Спорт • 07 Тамыз, 2022

Қарымта кездесуде қауқар көрсете алар ма екен?

471 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

УЕФА Конференция лигасының іріктеу кезеңдерінде өнер көрсетіп жатқан қазақстандық «Тобыл» мен «Қызылжар» клубтары өткен аптада үшінші айналымдағы алғашқы ойындарын өткізіп, екеуі де сырт алаңда бір доп айырмасымен жеңіліп қалды.

Қарымта кездесуде қауқар көрсете алар ма екен?

Еурокубок бәсекесінің екін­ші ірік­теу кезеңінде сенсация жасап, Хор­ватияның даңқты «Осиек» клубын екі матч қо­ры­­тындысы бо­йын­ша (3:2) тізе бүктірген «Қы­зыл­жар» үшін­ші кезеңде Еу­ро­паның тағы бір азулы ұжымдарының бірі – АПОЭЛ-мен кездесті. Кипр біріншілігінің 28 дүркін же­ңім­пазы кейінгі жеті жылда қазақстандық клубтармен осымен бесінші мәрте жолықты. «Астанамен» Чемпиондар ли­га­сы және Еуропа лигасында үш мәрте, «Қайсармен» Еуропа лигасында бір рет жасыл алаңда жол­дары түйіскен еді. Енді, міне, Нико­сия командасы «Қызылжармен» Кон­фе­ренция лигасы аясында кез­десіп тұр.

Кипрдің бас шаһары – Нико­­сия­дағы 12 мың жанкүйер сыя­тын «Панкиприя» стадио­нында өткен екі ұжым ара­сын­дағы алғашқы кездесуде алаң иелері мықтылық танытып, қазақстандық маман Әли Әлиев жаттықтыратын «Қызылжарды» 1:0 есе­бімен жеңіп кетті. «Осиекпен» бол­ған сырт алаңдағы қарымта матчта шабуылға көбірек көңіл бөлген Ә.Әлиев бұл жолы қорғанысқа баса мән беріп, алаңға бірінші минуттан бастап бес қорғаушы, төрт жартылай қорғаушыны шығарды. Бас бапкердің бұл тактикасы өз жемісін берді деуге болады.

Төрешінің ысқырығы ша­лын­ғаннан бастап матчтың 90 минутына дейін алаң иелері бір сәтке дамыл таппай, үнемі шабуылдаумен болды. Ойынның есебін жылдам ашуға тырысқан АПОЭЛ футболшылары ал­ғаш­қы 20-25 минутқа дейін Мирослав Лобанцев қорғаған «Қызылжар» қақпасына бірне­ше рет қауіпті соққы жаса­ға­­нымен, гол соға алмады. Де­­­ген­­мен танымсыз шабуыл ақыр соңында өз нәтижесін беріп, алаң иелері кездесудің 27-минутында дегендеріне жетті. Айып алаңының сыртынан әріптесінен тамаша пас алған Георгиос Эфрем М.Лобанцевтың қақпасына әуелете соққы жасап, матчтың есебін ашты. АПОЭЛ бі­рін­ші таймда «Қызылжар» қақ­па­сы­на төрт дәл соққы жасап, соның біреуін ғана голға айналдыра алды. Ал Мирослав Лобанцев үш мәрте сейв жасады.

Алаң иелері екінші таймда да шабуылдарын бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Бірақ қанша тырысса да, екінші 45 минутта қазақстандық коман­да­ның қорғанысын бұза алмады. «Қызыл­жар­дың» 27 жастағы қақпа­шы­сы екін­ші таймда да жұмыссыз қалған жоқ. Ол бұл жолы да үш мәрте көзге түсіп, қақпасын голдан аман сақтап қалды. 90 минут бойы қарсылас коман­да­ның қақпасына жарытып соққы жасай алмаған «Қызылжар» футболшылары 78-минутта АПОЭЛ қақпашысы Вид Белецтің қателігін пайдаланып, гол соққан еді. Алайда қапталдағы төреші жалаушасын көтеріп, Мусса Коненің ойыннан тыс қалғанын бас төрешіге ескертті. Осылайша, АПОЭЛ мен «Қызыл­жар» арасындағы кездесудің бірінші ойыны алаң иелерінің пайдасына аяқталды – 1:0.

