Теннис • 10 Тамыз, 2022

Жас теннисшілер жарады

262 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен аптада қазақстандық теннисшілер Өзбекстан, Оңтүстік Африка Республикасы, Германия және тағы басқа мемлекеттерде ұйымдастырылған бірнеше халықаралық турнирде өнер көрсетіп, жарыс жеңімпаздары атанды.

Жас теннисшілер жарады

Өзбекстанда өткен 18 жас­қа дейінгі теннисшілер ара­сындағы үшінші санаттағы ITF турнирінде қазақстандық Асылжан Арыстанбекова мен Айя Нұпбай топ жарды. Айя мен Асылжан жұптық сында бақ сынап, финалда тағы бір қазақстандық Әдемі Аманкелді мен ресейлік Виктория Мило­ванова жұбын ұтты – 6:4, 6:7 (5:7), 10:7. Осылайша, қазақстандық дуэт өз спорттық жолында же­тінші, биылғы бесінші титулына қол жеткізді.

Сондай-ақ Оңтүстік Афри­ка Республикасында бірінші са­нат­тағы ITF Juniors жарысы аяқ­талды. Мұнда Жанель Рүс­темова жұптық сында фи­налға де­йін жетіп, эстония­лық Элизабет Лиламен бірге соң­ғы бәсекеде доданың екінші ра­кеткалары ұлыбританиялық Элла Макдональд пен италиялық Анна Парадисиге жол берді – 1:6, 3:6.

Бұдан бөлек, қазақстандық жас теннисшілер 14 және 12 жасқа дейінгілер арасында Tennis Europe сайыстарында да табысты өнер көрсетті. Германияның Аусбург қаласында ұйымдастырылған Bavarian Junior Open (U14) жарысында Софья Исакова жұптық сында украиналық Анастасия Сорскамен бірге финалда ис­паниялық Вега Фернандес пен чехиялық Ванесса Свободоваға есе жіберді – 3:6, 6:4, 4:10. Жекелей сында С.Исакова жартылай финалға дейін жетті.

Ал Белградта 12 жасқа де­йінгілер арасындағы жарыста Гиорги Брегвадзе іріктеу са­йыстарынан бастап негізгі додада сербиялық, германиялық, израильдік қарсыластарын тізе бүктірді. Ширек финалда фран­циялық теннисшіден айласын асырды – 6:2, 7:6. Тек жартылай финалда ресейлік Тимур Гордеевтен ұтылып қалды. Ал жұптық сында дәл осы ресейлік Т.Гордеевпен бірге жұп құрап, финалда словениялық-македониялық дуэттен жеңілді – 2:6, 7:6 (7:2), 0:10. Осы жарыстың қыздар бәсекесінде Линара Бөлешева мен Софья Кирова финалда супер тай-брейкте ғана ресейліктерге есе жіберді – 6:4, 6:7 (2:7), 8:10.

Ал бірер күн бұрын Өске­менде әйелдер арасындағы ITF World Tennis Tour W25 турнирі басталды. Жүлде қоры 25 мың АҚШ долларына бағаланған жарыстың іріктеу сатысында өскемендік Мәлика Әмірғалиева тамаша өнер көрсетті. Мә­лика WTA рейтингінде жоқ­ты­­ғына қарамастан, іріктеу са­йыстарының финалында әлемнің 1990-ракеткасы ресейлік 18 жастағы Николь Мишиевадан 6:1, 6:4 есебімен басым түсті. Сөйтіп, негізгі кезеңге жолдама алды. Осылайша, Kazzinc Open жарысында бес бірдей қазақстандық спортшы, атап айтқанда Жібек Құламбаева, Гөзал Айнитдинова, Мария Синицына (уайлд кард), Татьяна Николенко (уайлд кард) және Мәлика Әмірғалиева бақ сынайтын болды.