Технология • 08 Тамыз, 2022

Цифрлы даму: Жаңа бетбұрыс

497 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі­нің хабарлауынша, ел өңірлерін, соның ішінде шалғай елді мекендерді байланыспен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Енді байланыс спутниктері арқылы олардың қамту аймағы кеңейтіліп, сапасы жақсартылмақ. Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша да әлем елдері рейтингінде 6 саты көтерілгені белгілі болды.

Цифрлы даму: Жаңа бетбұрыс

Елдегі цифрлық жүйені дамыту, кең жолақты интернет пен байланыс аясын кеңейту мәселелері елордада өткен «Цифрлы Қазақстанға бетбұрыс» халықаралық форумында кеңінен талқыланды.

Форумның мақсаты – цифрлық даму саласындағы ұлттық жоспарды іске асыру және соның аясында Үкімет, байланыс операторлары және вендорлар арасындағы диалогты нығайту, сондай-ақ телекоммуникация саласының күрмеулі мәселелерін бірлесе шеше отырып, Қазақстанның цифрлық экономикасының дамуын жеделдету.

Форумға қатысқан сарапшылар инфрақұрылымды бірлесіп пайдалану тұжырымдамасын нормативті жолмен бекіту керегін және әмбебап көрсетілетін қызметтерді субсидиялау жүйесін қайта жаңғырту маңызды екенін баса айтты. Ұлттық операторды ішінара немесе толық жекешелендіру арқылы КЖҚ нарығындағы бәсекелестікті арттыру туралы мәселе де көтерілді.

«Кейінгі жылы министрлік байланыс операторларымен бірлесіп, «250+» бағдарламасы бойынша елді мекендерді байланыспен қамтамасыз ету үшін біраз шаруаның басын қайырды, енді байланыс спутниктері арқылы олардың қамту аймағын кеңейтіп, сапасын жақсартқымыз келеді. Сонымен қатар заңды же­тіл­діру бойынша нақты жұмыс атқа­рылды. Мәселен, байланыс операторлары электр бағаналарын пайдаланып, желілер салып жатыр. Бұл арқылы шалғай елді мекендер­ге интернет жеткізу процесі едәуір жылдам болады. Одан бөлек салыққа қатысты жеңілдіктерді де қарастырдық. Енді операторлар қаражатты салық төлеуге емес, желіні дамытуға жұмсай­тын болады», деп атап өтті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек.

Вице-министр 2024 жылы бүкіл Қазақстанда 5G қолжетімді болатынын да айта кетті. Оның дерегінше, қазіргі уақытта 5G технологиясы бірнеше қалада сынақ режімінде іске қосылған. Алдағы уақытта аукцион өткізу арқылы бірнеше локацияны қамту жоспарда бар. «5G-дің қазіргі нұсқасы бүкіл елді мекенді толықтай қамтуға мүмкіндік бермейді. Әзірше республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және Түркістан 5G желісімен қам­тылған. Енді басқа да елді мекендерді осындай желімен қамту үшін операторлармен локация бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы 5G енгізу трафик тұтынудың шамадан тыс өсімін азайтып қана қоймай, 4.0 ин­дустриясының, ақпараттық технологиялар мен ақылды технологияның дамуына алып келеді. Сондықтан мұндай заманауи технологиямен ел аумағы қамтылуы керек. Осыған байланысты нақты жұмыс жоспары дайын, ұстанымымыз да айқын», деді А.Оразбек.

Вице-министр еліміздегі интер­нет сапасын әлі жетілдіру керек­тігін атап өтті. Өйткені осыған қатысты ел тұрғындарының шағы­мы көп. Әсіресе Қарағанды, Ұлы­тау облыстары, Қостанай, Шы­ғыс Қазақстан, Түркістан облыста­рының кей жерлерінде байланыс тіптен әлсіз. Мұны вице-министр «өңірлердің географиялық беде­рінің күрделілігімен» түсіндірді. «Жер бедері күрделі болған кезде операторларға интернеттің қолда­ныстағы технологияларын жеткізу қиынға соғады. Сондықтан ол жерлерге интернет спутник арқылы беріледі», дейді ол. Оның сөзіне қара­ғанда спутниктен берілген интер­неттің сапасы нашар болады. Бірақ спутниктік технология 200 адамнан аспайтын шағын елді мекендерді сапасы жақсы интернетпен қамтамасыз етуге жеткілікті.

Сондай-ақ вице-министр байланыс операторларына байланысты да арыз-шағымдар көп екенін жеткізді. Оның айтуынша, былтыр интернет пен байланыс қызметін сапасыз көрсеткен операторларға 135 млн теңге айыппұл салынған.

«Жалпы, биыл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте Интер­нет­ке мобильді кеңжолақты қол­же­тім­ділікті сапасыз көрсеткені үшін айып­пұл көлемін арттырдық. Қазақ­стан­ның бүкіл аумағы бойын­ша са­паны тексеру бағытында да үлкен жұмыс атқарып жатырмыз. «Мем­ле­кет­тік радио жиілік қызметі» аза­мат­тардың шағымымен үнемі өңірлерге шығып тұрады. Мысалы, өткен жылы 500-ден астам тексеру жүргізілді. Азаматтардың шағымының басым бөлігі мобиль­ді желі арқылы интернетке қолже­тімділіктің нашарлығына байланысты болды», дейді А.Оразбек.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта азаматтардың арызы бойынша байланыс сапасының бұзылғаны анықталса, онда байланыс операторы 500 АЕК айыппұл төлейді. Ал бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл 1,5 мың АЕК дейін өседі.

Бұдан кейін сөз сөйлеген ТМД бойынша Халықаралық электр байланысы одағының өңірлік директоры Наталья Мочу 2030 жылға қарай жалпыға бірдей қолжетімді интернетті қамтамасыз ету үшін АКТ саласы үш негізгі міндетті орындауы тиіс екенін атап өтті. Оның бас­тысы, байланысты орнату мен пайда­ланудағы алшақтықты жою және жаппай кең жолақты интернетке қосылуды қамтамасыз ету.

«ТМД өңірі байланыс сапасы мен оны қамту бойынша алға жылжып келеді, алайда қала мен ауыл ара­сындағы цифрлы алшақтық әлі де бар. Бұл ретте гендерлі цифр­лы алшақтық ең төменгі деңгейде сақ­талып тұр. Осы мәселені ескеруіміз қажет. Жалпы, қазір интернет пайдаланушылар қатары күн санап артып келеді. Тіпті егде адамдардың арасында да интернетті қолданушылар қатары көбейген», дейді Наталья Мочу.

Қазақстан бойынша МӘС де­рек­­теріне шолу жасау арқылы на­рық­­тың дамығанын, оның өсім дең­­­гейін кө­руге болады. Дегенмен инфра­құры­лым­ды әрі қарай дамыту үшін инвес­тиция керек, сондай-ақ реттеуші сая­сат пен халық арасында цифрлы дағ­ды­ларды дамыту бойынша қосымша шаралар да қолға алынғаны жөн.

Спикерлер атап өткендей, Қазақ­стандағы АКТ саласы қызмет­кер­лерінің және кеңжолақты байланыс операторларының алдында Қазақ­стан халқын сапалы интернетпен қамтамасыз ету бойынша ауқымды міндеттер тұр. Қазіргі кезеңде осы міндетті орындау үшін қолда бар ресурстарды жан-жақты қарастыру керек, дейді мамандар.