Аймақтар • 08 Тамыз, 2022

Семейде саябақтар жетіспейді

305 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Семейде халыққа арналған қоғамдық кеңістіктер қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығатындай жақсы ұйымдастырылмаған. Айталық, шаһарда адамдардың серуендеп, тынығатын орындары шектеулі. Бар жерлердің өзі қаңырап, қараусыз күйде жатыр.

Семейде саябақтар жетіспейді

Ірі қараның мекеніне айналды

Абай облысының орталығы саналатын шаһарда ретке кел­тірілген, халық көп жүретін жер саусақпен санарлықтай. Мысалы, Бейбітшілік аралын (бұрынғы Түйемойнақ аралы) алып қарайық. Семейге келе­тін ішкі және шетелдік турис­тер міндетті түрде осы аралға соқпай қоймайды. Неге десеңіз, еліміз бойынша мұндай бірегей ландшафтық аумақты кез­дес­ті­ру қиын. Оның ерекшелігі сол, теңізі мен көлі жоқ қалада орналасқан арал Ертіс өзенінің қақ ортасында тұр. Дәл осында Семей ядролық сынақ полигонының құрбандарына арналған «Өлім­нен де күшті» монументі ашылып, бұл қала тұрғындары мен келген қонақтардың сүйікті орындарының біріне айналды. Аралдың атын Бей­біт­шілік деп өзгертуі де осыған байланыс­ты. Айналасы жасыл желекпен көмкерілген аталған аумақ­та халықтың серуендеуі үшін саябақ қарастырылған. Сондай-ақ саламат­ты өмір салтын серік еткендер­ге бұқа­ра­лық спортқа арналған инфра­құ­ры­лым да жолға қойылған. Өсімдіктер ме­н жануарлар әлемін зерттеумен ай­налысатын Биологиялық орталық та осы аралда.

Алайда аралда көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан түйт­кіл­ді мәселе бар. Атап айтқанда, бұл аумақта бірнеше жеке тұрғын үй орналасқан. Бұл тұрғындардың басым бөлігі мал асырап, жан бағып келеді. Бірақ сол төрт түлік жайылым жер аз болған соң қоршаусыз жатқан монументтің маңайын жаға­лап жайылады. Соның салдарынан жай­қ­алып тұрған өсімдіктер мен егіл­ген көшеттен түк қалмайтын сынды. Бұған таяуда облыстық мәслихат хат­шы­сының өзі де көз жеткізді.

«Кейінгі уақытта халықтан тұрғын үй массивтеріндегі сиырлар мен жыл­қыларға қатысты шағымдар жиі түсе бастады. Жұмыстан кейін Бейбіт­ші­лік аралында серуендеп жүріп, сиыр­лар­дың абаттандырылған көгал­да жайылып, егілген гүлдерді жеп жат­қанын бай­қадым. Ал бұл жерге ха­лық демалып, балаларын сергітуге келеді.

Қаладағы кенттер мен шеткі аудандарда үй жануарлары қоқыс жәшік­те­рі­нен азық іздеп, экологиялық ахуалды одан сайын күрделендіріп жатқаны жасырын емес. Бұл ретте санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, қалалық полиция, ветеринарлық инспекция қызметі осы мәселені қолға алып, тәр­тіп орнатқаны жөн болар еді.

Әлбетте, төрт түлік малды асы­ра­ған дұрыс және оған қарсы­лы­ғым жоқ. Бірақ мұны өзіңнің белгі­лен­ген учаскеңде, жазғы уа­қыт­та жа­йы­лым­дық жерлерде жүзеге асыр­ған абзал. Мұны биз­неске бағыт­тал­ған кедергі деп қабыл­да­ма­ған жөн. Тек белгіленген заңның ережелері мен нормаларын сақтап, айналадағы адам­дарға сыйластықпен қарауға шақы­ра­мын. Өйткені жоғарыдағы көріністі Түркістан мен Атыраудан келген қо­нақ­тар байқап, таңғалды», деді Абай об­лысы мәслихатының хатшысы Қуаныш Сүлейменов.

Қаңырап қараусыз жатыр

Өңір депутаттары Семейде қала­лық­тарға арналған демалыс орында­ры­ның жетіспейтінін мойындап отыр. Әсі­ресе балалар мен жастардың бос уа­қытын тиімді өткізуге мүмкіндік бе­­ре­­тін қоғамдық кеңістіктер жоқтың қасы.

«Егер де балалар жастайынан бел­сен­ді өмір салтын ұстанып спортқа ден қойса, одан мемлекеттің ұтары көп. Демек аурушаң ұрпақ аз болады. Бұл орайда іскер азаматтар бір емес бірнеше заманауи спорт орта­лығының құрылуына атсалысса екен деген тіле­гіміз бар», деді Қ.Сүлей­ме­нов.

Саябақтардың мәселесін жергілікті жас белсенді Жасұлан Құрманғалиев те көтерген болатын. Ол 343 квартал шағын ауданындағы бұрынғы Гайдар атын­дағы саябақты жаңғырту жөнін­дегі ұсынысын жеткізді.

