Экономика • 08 Тамыз, 2022

Консорциум мүмкіндігі тағы төмендеді

511 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біраз уақыт тынышталғандай көрінген КТК қаупі қайта бас көтерді. КТК деп отырғанымыз – мұнай экспорттаудағы біздің басты маршрутымыз болып саналатын Каспий құбыр консорциумы. Бұл құбыр жыл басынан бері бірнеше рет істен шықты. Бірінде – дауыл, бірінде – мина іздеу, ал бірінде жөндеу жұмыстары себеп болғанымен, сарапшылар соның бәрінде саяси мүдде басым екенін айтады. Консорциумның мұнай тиеу мүмкіндігі тағы төмендеді.

Консорциум мүмкіндігі тағы төмендеді

Бұл жолы Қашағандағы өндірістің тоқтауына және Теңіз кен орнындағы жөндеу жұмыстарына байланысты Теңіз-Новороссийск құбыр желісі бойынша мұнай айдау көлемі төмендеген.

«Қазақстандағы Теңіз кен орнындағы жөндеу жұмыстарына байланысты КТК құбыр желісі жүйесінің бас учаскесіндегі («Теңіз» мұнай айдау стансасы) жөндеу жұ­мыстарына байланысты кен орнынан мұнай қабылдау төмендетілген режімде жүзеге асырылып жатыр. Сон­дай-ақ Қашаған кен орнындағы мұнай өндірісінің төмендеуіне байланысты  КТК құбыр желісі жүйесіне мұнай қабылдау көлемі азайды. Бұл факторлар Теңіз-Новороссийск құбыр жүйесі арқылы айдалатын мұнайдың жалпы көлемінің айтарлықтай төмендеуіне әкелді», делінген КТК-нің ресми хабарламасында.

Теңіз кен орнындағы жөндеу жұ­мыстары 1 тамызда басталған және

1 қыркүйекке дейін жалғасады. Сол себепті тәуліктік өндіріс әдеттегі 81 мың тоннадан 65,7 мың тоннаға төмендеген. Сонда 32 күнде 480 мың тонна мұнай тиел­мей қалады.

Сарапшылардың айтуына қарағанда, Қашаған кен орнының «Болашақ» зауытында құрылғылардың бірінен жарық табылып, бұл өндірістің төмендеуіне әкеліп соққан. Негізі Қашағанның тәуліктік өндірісі 400 мың баррельді құрайды. Телеграмдағы Energy Monitor сарапшыларының пайымдауынша, бұл – әжептәуір көлем. «Мысалы, екі күн бұрын ғана ОПЕК+ қыркүйекте мұнай өндірісін тәулігіне 100 мың баррельге ұлғайту туралы шешім қабылдады. Бұл Қашағанның өндірісінен 4 есе төмен», деп жазады олар.

Қашаған кен орнының операторы болған жағдайға орай пікір білдірген.

«NCOC компаниясы, Солтүстік-Каспий жобасы (құрамына Қашаған, Қайран және Ақтоты дейтін үш кен орны кіреді – ред.) операторы 2022 жылдың 3 тамызында өндіріс орнында газдың шығып кету белгілерінің анықталуына байланыс­ты «Болашақ» кешенінің мұнай-газ өңдеу зауытын қауіпсіз тоқтату жүргізілгенін растайды. Стандартты тәртіпке сәйкес, өндіріс орындарында газ датчиктері іске қосылғаннан кейін алау жүйесінің қысымы жойылды. Аталған оқиға адамдардың денсаулығына зиян келтірмеді. Батыс Ескенедегі ауа сапасын бақылау стансалары ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан аспағанын тіркеді», делінген NCOC («Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.») баспасөз қызметінің хабарламасында.

Energy Monitor дерегі бойынша биыл

1 тамыздан бері Қазақстанда мұнай өндірісі тәулігіне 13-15 мың тоннаға азайған. КТК бойынша мұнай айдау жұмыстары алдағы бір жарым ай көлемінде де реттелмейтін секілді. Өйткені қыркүйектің 12-сінен бастап қазанның 6-сына дейінгі аралықта толықтай күрделі жөндеуден өткізілуіне байланысты Қарашығанақ кен орны да өндірісті тоқтатпақ.

КТК тәуекелі мұнымен де бітпейтін сияқты. «Теңізшевройл» ЖШС-ның 25 пайызына иелік ететін америкалық ExxonMobil компаниясы келешекте Ресейге тағы салынуы мүмкін санкциядан қауіп қылып отырған көрінеді.

«Украинадағы әскери операцияларға байланысты қолданыстағы санкцияларды кеңейту, Ресей Федерациясының қарсы шараларды қолдануы немесе басқа тікелей немесе жанама әсерлердің туындауы жағ­дайында КТК құбыр желісі бойынша Қазақстаннан мұнай тасымалдау үзіліп қалуы, қысқаруы немесе уақытша шек­теліп қалуы ықтимал. Ондай жағдайда кор­порация шығынға батады», делінген ком­панияның АҚШ биржасы мен құнды қағаз­дары бойынша комиссияға арналған есебінде.

Онда 2022 жылдың бірінші жартысында Қазақстанда орналасқан активтері корпорацияға 1,5 млрд доллар көлемінде табыс әкелгені айтылады. Бұл бойынша тәуліктік өндіріс көлемі шамамен 250 мың мұнай эквивалентінің баррелін құраған. Айта кетейік, ExxonMobil Қазақстандағы Теңіз және Королев кен орындарының жұмысын басқаратын «Теңізшевройл» ЖШС-ның 25 пайыз акциясына, сонымен бірге Қашаған кен орнының 16,8 пайыз акциясына ие.

Қаржы сарапшысы Андрей Чебо­таревтің айтуынша, егер жаһанға әйгілі ExxonMobil-дың өзі ықтимал тәуекелді ойлап тартынып тұрса, демек КТК-нің келешегі бұлыңғыр деген сөз. Жақын болашақта Батыс елдері КТК мұнайынан бас тартуы мүмкін, екінші мүмкін нұсқа – КТК-ні Ресейдің өзі істен шығарады. Соғыс қаншалықты ұзаққа созылған сайы­н тәуекел де соғұрлым арта түседі дейді сарапшылар.