Теннис • 09 Тамыз, 2022

Үздік төрттіктің қатарында

184 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Чехияның Простеев қаласында өткен теннистен 14 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионаты мәресіне жетіп, Қазақстан жасөспірімдері үздік төрт құраманың қатарынан көрінді.

Үздік төрттіктің қатарында

Қазақстандық жасөспірім теннисшілер әлем чемпионатына алғаш рет қатысып тұрғанына қарамастан, әлемдегі ең үздік құрамалармен терезесі тең дәрежеде өнер көрсетті. Топтық кезеңінде Аргентина мен Италия құрамаларын, ширек финалда Словения теннисшілерінен басым түскен жерлестеріміз жартылай финалда Германиядан айласын асыра алмады. Сөйтіп, қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Өкінішке қарай, үшінші орын үшін өткен матчта қазақстандық жасөспірімдер әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері АҚШ теннисшілерінен жеңіліп қалды.

Бірінші кездесуде Дамир Жалғасбай Джек Кеннедиге есе жіберсе (3:6, 3:6), содан кейін Заңғар Нұрланұлы Китон Хансені 6:3, 4:6, 6:2 есебімен тізе бүктіріп, таразы басын теңестірді. Шешуші, жұптық сында Даниэль Тазабеков пен Дамир Жалғасбай Кеннеди – Хансе жұбынан айласын асыра алмады – 4:6, 3:6. Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы алғашқы әлем чемпионатында төртінші орынға табан тіреді.