«Кезінде Назарбаев зияткерлік мек­тебін салу үшін мұнда бүкіл сая­бақ­ты қиратты. Дәл осында жергі­лікті тұрғындардан бөлек қала қо­нақ­тары да келіп демалатын. Рас, сая­бақтың көркі кетіп тұрған еді. Бірақ бұл №8 бен №9 мектептің оқу­шы­­ларына спорттық іс-шаралар мен жа­рыстарды өткізуге кедергі кел­тір­­мейтін. Зияткерлік мектеп Қа­ра­­­ғайлыға көшірілгендіктен мұнда Эко­номикалық лицей орналасты. Енді бұл лицей мен Дене шынықтыру-сауықтыру кешені арасында шағын саябақты қалпына келтіретіндей аумақ тұр. Жергілікті халық кезінде жа­­­сыл желегімен ерекшеленген сая­бақ­­тан айырылған соң оның қазіргі қа­ңырап тұрған орнына мектептің жабық қоршауынан қарауға мәжбүр. Лицейде өздеріне тиесілі спортзал мен іргелес маңда жасыл алаң бар. Сондай-ақ Дене шынықтыру-сауық­ты­ру кешенінде де жаттығуға барлық жағдай жасалған. Оларға бұрынғы саябақ аумағының қажеті жоқ. Бұл әрқашан да бос жатады. Таяу маңдағы көз ауруларын емдейтін орталықта ескі субұрқақты қалпына келтіруге болады. Аталған саябақ не үшін қа­жет? Осы ауданда Силикат зауыты жұмыс істеп тұрғанын ескерсек, кә­сіп­­орыннан шығатын зиянды қал­дық­­­тан жергілікті халықты қорғау үшін жасыл аймақ болуға тиіс», деді Ж.Құрманғалиев.

Миллиардтар тиімсіз жұмсалған жоба

Селқостықтың салдарынан жұмыс істеп тұрған саябақтың қызметін жолға қоюдың өзі мұң болып тұр. Мәселе орталық саябаққа қатысты. Осыдан 3 жыл бұрын бұл нысан жөндеу жұмыстарына жабылып, жергілікті бюджеттен осы мақсатқа шамамен
1 млрд-тай теңге бөлінген еді. Мердігер ретінде «Еңбек Семей» таңдалған-ды. Бірақ жаңғырту жұмыстарын аяқтау мерзімі тақағанда, мердігер әкімдіктен қосымша ақша сұраса керек. Бұған жергілікті атқарушы билік үзілді-кесілді қарсылық танытқан. Тиісті құрылысты соңына дейін жет­кізу үшін жергілікті депутаттар қаланы сол кезде басқарған Нұрымбет Сақтағановтан қосымша 30 млн теңге бөлуді сұрапты. Десе де экс-әкім жоба­ға сәйкес қажетті сома бөлінгенін және бұл қаражаттың әр тиыны қалай игеріл­гені майшаммен тексерілетінін жеткізген болатын.

«Біріншіден, төселген тас төсем­ше­лерінің сапасы мен саны күмән тудырады. Мысалы, жобада 14 646 шаршы метрі төленуі керек деп көр­се­тілсе, өлшегенде – 13 мыңдай метрі анықталды. Яғни мыңдаған шаршы метр жеткіліксіз. Велосипедке арналған жол қарастырылмаған. Суа­ру жүйесінің қондырғысы жұмыс істемейді. Басқа да мәселелер бар. Осы­ның бәрін белгілеп, сотқа және қо­сымша құқық қорғау органдарына бе­ріліп отыр. Олар осы мәселемен айна­лысатын болады», деген еді қала­ның бұрынғы әкімі.

Сенімгерлік басқаруға беру ұсынылды

Өз алдына облыс болып, қала әкімшілік орталыққа айналғанда өңір басшылығына тағайындалған Нұрлан Ұранхаев бірінші кезекте осы саябақтың қызметімен таныс­ты. Жағдайдан хабардар болған облыс әкімі орталық саябақтың жұмы­сын жолға қою үшін оны бизнеске, сенімгерлік басқаруға беруді ұсынды. Өңір басшысының айтуынша, мұндай тәжірибе басқа қалаларда кең қол­да­ныста және өзін ақтап келеді.

«Кез келген жағдайда бизнес бұл жерді әлдеқайда жақсы дамытады деп ойлаймын. Әрине, саябаққа кіру ешқашан ақылы болмайды. Оған уәде беремін. Бұл мүмкін емес. Себебі бұл мемлекеттік жер, мемлекеттік сая­бақ. Сондықтан ақылы болмайды және жекеменшікке де берілмейді. Бас­қарушы компания тендер арқылы конкурстық негізде таңдалады», деді Н.Ұранхаев.

Тізбектей берсек, шаһарда қоғам­дық орындарға байланысты өзекті мәселе көп. Ертіс өзенінің қос жаға­лауы заманауи демалыс орнына сұ­ра­нып-ақ тұр. Десек те 2017-2018 жыл­дары аралығында сол жағалауда жүр­гізілген жаңғырту жұмыстары кө­ңіл көншітерліктей деп айту қиын. Ал оған шамамен 350 млн теңгедей қара­жат жұмсалса керек. Әсіресе кеш­кі уақыттағы жарық жүйелерінің са­па­сына байланысты мәселе аз емес. Қош, сонымен жаңадан құрылған облыс әкім­дігі жоғарыдағы қордаланған проблемаларды шешіп, еліміздің рухани орталығына баланған Семейдің көркіне жан бітеді деген үміттеміз.

 

СЕМЕЙ