Қаржы • 09 Тамыз, 2022

Микрокредит тұзағына түспес үшін...

840 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Микроқаржы ұйымдарының әлеуеті біртіндеп көтеріліп келе жатыр. Олар­дың несие мақұлдаудағы қолайлы сервисі әсіресе бизнес өкілдерін ерекше қы­зықтырады. Дегенмен несиенің мұндай түрін рәсімдеу кезінде ескеру керек бірнеше фактор бар. Өйткені МҚҰ-лардың атын жамылып қарапайым тұтынушыны тақырға отырғызатын алаяқтар өте көп.

Микрокредит тұзағына түспес үшін...

Осы ретте МҚҰ-лардың адалдығын айғақтауға көмек беретін бес негізгі қадамды атап көрсеткен жөн. Біріншісі – ұйымның лицензиясын тексеру. Оны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арқылы (оның ресми сайты арқылы да) анықтауға болады. Агенттік рұқсатын алмаған МҚҰ қызметін пайдалануға, ондай компаниялар ұсынатын бөліп төлеу қызметтерін тұтынуға, несиелерін рәсімдеуге болмайды. Екінші қадам – микронесиені ұсыну туралы келісімшартпен мұқият танысу. МҚҰ-лардың тұтынушыдан қандай да бір комиссия ұстауға, азаматтың еркінен тыс қосымша қызметтер таңуға (микронесие сомасынан ұсталып қалатындай етіп) құқы жоқ. Үшіншісі – сыйақы мөлшерлемесіне назар аудару. «Микроқаржылық қызмет туралы» заңға сәйкес МҚҰ микронесиенің 2 түрін ұсына алады:

1) жеке және (немесе) заңды тұлғаларға рес­публикалық бюджет туралы заңда тиісті қар­жы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 20 мың мөлшерінен аспайтын мөлшерде, қамтамасыз етілетін не қамтамасыз етілмейтін микрокредит;

2) жеке тұлғаларға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген, 50 АЕК аспайтын сомаға, күнтізбелік 45 күнге дейінгі мерзімге берілетін микрокредиттер.

Микрокредиттің бірінші түрі бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі (ЖТСМ) жылына 56%-дан аспайды. Ал бірқатар талапты ескере отырып, заң бойынша микро­кредиттердің екінші түріне ЖТСМ-нің 56%-ы мөлшері туралы талап қолданылмайды.

Төртінші қадам – микрокредит бойынша төлемдерді кешіктіру несімен қауіп төнді­ретінін зерделеу. Ай сайынғы несие төлемі мерзімін өткізіп алу туындаған жағдайда микро­қаржы ұйымынан жасырынуға болмайды. Микро­кредиттерді өтеуде қиындық көріп отырған қарыз алушылардың құқықтарын қорғау үшін 2021 жылғы 1 қазаннан бастап азаматтардың мерзімі өткен берешектерін кредиттік ұйымдар үшін міндетті реттеу тетігі заңнамалық түрде енгізілді.

«Проблемалық берешекті шешу, реттеу рәсімін бастау үшін сіз кредиторға тиісті өтініш­пен жүгінуіңіз қажет. Өтініште қолда бар растайтын құжаттарды қоса бере отырып, аты-жөнін, ЖСН, байланыс деректерін, микрокредит туралы мәліметтерді, мерзімін өткізіп алу себептерін көрсету қажет. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін өтініштер жазбаша да, қашықтан да, яғни МҚҰ бөлімшелеріне бармай-ақ ресми интернет-ресурс­тар және кредитордың электрондық поштасы арқылы беріле алады. Өтінішті және растайтын құжаттарды алған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде МҚҰ борышкердің қаржылық және әлеуметтік жағдайын жеке-жеке талдайды. Көрсетілген мерзімде сізге кредитордың қарызды қайта құрылымдаумен келісетіні туралы хабарлануы тиіс», делінген Fingramota кеңесінде.

Бесінші қадам – клиент өз құқығын қорғау мақсатында қаржы реттеушісіне жүгіне алады. Жүгінудің де бірнеше нұсқасы бар. Өз шағымыңызды egov.kz электронды порталы, eOtinish электронды сервисі арқылы және 1459 нөмірі арқылы жолдауға болады. Сондай-ақ «Fingramota Online» мобильді қосымшасы арқылы консультация алу мүмкіндігі де бар.

2022 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойын­ша МҚҰ-лар берген несие көлемі 916 млрд теңгеден асқан. Жылдың басымен салыстырғанда көр­сеткіш 125,8 млрд теңгеге немесе 15,9 пайызға өскен. Негізгі қарыз алушылар – жеке тұл­ғалар.