Биыл екінші жыл қатарынан өткізіліп жатқан жарыста қазақстандық каноэші Әнуар Акчурин да өнер көрсетіп, толайым табысқа қол жеткізді. Ол былтырғы АҚШ ашық біріншілігіне де қатысып, бір алтын және төрт күміс медаль олжалап, үздіктер қатарынан көрінген болатын. Биылғы жарыс та отандасымыз үшін табысты аяқталды. Жерлесіміз бұл жолы екі қашықтық бойынша жарыстың бас жүлдесін жеңіп алды. Сондай-ақ бір мәрте мәреге екінші жетіп, күміспен күптелді.
Атап айтар болсақ, 200 метр қашықтыққа жарысуда Әнуар Акчурин АҚШ спортшысы Гэвин Росспен бірге жұп құрап, жарыс жеңімпазы атанды.
Ал 500 метрге төрттік каноэ есуде тағы да АҚШ спортшыларымен бірге алдына жан салмаса, 200 метр қашықтыққа жекелей жарыста екінші болды.
22 жастағы отандасымыз – елордадағы №4 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің (байдарка мен каноэ есу секциясы) түлегі. Спорттың бұл түрімен 2011 жылдан бері айналысып келе жатқан отандасымыз 2017-2019 жылдары 1 000, 500 және 200 метр қашықтықтарда Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері атанып, 2016 жылы Өзбекстанда өткен жастар арасындағы Азия кубогында топ жарған. Сондай-ақ ол бірқатар халықаралық турнирде ел қоржынына жүлде салған. Атап айтқанда, Әнуар 2018 жылы Словакияның Пиштань қаласында ұйымдастырылған халықаралық турнирде 200 метрге есуде бірінші орын алса, дәл сол жылы Болгарияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдесін олжалады. Сонымен қатар ол 500, 200 метр қашықтықта Азияның екі дүркін жеңімпазы атанған.
Байдарка мен каноэ есу бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген атағы бар Әнуар Акчурин бұл күндері АҚШ-тың Florida Institute of Technology университетінде білім алады.