Кино • 09 Тамыз, 2022

Бішкекте қазақ кинолары көрсетілді

348 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қырғызстан астанасы Бішкекте қазақ киносының күндері өтті. Көрермен назарына Болат Қалымбетовтің «Мұқағали» және Айжан Қасымбектің «От» фильмдері ұсынылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бішкекте қазақ кинолары көрсетілді

«Қазақстандық фильмдерді біздің елде көрсетуге әрқашан дайынбыз. Қазақтың туындылары абыройлы халықаралық кинофестивальдерде жеңіске жеткенде де шынайы қуанамыз. Біздің тарап серіктестікке ашық және жақын арада Қазақстанда қырғыз киносының күндерін өткізуді жоспарлап отырмыз», деді Т.Өкеев атындағы «Қырғызфильм» ұлттық киностудиясының директоры Ақжол Бекболотов.

Қазақ киносының күндері аясында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы халықаралық бөлімінің басшысы Әсел Ырыс, режиссер Болат Қалымбетов, продюсер Диана Ашимова, актер Төлепберген Байсақалов және тағы басқа да делегация мүшелері Ш.Айтматов атындағы Кино үйінде болды. Онда Орталықтың қызметі таныстырылып, соңынан дөңгелек үстел де өткізілді. Ал, кешке көрермен қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың өмірінің соңғы жылдарын көрсететін «Мұқағали» фильмін тамашалады.

«Соңғы жылдары Орталық Азиялық кино жайлы ақпараттың аздығы сезіледі. Бірақ біз, қырғыз кинематографистері өзбек, тәжік, түрікмен және қазақ киносын тамашалап, әріптестеріміздің жаңалықтарын біліп, бірлескен жобаларды ойластыруымыз керек. Бұл көрермендер үшін де маңызды», деді қырғыз режиссері Артык Суюндуков.

6 тамызда қазақстандық делегация қырғыз әріптестерімен бірге Қырғызстанның Ұлттық тарихи мұражайында болды. Сол күні кешке Кино күндерінің жабылу салтанаты өтіп, Айжан Қасымбектің «От» фильмі көрсетілді. Киносүйер қауым картинаны жылы қабылдады және фильмде баяндалатын оқиға баршаға ортақ екенін атап өтті.

5-6 тамыз аралығында өткен қазақ киносы күндерін Қазақстанның Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы және Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі кинематография департаменті ұйымдастырды.