Елбасы ел Тәуелсіздігін сақтауды аманаттаған ұрпақ өкіліне уақыт талабына сай білім берілуде ме, мемлекеттік бағдарламаны білім ордаларында жүзеге асыратын мұғалімдердің білігі қандай дәрежеде, компьютерлік жүйе қалай енгізіліп, пайдаланылуда деген өмір қажеттілігінен туындайтын сұрақтарға жауап алу үшін Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Жандарбек ДАЛАБАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Жандарбек Ермекұлы, сіз орта мектептерді аралап, білім беру сапасын тексеріп, оқушылар сабақтарына қатысасыз ба?
– Әрине. Бұл менің жұмысымның нәтижесін көрсететін фактор болып саналады. Облыстық білім басқармасына басшылық қызметке келген күннен бастап мектептерде болып, бәрін өз көзіммен көріп танысып, білім беру жүйесінің бағытын, сапасын тексеріп, зерделей жүріп түйген ой аз емес. Қазір мұғалімнің дәріс беруін, оқушының сол сабаққа қатысуын, білімге деген ынтасын жұмыс кабинетімде отырып, «оn-line» режімінде қадағалауыма мол мүмкіндік бар. «оn-line оқу жүйесі» жобасымен математика, физика, химия, биология, тарих, география, астрономия және шет тілдері пәндері бойынша сабақ өткізуге интерактивтік қондырғылар енгізіліп, арнайы интерактивті сынып бөлмелері ашылды. Алдағы уақытта бұл үрдіс барлық мектептерде жалғасын табады.
– Ұлттық бірыңғай тестілеуге оқушылардың дайындығы қалай?
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы жастарға үлкен аманат жүктеп, салмақты жүк арқалатып отыр. Елбасы өз сөзінде: «Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер», деп нақтылады. Мемлекет тарапынан жастарымыздың сапалы білім, саналы тәрбие алуына, таңдаған мамандықты игеруіне, өз арман-мақсаттарын жүзеге асыруға барлық мүмкіндіктер жасалуда. Сондықтан мектеп бітіруші түлектердің жоғары оқу орындары мен колледждерге түсуі үшін білімдерін нақты бағалайтын көрсеткіштің бірі – ҰБТ. Ұлттық бірыңғай тестілеу – бұл оқушылардың білім сапасын бағалауға 2004 жылдан бері енгізілгені мәлім. Осы жүйе арқылы білімді тәуелсіз бағалау әдісі оқушылар, ата-аналар, педагогикалық қауымдастық тарапынан қолдау тапты. Түлектерді ҰБТ-ға дайындауда ақпараттық түсіндіру жұмыстары бірнеше бағытта жүргізіледі. Айталық, ҰБТ бойынша жоғары ұйымдардан түскен нормативтік құқықтық құжаттармен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатта облыс мектептері 100 пайыз интернетке қосылған. Білім және ғылым министрлігінің сайтынан үнемі ақпарат алып отыру мүмкіндігіне ие, керек уақытында білім басқармасының электронды поштасынан да қажетті құжаттарды таба алады. Облыстағы барлық білім беру ұйымдарында түлектерге психологиялық және білімділік тұрғыда көмек көрсету мақсатында «ҰБТ бұрышы» ұйымдастырылып, оған дайындық туралы ата-аналармен жиналыс өткізіліп, республикалық, облыстық, қалалық, аудандық БАҚ арқылы түсініктеме беріледі. Екіншіден, әр аудан мен қалада 2014 жылғы ҰБТ өткізу ережесі мен технологиясы бойынша педагогикалық ұжымда кеңестер, «оn-line» семинарлар өткізілді. Үшіншіден, ҰБТ өткізу нәтижесі пән мұғалімдерінің рейтингіне енгізіліп, әр пәнді оқытудың сапасын арттыру және оқушылардың білімін көтерудің тиімді тәсіліне айналды. Төртіншіден, ҰБТ кезінде оқушыларды тасымалдау, тамақтандыру, жатын орынмен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін тапқан.
2013-2014 оқу жылында облысымызда 14 361 оқушы мектеп бітіргелі отыр. Оның ішінде, қазіргі күні 10742 түлек ҰБТ тапсыруға өтініш берді, ол 74,8 пайызды құрайды. Жалпы, ҰБТ-ға қатысуға өтініш тапсыру уақыты 25 сәуірде аяқталады. «Алтын белгі» төсбелгісі мен үздік аттестатқа үміткерлер саны жылдан жылға артуда. 2014 жылғы ҰБТ-ға жалпы орта білім беретін мектептердің дайындығын саралау мақсатында облыс көлемінде байқау тестілеулері алынып, жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Оқушылардың тоқсанаралық демалыстарында «Алтын белгіге» үміткерлермен және басқа да оқушылармен деңгейлеп оқыту ұйымдастырылды. Бұл орайда, педагог кадрлардың жұмысы басты назарда болып, олармен облыстық әдістемелік кабинет арқылы дайындық курстары жүргізілді.
– Бүгінде оқушылар ата-аналары есебінен қомақты қаражат жұмсап шетелдерге сіз басқарып отырған басқарма арқылы барып білімдерін толықтырып қайту деген тәсілмен ҰБТ-дан босатылып жатқанын қалай түсіндіресіз?
– Балалардың шетелде оқып, білімдерін шыңдауына менің еш қарсылығым жоқ. Кімнің есебінен болса да шетелге барып, білімдерін толықтырып келіп, мемлекетіміздің экономикалық, әлеуметтік дамуына өз үлестерін қосып жатса, нұр үстіне нұр. Бірақ ел дамуына үлес қосатын мамандық бойынша оқыса құба құп. Өзімізде бар мамандық қайталанбаса екен деген байламымды айта кетсем артық болмас.
