Жалпы, аталған қос өнер ұжымы арасында достық әрі шығармашылық байланыс қалыптасқанын байқаймыз. Өйткені «Астана Опера» театры биылғы маусымда алғаш рет Түркістанда гастрольдік сапармен болып, музыкалық драма театрдың сахнасында XX ғасыр жауһары – Н.А.Римский-Корсаковтың музыкасына қойылған айтулы хореограф М.Фокиннің «Шехеразада» балетін және балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратованың авторлық гала-бағдарламасын көрсетті.
«Міне, енді араға екі ай салып біздің театрымызда Түркістан театры әртістерінің өнер көрсететініне қуанып отырмыз. Әріптестеріміздің өнерін елордалық жұртшылық жоғары бағалайтынына сенімдімін, – дейді «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.
Түркістан музыкалық драма театрының құрылғанына көп уақыт болмаса да, аз мерзім ішінде аталған өнер ұжымы мазмұнды қойылымдарымен көрермен ықыласына ие болды.
– Бұл Нұр-Сұлтанға екінші гастрольдік сапарымыз, оған дейін біз Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында елордалықтарға жазушы Дулат Исабековтің «Бөрте» тарихи драмасын қойдық. Енді «Астана Операның» тамаша сахнасында өнер көрсету біз үшін үлкен мәртебе. Барша көрерменді 27-28 тамызда заманауи би мен операны біріктірген «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклінде жас театрдың өнерін бағалауға шақырамыз, – дейді Түркістан музыкалық драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова.
Белгілі драматургтің «Қорқыт туралы аңыз» спектаклінде аты аңызға айналған алып тұлғаның өмірі туралы айтылады. Қорқыт ата қара ағаштан ойып қобыз жасап, айналасын киелі аспап үнімен әлдилегісі келеді. Алайда қобызшының өмірі түрлі қиындыққа кез болып, бірде көрген түсінен шошып, өлімнен қашады. Жерұйық мекен іздейді. Ақыры неше түрлі қиын жолдан өтіп, туған жеріне оралады. Қысқасы, қойылымда ізгілік пен жасампаздық нұрын шашқан Қорқыт пен жер бетін араздық алаңына айналдырғысы келген сиқыршы Мартудың арасындағы мәңгілік қақтығыс заманауи хореография тілімен әсерлі бейнеленеді.