Теннис • 10 Тамыз, 2022

Торонтода табысқа жете ала ма?

160 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Теннистен Қазақстанның бірінші, әлемнің 27-ракеткасы Елена Рыбакина Канаданың Торонто қаласында жалауы желбіреген WTA 1000 турнирін жеңіспен бастады.

Торонтода табысқа жете ала ма?

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 47-ракеткасы чехиялық Мария Боузковамен шеберлік байқасты. Кездесудің бірінші партиясында Рыбакина басым болды – 7:5. Екінші сетте таразы басы ұзақ уақыт теңселіп тұрды. Таблодағы көрсеткіш 5:5 болған мезетте М.Боузкова брейк жасағанымен (6:5), Елена 12 геймде таразы басын қайта теңестірді – 6:6. Алайда тай-брейк Боузкованың пайдасына шешілді – 7:6 (7:3). Үшінші, шешуші партияны қазақстандық теннисші брейкпен бастады – 1:0. Матч соңына дейін қарқынын бір сәтке де бәсеңдетпеген отандасымыз 6:1 есебімен жеңіске жетті. Елена екінші айналымда америкалықтар Кори Гауфф немесе Мэдисон Бренглдің бірімен кездеседі.

Сондай-ақ Торонтодағы турнирге қатысып жатқан тағы бір жерлесіміз Юлия Путинцева да екінші айналымға жолдама алды. Бірінші айналымда ол дүниежүзілік рейтингте 299-орында тұрған канадалық Кэтрин Себовпен шеберлік байқасып, үш сетте – 3:6, 6:2, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Юлия екінші айналымда испаниялық Паула Бадосамен кездеседі..