– Білім беру саласы бойынша Жетісу жерінде де мемлекеттік саясатқа сай соны леп есіп, тың серпін енген тәрізді. Осынау жақсы қадамды тарата айтып берсеңіз.
– «Білімді ұрпақ – болашақтың кепілі» демекші, бүгінгі таңда еліміздің ертеңін аманаттайтын азаматтарды қалыптастыруда білім беру мәселесі мемлекеттік саясаттың бір тармағы болып отырғаны анық. ХХІ ғасыр жеке тұлғаны қалыптастыру, ізгілендіру және жан-жақты дамытудың жүзжылдығы болып та саналады. Бұл ретте мұғалімдердің алдына ұлттық құндылықты сақтап, заман талабына сай озық технологияны әлбетте компьютер жүйесін меңгерген қабілетті ұрпақ тәрбиелеу талабы қойылып отыр. Білім және ғылым министрлігінің мектеп табалдырығын аттаған балаға 1-сыныптан бастап ағылшын тілін оқыту реформасы жалпыхалықтық қолдау тапқаны қуанарлық жайт. Көп тілді білу уақыт талабы. Алматы облысында барлығы 1587 білім беру мекемесі бар. Осы білім ордаларында үш тілде оқыту дұрыс жолға қойылып, қоршаған әлемді танудың бір құралы компьютерді толық меңгеру жүзеге асырылуда.
Қазақстандық білім беру жүйесі халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті білім мен технологияны меңгерген үнемі өз білімін жетілдіріп отыруға ынталы мамандарды даярлауға бағытталған. Сондықтан да «e-learning» электронды оқыту жүйесі білім беруді жетілдіруді жүзеге асыратын негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Электронды оқытуды енгізу индикаторы 1 компьютерге шаққандағы бала санына, кең көлемді ғаламтор және сандық мазмұнмен қамтамасыз етуге негізделген. Ағымдағы жылы білім беру ұйымдарының 18,7%-ында электрондық оқыту жүйесі қолданылады. «Е-learning» электрондық оқыту жүйесіне қосылған білім беру мекемелерінің саны – 145 (жалпы білім беретін мектептер – 139, колледждер – 6). 2013-2014 оқу жылында кеңжолақты интернетке 573 (77,1%) білім мекемесінің қол жеткізуге мүмкіндігі бар. Бүгінгі күні облыстың 336 мектебі лингафондық-мультимедиалық кабинеттермен қамтылған. Облыстың 532 мектебінде бүгінгі күні 1883 интерактивті тақта орнатылған. Қазіргі заман талабына сай облыста жаңа модификациялы физика кабинеттерінің саны 238-ге, химия кабинеттерінің саны 203-ке, биология кабинеттерінің саны 246-ға жетті.
Бүгінгі күні 743 мектептің 652-сі ауылдық жерде орналасқандықтан, ауыл мектептері оқушыларының сапалы білім алуға қолжетімділігін арттыру біздің басты мақсатымыз. Бірнеше жылдан бері ауыл мектептерінің мәртебесін, ондағы білім сапасын көтеру мақсатында облысымызда «Үздік ауыл мектебі» байқауы өтуде. Байқаудың жүлде қоры облыс әкімдігі тарапынан тағайындалады. Байқауға түскен мектептердің әрқайсысы жаңа сипаттағы ауыл мектебінің моделін ұсынып, қорғайды. Қазіргі ауыл мектептеріне тән белгі – олардың шағын жинақталғандығы, яғни шағын құрамдылығы. Ауыл мектебінің проблемасы – қазақтың елдігі мен болашағының проблемасы. Бұл ұлттық, халықтық, мемлекеттік деңгейдегі ең басты проблема. Өйткені, өркениетті елдің ертеңі, мемлекеттің болашағы кемел білім мен кенен ғылымда. Елбасы «Жаңа ғасыр – адамгершілік ғасыры, ал адамгершілік бастауы – мектеп» деп нақтылады.
2013-2014 оқу жылында облыс мектептерінде 34961 мұғалім жұмыс істейді. Мұғалімдердің сапалық құрамын және біліктілігін арттыру үшін қайта даярлау курстары қарастырылған. Облыстық білім басқармасының жанынан былтырғы жылы ашылған әдістемелік орталық осы мақсатта үлкен үлес қосып отыр. 2013-2014 оқу жылында 735 мектептің 504-інде (68,5%) ыстық тамақпен қамту ұйымдастырылды. 2011-2014 жылдар аралығында облысымызда 34 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілсе, 251 білім нысанына кешенді күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Үш ауысымда оқитын 51 мектептің басым бөлігі Қарасай, Іле және Талғар аудандарында. Оқушы орындарының тапшылығы осы аудандардағы халық санының қарқынды өсуіне байланысты болып отыр. Үш ауысымда оқитын мектептердің санын азайту мақсатында 2014-2017 жылдарға арналған инвестициялық жобаларға сәйкес тағы 48 мектеп салу жоспарланған. «Жетім көрсең жебей жүр» деп қазақ атамыз айтқандай, облыста жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау және оларға жағдай жасау жұмыстары жүргізілуде. Осы санаттағы балалардың ішінде 256 жасөспірім баспаналы болса, 3318-і тұрғын үйге мұқтаждар есебінде баспана алу кезегіне қойылған.
Әңгімелескен Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
ТАЛДЫҚОРҒАН.