Спорт • 08 Тамыз, 2022

Байрақты бәсеке жалауын көтереді

195 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін Түркияның Конья қала­сында V Ислам ынтымақ­тас­тығы ойындарының жалауы желбірейді. Бұл жарыста әлемнің 54 мемлекетінен келген төрт мыңнан аса спортшы бақ сынап, спорттың 23 түрінен барлығы 380 жүлде жиынтығын сарапқа салады. Бауырластар бәсекесінде Қазақстан құрамасы сапынан 125 спортшы өнер көрсетеді. Олар спорттың 16 түрі бойынша жүлделерге таласады.

Байрақты бәсеке жалауын көтереді

Дүйсенбі күні Алматыдағы «Алматы Арена» спорт кешенінде Қазақстан делегациясын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Іс-шараға Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов қатысып, ел құрамасына сәттілік тіледі.

«Бұл сапардың алдында жаттығулар, жарыстар, үлкен дайындық болды. Сіздер қазірдің өзінде жеңіске деген ерік-жігерді көрсетіп жүрсіздер. Енді Түркиядағы бауырластар бәсекесінде жоғары нәтиже көрсетіп, жанкүйерлер сенімін ақтайсыздар деген сенімдеміз», деді С.Ерғалиев.

Ойындардың ашылу салтанатында Қазақстанның Туын семсерлесуден 23 жасқа дейінгі Азия чемпионы Ерлік Сертай ұстап шығады.

Исламиада деген бейресми атауға ие болған Ислам ынтымақтастық ойындарының тарихына тоқталар болсақ, бұл бәсеке Ислам конференциясы ұйымының ұйытқы болуымен қолға алған бірегей жоба екенін айта кету ләзім. Бауырлас мұсылман ел­де­рін біріктіруге арналған ең алғашқы спорттық ойын 2005 жылдың 8-20 сәуір аралығында Сауд Арабиясының Мекке қаласында ұйымдастырылды. Сол жылы Қазақстан спортшылары тамаша нәтижеге қол жеткізіп, 27 жүлдемен (13 алтын, 8 кү­міс және 6 қола) жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды. Ал 24 алтын, 17 кү­міс және 19 қоланы олжалаған жарыс қожайындары командалық сында топ жарды. Екінші орынға Мысыр құрамасының спортшылары ие болды. Олар жалпы саны 42 (14+15+13) медаль жеңіп алды.

Екінші Ислам ынтымақтастық ойындары дәстүр бойынша 2009 жылы Иранның астанасы – Тегеранда өтуге тиіс-тін. Алайда ұйымдастырушы ел мәжбүрлі түрде ойындарды 2010 жылға шегерді. Бірақ кейіннен Иран мен Араб елдері арасындағы аздаған дау туындап, салдарынан аталған дода мүлде өтпей қалды. Сөйтіп, арада сегіз жыл өткенде, яғни 2013 жылы Исламиаданы Индонезия қабылдады.

Суматра аралының Палембанг қаласында өткен жарыста 47 елден келген 1 800 спортшы түрлі-түсті жүлделерді сарапқа салды. Ирандағы сайыс ұйымдастырылмай қалған соң жарыстың болашағына сенімсіздікпен қараған бірқатар елдің спортшысы Индо­незиядағы бәсекеге барудан бас тартты. Олардың қатарында Қазақстан ұлттық құрамасының өкілдері де болды. Сөйтіп, төртінші Исламиаданың жалпыкомандалық есебінде Индонезия спортшылары дара шықты. Жарыс қожайындары өз елінде өткен бәсекеде 29 алтын, 26 күміс, 23 қола медаль еншіледі. Мысыр спортшылары 24 алтын, 23 күміс, 26 қоламен бұл жолы да екінші орынға табан тіресе, Түркия (20+24+38) құрамасы үздік үштікті түйіндеді.

2017 жылғы Исламиаданың шымыл­ды­ғы бауырлас Әзербайжанның астана­сы – Баку қаласында түрілді. Төртінші рет ұйымдастырылған дүбірлі додада Қазақстан спортшылары да өнер көрсетуге бел буып, 32 саңлағымыз Бакуге аттанды. Жерлестеріміз спорттың бес түрінен, атап айтқанда, бокс, дзюдо, таэквондо WTF, еркін және қыз­дар күресі бойынша сынға түсті. Өкінішке қарай, Каспий теңізінің жағалауында өткен жарыста отандастарымыз өте нашар нәтиже көрсетті. 10 күнге жалғасқан жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстан спортшылары бар-жоғы екі алтын, бес күміс және 12 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 14-орыннан көрінді. Боксшыларымыз – Азат Махметов (52 кг) пен Тұрсынбай Құлахмет (75 кг) Бакуде Әнұранымызды шырқатпағанда, алтынсыз қалайын деп тұр екенбіз. Жалпыкомандалық есепте Әзербайжан спортшылары топ жарды. Олар жалпы саны 152 медаль (74 алтын, 46 күміс, 32 қола) жеңіп алды. Түркия (185 медаль – 68, 63, 54) және Иран (89 медаль – 30, 26, 33) спортшылары үздік үштікті түйіндеді.

9-18 тамыз аралығында Түркияның Конья қаласында жалауы желбірейтін жа­рыс негізі 2021 жылдың тамыз айын­да өтуге тиіс еді. Алайда жарысты ұйымдастырушылар Токио Олимпиадасына байланысты бәсекені бір айға кейін шегерді. Ал кейін Түркия билігі коронавирустың өршуіне байланысты Исламиаданы бір жылға кейінге қалдырды.

Байрақты бәсекенің шымылдығы рес­ми түрде бүгін түрілгенімен, вело­спорт­шылардың жарысы 5 тамыз күні бас­талып кетті. Алғашқы үш күннің қоры­тындысы бойынша велошабандоздар ел құрамасының қоржынына 3 алтын, 1 күміс, 3 қола жүлде салып үлгерді.

Атап айтар болсақ, велоспорттың трек түрінде Рината Сұлтанова 10 шақырым қашықтыққа жарыста топ жарса, үш шақы­рымдық жекелей сында да алдына жан салмады. Сонымен қатар Әлішер Жұмақан ерлер арасындағы жекелей сында (4 шақырым) жарыс жеңімпазы атанды. Дәл осы сында Әлішерден кейін жарыс жолын тағы бір отандасымыз Дмитрий Носков кесіп, күміс жүлдеге ие болды. Ал тректегі велоспортта (15 км) жарыста Ә.Жұмақан қолаға қол жеткізді. Сондай-ақ Янина Пащенко мен Марина Кузьмина да өз санаттары бойынша өткен жарыста мәре сызығын үшінші болып кесіп, қола жүлде жеңіп алды.

р