Руханият • 10 Тамыз, 2022

Алматы облысында «Абайдың ақын ұлдары» кітабының тұсаукесері өтті

479 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысы Жаңалық ауылындағы «Аштық және саяси қуғын сүргін құрбандарына» арналған музейде Абайдың қуғын-сүргінге ұшыраған ұрпақтары жайында сыр шертілген кеш өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы облысында «Абайдың ақын ұлдары» кітабының тұсаукесері өтті

Кеште  Абай күніне орайластырылып,  «Абайдың ақын ұлдары» атты еңбектің тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Кітапта дала данышпанының талантты ұлдары Ақылбай, Мағауия және Тұрағұл және  немересі Әубәкір Ақылбайұлы жайлы зерттеулер зерделенген.

Айта кетсек, тұңғышы Ақылбай мен Мағауия аты әйгілі бір талай көркем дастан поэмаларды жазған. Ал Тұрағұл қара сөздің хас шебері болған. Бұдан бөлек аудармашылығы да бір төбе. Немересі Әубәкірдің өлеңдерінде Абай үлгісі сайрап жатыр. Ол сатиралық өлеңдерімен бірге  тарихи шығармаларға бет бұрып, көлемді дастандар жазған.  

Кеңестік кері саясаттың тас құрсауы кемеңгер ұрпақтарын да айналып өтпеген. 

«Бүгінгі шараның бұл музейде өтуі де тегін емес. Мен білетін Абайдың немере інісі Шәкәрімнен бастап, 14 ұрпағы қуғын көрген. Қысқасы, Кеңес өкіметі Абай ұрпақтарына теріс қараған. Ал енді бүгінгі жастар Абай армандағандай білімді білікті болу керек қой», деп атап өтті жазушы Болат  Жүнісбеков. 

Шара соңында қонақтар музейді аралап, экспонат естеліктермен танысты.

Алматы облысында «Абай әндері» атты «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің концерті, «Үмбетәлі жырларындағы – Абай бейнесі» атты жиыны, «Хантәңірі» халық театрының «Телғара» фильм-спектаклінің қойылымы, «Абай – жыршы, ұлы ақыны елімнің» атты поэзия кеші сынды шаралар 17 тамызға дейін жалғасын таппақ.