Енді барлық мәселе 11 тамыз күні елордадағы «Астана Аренада» өте­тін қарымта матч­та шешіледі. «Осиекті» сырт алаңда 2:0 есебімен тізе бүк­тір­ген «Қызылжар» АПОЭЛ-ді өз ала­ңында да қапы қалдырады деп сене­міз. Өйт­кені өз үйіңде қабырғалар да көмектеспеуші ме еді?..

Сондай-ақ дәл осы күні Қос­та­най­дың «Тобылы» да сырт алаңда алғашқы кезде­суін өткізіп, Босния және Герце­го­винаның «Зриньски» клубынан 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Екінші айналымда Гибралтардың «Линкольн Ред Импс» ұжымын сенімді түрде жеңген (3:0) «Тобыл» бұл кезең­де қолда тұрған тең есепті сақтап қала алмады.

Боснияның былтырғы чем­пионы «Зриньски» Еуро­кубоктағы жолын «Тобыл» сияқты Чемпиондар лигасы­ның іріктеу кезеңінен баста­ған. Алғашқы айналымда Молдованың «Шериф» клу­­­­бынан бір доп айырмасы­мен жеңіліп қалған соң, Кон­­­фе­рен­ция лигасына түсіп қалды. Аталған лига­ның екінші іріктеу кезеңінде олар Алба­ния­ның «Тиранасымен» ойнап, екі ойында да қарсыластарынан басым түсті. Сөйтіп үшінші іріктеу кезеңінде «Тобылға» қар­сылас атанды.

Боснияның Мостар қала­сын­­да ор­на­ласқан Bijeli Brijeg ста­дионында өткен екі клуб арасындағы матчтың алғашқы таймында алаң илері допқа иелік ету, қауіпті шабуыл ұйымдастыру бойынша да аздаған басымдыққа ие болғанымен, Александр Мокин қорғаған қақпаға гол соға алмады. Ал екінші тайм­ның бас жағында алаң қо­жайын­­дарының жартылай қор­ғаушысы Йосип Чорлука дө­рекі ойыны үшін төреші та­ра­пынан екінші мәрте сары қағазбен жазаланып, алаң­нан қуылды. Сөйтіп алаңда бір фут­болшысы көп болып ойна­ған «Тобыл» шабуылға шы­ға бастады. Алай­да «Зриньс­ки»­ бір адам кем болып ойнаса да қорғанысқа жатып алмай, қарсы шабуылға иек артып отырды. Кез­десудің 76-минуты өтіп жатқанда алаң иелері кезекті бұрыштама орын­­дайтын мүмкіндік алды. Айып алаңына пас асырмақшы болған Нико Янкович допты Мокин қорғаған қақпаның алыс бұрышына дәл көздеп, гол соғып кетті – 1:0.

Қостанайлықтар матч­тың қалған минутында таразы басын теңестіруге ты­рыс­­қанымен, онысынан түк шық­пайды. 84-минутта ойын ережесін бұзып, төреші­мен сөз таластырғаны үшін «Тобылдың» орталық қор­ғау­шысы Жарко Тома­шевич те қызыл қағазбен жазаланып, ол да алаңнан қуылды. Матч­тың қалған уақытында гол со­ғылған жоқ.

«Тобыл» да сырт алаңдағы алғашқы ойында жеңілгенімен, келесі кезеңге шығу мүм­кін­дігін сақтап қала алды. Енді екі клуб арасындағы қа­ры­мта кездесу 11 тамыз күні Қос­та­най­дағы «Орталық» стадионда өтеді.