеден көрінді. Жартылай финалда ол бірер ай бұрын Моңғолияда өткен Grand Slam бәсекесінде жеңген моңғол балуаны Наранцэцэг Ганбаатардан тағы да басым түсіп, финалға жолдама алған болатын. Алайда алтын жүлде үшін өткен бәсекеде Әбиба жапониялық Уакана Когадан айласын асыра алмады. Ал 78 килоға дейінгі салмақта сынға түскен Аруна Жангелдина жұбаныш белдесуінде тайбэйлік Лю Шинді жеңіп, Азия біріншілігінің қола жүлдегері атанды.
Осылайша, төрт күнге жалғасқан Сары құрлық біріншілігінде сегіз медаль олжалаған жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте төртінші орынға табан тіреді. Бас жүлдені Жапония балуандары жеңіп алды. Олардың еншісінде 9 алтын, 3 күміс жүлде бар. Екінші және үшінші орынға Моңғолия (2 алтын, 5 қола) және Өзбекстан (1 алтын, 2 күміс, 6 қола) құрамалары жайғасты.