Әлем • 09 Тамыз, 2022

Израиль мен Палестина мәмілеге келді

754 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Израиль мен Палестинаның «Исламдық жиһад» ұйымы арасында бір жылдан астам уақыттан бері Газада тұтанған ең ауыр қақтығыс тоқтады. Екі тараптың ортақ ұстанымға келуіне Мысыр мемлекеті мұрындық болды. Израиль Ұлттық қоғамдық дипломатия төрағасының жазбаша мәлімдемесінде атыс­ты тоқтату туралы келісім жексенбі күні жергілікті уақыт бойынша 23.30-дан бастап күшіне енгені жарияланды.

Израиль мен Палестина мәмілеге келді

Израиль Ұлттық қоғамдық диплома­тиясының төрағасы Мысырға тараптарды бітімгершілікке шақырғаны үшін алғыс білдіріп, «Израиль атысты тоқтату келісімін бұзған жағдайда қатаң жауап беру құқығын сақтайтынын» алға тартты.

Израиль премьер-министрі Яир Лапид жексенбі күні кешке елдің оңтүстік басшыларымен кездесуде «Мақсаттарға қол жеткізілді, операцияны жалғастырудың қажеті жоқ» деді.

Естеріңізге сала кетейік, Израиль жұма күні «Таңсәрі» операциясын бастап, Газа­ның солтүстігіндегі әл-Құдс бригадасы командирлерінің бірі Тай­сир әл-Джабариді зымыраннан жасалған соққы арқылы өлтірді. Опе­рацияның екінші күні Газадағы оңтүстік майданға жауапты әл-Құдс брига­даларының қолбасшысы Халед Мансурдың көзі жойылғанын хабарлады. Израиль қорғаныс күштерінің мәліметінше, операцияның үш күнінде жүзден астам «Исламдық жиһад» ұйымы нысанасына соққы берілген. Сонымен қатар израильдіктер Газа секторының солтүстігіндегі Джабалияда бес баланың өліміне қатысты жауапкершіліктен босап кеткенін палестиналық басылымдар ашына жазды. Израиль «балалардың қайғылы өлімі» «Исламдық жиһад» ұйы­мының зымыранды сәтсіз ұшыруынан деп мәлімдеді. Jerusalem Post газетінің мәліметінше, Израильге 950-ден астам зымыран атқыланған. Олардың 200-ге жуығы Газа секторының аумағына құлаған.

 Израильдің әуе шабуылдары 56 сағатқа созылып, шабуыл салдарынан 44 адам, оның ішінде 15 бала мен 4 әйел көз жұмып, жалпы саны 300-ден астам палестиналық жараланған. Ал Израиль тарапынан зардап шеккендер жоқ.

Израиль өз әрекетін Иран қолдайтын «Исламдық жиһад» ұйымының ұлттық қауіпсіздікке қатер келтіретін шабуылына қарсы алдын ала жасалған соққы деп ақталды. Сондай-ақ қақтығыс кезінде палестиналық тарап Израильге мыңнан астам зымыран атқылағанын, ал елдің оңтүстік бөлігі мен Тель-Авив сияқты ірі қалалардың тұрғындары бункерлерге қонғанын атап өтті.

«Исламдық жиһад» ұйымының жетек­шісі Зияд әл-Нахала атысты тоқтат­қан­нан кейін «Әл-Маядин» телеарнасынан берілген баспасөз мәслихатында: «Бұл жеңіс» деп қуана хабарлады.

Израиль ресми өкілдерінің хабарлауынша, әуе операциясында «Исламдық жиһад» ұйымының екі қолбасшысымен қоса 20-ға жуық жауынгер қаза тапқан, көптеген әскери танк, қару-жарақ пен зымыран өндірісі және сақтау орындары жойылған.

«Біз «Исламдық жиһадты» жойған жоқпыз және бұл біздің мақсатымыз емес», деді Израильдің ресми өкілі. Сон­дай-ақ ол осы қақтығыс барысында «Израиль­дің барлау және әскери опера­циялық мүмкіндіктерінің деңгейіне бәрін таңғалдырдық», деді.

Ал Газадағы «Исламдық жиһад» ұйымының өкілі бұл топтың басшы­лығы соғыс барысында шығынға ұшыра­ғанымен, Израильге шарттар қойып, бірлік пен келісімді сақтай алғанын айтты. «Дұшпандарымыз «Исламдық жиһадты» тоқтатуды соғыс мақсатына айналдырды, бірақ бұл алдамшы мақсат жүзеге аспады», деді топ өкілі.

Қақтығыстың өршіп кетуін түсінген Израиль Газаны бақылайтын әлдеқай­да үлкен және қауқарлы «Хамас» содыр­ларының соғысқа араласуынан қауіптеніп, «Исламдық жиһад» ұйымымен бір мә­мілеге келуге шешім қабылдады.

2021 жылдың мамырында Израиль мен «Хамас» тобы арасында 250 газалық қаза тапқан және аймақтың экономикасын күйреткен 11 күндік соғыс болды. Аталған қақтығыстан кейін «Хамас» өзінің одақтасы «Исламдық жиһадқа» бел­гілі бір деңгейде ауызша түрде қолдау көрсетіп отырды. Алайда бұл жолы «Исламдық жиһадты» қақтығыста Израильмен бетпе-бет қалдырып, шай­қасқа араласпауды жөн көрді. Алайда «Хамас» ұйымы Израиль операциясы созылып, құрбандар саны арта берсе, олар «Исламдық жиһадқа»» қосылуға мәжбүр болатынын айтқан болатын.

Газадағы атысты тоқтату келісімінен кейін Израиль таңертең Газа секторына салған бөгеттерді алып, жанармай таситын көліктердің кіруіне рұқсат берді. Осылайша екі ел арасындағы шекара қақпалары қайта ашылды. Шекараның ашылуы Газадағы жалғыз электр стан­сасын қуаттандыруға мүмкіндік берді, бұл осыған дейін үлкен мәселе бол­ған Газадағы электр қуатының қолже­тім­ді­лігін арттырды. Сондай-ақ екі тарап­тың атысты тоқтату келісімі күшіне енгеннен кейін Газа көшелерінде мерекелік шаралар ұйымдастырылғаны хабарланды.

Оқиғаға қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутер­риш өз пікірін білдірді. «Тек келіссөздер арқылы жүзеге асырылатын тұрақты сая­си шешім ғана зорлық-зомбылықты түпкілікті тоқтатады және бұл шешім палестиналықтар мен израильдіктер үшін бейбіт болашақтың кепілі», деді Антониу Гутерриш.

Ол өз сөзінде Газа мен Израильдің атыс­­ты тоқтату туралы келісімге келге­ніне қуанышты екенін айтты. Сондай-ақ Бас хатшы Газаға жасалған әуе шабуыл­дары мен Израильге атылған зымы­ран­дардың салдарынан қаза тапқандар мен жаралан­ғандардың арасында балалар да болғанына қайғырғанын тілге тиек етті.