Бұған дейінгі Кеден одағы да, Біртұтас экономикалық кеңістік те, түптеп келгенде, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) құрылуының алғышарты болып қала бермек. Бейнелеп айтқанда, ЕЭО тақыр жерден пайда бола қалмайды. Бұл осы мемлекетаралық құрылымдар арқылы тамыр тартып, жапырақ жаяды. Соның ішінде сыртқы сауда айналымын жүйелі жолға қоюда кеден органдарына жүктелген жауапкершілік жоғары. Иә, Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасында Кеден одағы құрылған кезде өзара тауар айналымы еш мүлтіксіз бірден жақсарып сала берді десек, сәл артықтау кетерміз. Алғашқы кезде бұл істе іркілістер мен кедергілер кездескені анық. Алайда, сарапшы мамандардың мәлімдеуінше, ЕЭО-ның құрылуымен бірге бұл кемшіліктер толығымен жойылуға тиіс. Мұндай оң өзгерістер кеден органдарынан да жинақылық пен жаңашылдықты талап етеді. Батыс Қазақстан облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің басшысы Ерлан КЕРІМОВПЕН әңгіме осындай бағытта өрбіді.
– Ерлан Қалимоллаұлы, алдағы маусым айында бұдан жиырма жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей астанасында, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде айтқан Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі идеясы нақты іске айналып, оны құру жөніндегі келісімге қол қойылмақ? Бұған не дейсіз?
– Мен саясаткер де, экономист-ғалым да емеспін. Бар болғаны республиканың бір өңіріндегі кедендік бақылау департаментінің басшысы ғанамын. Сондықтан бұл сұрағыңызға қысқаша жауап бергенді жөн көремін. Менің түсінігімде Еуразиялық экономикалық одақтың іргетасы негізінен Кеден одағы арқылы қаланбақ. Немесе бұл ойымды екінші балама көзқараспен түйіндесем, кеден – ЕЭО-ның ізашары болып табылады.
– Ендеше, осындай жауапты кезеңде кеден органдарының алдында қандай жауапты міндеттер тұр деп санайсыз?
– Еуразиялық экономикалық одақ құрылған жағдайда кеден органдарының қызметі де жаңа сапалық мәнге ие болмақ. Мұнда әсіресе, экспорт пен импорттың ара салмағын таразыға тартып отырудың орны бөлек деп есептеймін. ЕЭО жағдайында басты мақсатымызды экспортқа шығарылатын отандық өнімдер көлемін көтеруге бағыттай алсақ тек ұтар едік. Осындай өміршең көзқарас пен сындарлы сипат арқылы еліміздің сауда-экономикалық әлеуетін де соғұрлым салмақтандыра түсуге болатыны аян.
Мұндай мемлекеттік мәселенің оң мысалдары көбейе түсуіне республиканың шекаралас өңірлеріндегі кедендік бақылау департаменттері де өз үлестерін қоса алады. Біз сыртқы сауда айналымындағы импорт пен экспорттың үлесі мен көлеміне қатысты тиісті талдаулар мен сараптамалар жүргізу ісін тәжірибеге енгіздік. Бұл деректер экспорт көлемі жыл сайын өсіп келе жатқанын көрсетеді. Бұған дейінгі жетістіктер ешқайда қашпайды ғой. Сондықтан оның бәрін жіпке тізіп айта бергенді қажет деп таппай отырмын.
– Соңғы жылдары қазақстандық кеден органдары қызметінде болған құрылымдық өзгерістерге қатысты не айтар едіңіз?
– Иә, мұндай құрылымдық өзгерістер бірінші кезекте Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасындағы Кеден одағы талаптарынан туындағаны белгілі. Әлбетте, бұл іргелі қадамдар томаға тұйықталу мен оқшаулануды білдірмейді. Керісінше, кеден қызметінің тиімділігі мен сапалық қырларын жақсартуды көздейді. Әрине, бұл орайда бізді құрылымдық бөлімшелердің қызметін жандандыру мен жетілдіру ісі көбірек толғандыратыны табиғи жәйт.
Бүгінгі қазақстандық кеден қызметіне тән жаңғыру сипаттары бірінші кезекте кедендік әкімшілендіруді одан әрі жетілдіру талаптарынан туындайды. Бұған дейін бұл мәселе тасада, қағаберістеу қалып, екінші кезекке ысырылып келсе, бүгінгі уақыт пен Еуразиялық экономикалық кеңістік құру алдындағы кезең бұған терең, жан-жақты мән беруді, кедендік әкімшілендіруге жаңа леп пен жаңа толқын соқтыруды міндеттейді. Осы арқылы бюджет қоржынына кедендік төлемдер мен салықтардың түсу қозғалысы мен динамикасын реттеу мүмкіндігі туып отыр. Мұндағы басты мақсат – пайдаланылмаған мүмкіндіктер мен резервтерді іздестіріп іске қосу.
Кедендік құрылымдарды қайта жаңғыртудың тағы бір тәсілі сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға, яғни отандық бизнес өкілдеріне консультативтік көмек көрсетуден тамыр тартады. Бұған дейін тәжірибеде кездескеніндей посткедендік бақылаулар жүргізіле тұрса да көп жағдайларда оның нәтижесі ойдағыдай бола қоймағаны жасырын емес. Санамызға орныға бастаған жаңаша көзқарас оны жолға қоюға толық мүмкіндік бере алады.
– Кедендік жеке құрылымдар арасында сыбайлас жемқорлық көріністері кездескен жоқ па?
– Оның бетін әрі қылсын. Мұндай дерттен әзірге аманбыз. Дегенмен, осынау оң фактордың өзі жайбарақат жүруге жол бере алмайды. Қазір кеден органдарында сыбайлас жемқорлықты түбегейлі ауыздықтаудың тың, соны жолдары өмірге келуде. Соның ең бастысы – электронды ресімдер, әрі соның ең соңғы үлгідегі тәсілдері. Бұл үрдіс кедендік бақылау департаменті қызметіне де енгізілді.
Екіншіден, кеден аумағында инфрақұрылымдарды жақсарту арқылы да жемқорлықтың тамырына балта шабуға болады демекпіз. Қазір бұл іс басталып та кетті.
– Бүгінде еліміздегі әлеуметтік жаңғырту ісі Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберінде де жүргізіліп келеді. Мұндай жағдайда кедендік органдардың ел экономикасын одан әрі дамытуға негіз болатын шағын және орташа бизнес субъектілерімен әріптестік қарым-қатынас орнатуының орны ерекше...
– Сұрағыңыздың төркінін түсіндім. Бұл сауалыңызға мен жоғарыда ішінара жауап бере кеткен секілдімін. Яғни, әлгінде айтылғандай, мұндай әріптестік кеден органдары тарапынан сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға консультативтік қолдау көрсетілуінен өрістейді. Мысалы, Орал өңірінде 45 500 кіші және шағын бизнес субъектілері тіркелген болса, біздің департамент ұжымы оларға консультативтік көмек беруді өздерінің басым бағыттарының бірі деп түсінеді.
Бұл жөнінде арнайы консультативтік кеңес құрылған. Оның құрамына кіші және шағын бизнестің мүдделерін көздейтін қоғамдық ұйымдардың өкілдері де енгізілген. Оның мәжілістері күн тәртібінен туындаған өзекті мәселелерге және кәсіпкерлік пен брокерлік құрылымдардан түскен ұсыныстардың ретіне қарай өткізіліп тұрады. Сонымен бірге, тауарларды кедендік ресімдеу мәселелеріне қатысты дөңгелек үстелдер өткізу дәстүрі де өзін-өзі толығымен ақтап жүр деп айта аламыз.
Кедендік ресімдеудің барлық нүктелері мен орындарында ақпараттық-консультативтік қосындар жұмыс істейді. Олар кедендік заңдылықтардың бүге-шігесін жіліктеп түсіндіруден танған емес. Осының бәрі, түптеп келгенде, әкімшілік кедергілердің төмендеуіне және кедендік ресімдердің жеделдеуі мен көлік қозғалысы тәртібінің тездетілуіне септігін тигізді. Бір сөзбен айтқанда, озық стандарттар мен жаңа кедендік технологияларды енгізу жұмыс сапасын одан әрі жақсартуға негіз қалайды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».