Қарапайым тілмен айтқанда, белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән дүние, адами қадір-қасиетті, яғни халық ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық құндылығын таныпбілуі басты талап болып танылары сөзсіз деп білемін.
Қазақ халқының осындай дәріптеуге, қастерлеуге, дамытуға тұрарлық ұлттық рухани және материалдық құндылықтары туралы ұлағатты, құнды ойларын халық игілігіне жаратып, келешек ұрпаққа, ел-жұртқа ие болар азаматтарды тәрбиелеуге неге қолданбасқа? Қайсыбір халықтың немесе ұлттар мен ұлыстардың жаратылыстан алатын өз тарихы мен орны бар екені даусыз. Қазақ халқының тарихында айрықша атауға тұратын қасиетті жердің бірі – «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы.
«Таңбалы» музей-қорығы Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарабастау ауылының солтүстік-батысына қарай 4 шақырым жерде, Алматы қаласынан 170 шақырым қашықтықта орналасқан.
Аймақта 5 000-ға жуық IX-XIV – Қола дәуірі, V-VIII – Ежелгі темір дәуірі, VI-XVI – Орта ғасыр және XVII-XIX – Жаңа кезең петроглифтері, жүзге тарта әртүрлі уақытқа жататын ескерткіштерден – б.з.д. ХIII-ХIV ғасырдың ортасынан бастап ХІХ–ХХ ғасырларға дейінгі кең аралықтағы кезеңдермен мерзімделетін қоныстар, қорымдар, ежелгі тас қашау орындары, петроглифтер мен ғұрыптық құрылыстардан (құрбан шалатын жерлер) тұрады.
ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мұралар тізіміне енгізілген шатқалдағы жартас беттеріндегі петроглифтер сыры әлі де құпияға толы екені анық. 1957 жылы алғаш рет археолог Анна Георгиевна Максимованың жетекшілігімен «Таңбалы» кешенінің тарихи ескерткіштері мен қабірлерге қазба жұмыстары жүргізілген еді. Сонымен қатар Таңбалыдағы жартас суреттері және археологиялық қазба жұмыстарына А.Г.Медоев, А.Н.Марьяшев, Б.Ж.Аубекеров, А.С.Ермолаева, А.Е.Рогожинский, Ю.А.Мотов, А.А.Горячев, С.А.Потаповтар сынды археология жанашырлары із салып, тың ақпараттарымен бөлісіп, мақалаларын жариялады. Бертін келе жас буын зерттеушілер А.С.Садуақасов, Р.Қ.Шарипов, Б.А.Железняковтардың «Жетісудың жартас өнері» атты бірлескен жинағы да жарыққа шықты.
Сондай ақ Жетісу өңірінің жартас өнері ескерткіштерін, оның ішінде бөліп қарауға болмайтын «Таңбалы» музей-қорығының, ғылыми зерттеу бөлімі өзіндік үлестерін қосуда.
«Таңбалы» қорығы Балқаш көлі және Шу өзенінің су сағасы бөлетін Шу-Іле тауларының оңтүстік-батыс бөлігін жайлап жатыр. Бұл шағын тау тізбектері Доланқара, Құлжабасы, Кіндіктас, Хантау, Аңырақай, Таңбалы шатқалдары және көптеген ұсақ тауы шоғырланған мекен.
Ашық дала мен ұсақ тасты аласа таулы жерлерде ерекше және сирек кездесетін, Қазақстанның «Қызыл Кітабына» енгізілген Регель қызғалдағы, Юнона Кушакевича, Жетісулық Недзвецкий, Альберт қызғалдағы, Колпаковский қызғалдағы, сонымен қатар мұнда сортаң дала топырағында өсетін жусанды - дәнді шөптерден жергілікті табиғатқа тән өсімдіктер қатарында сұр жусан, бетеге және ақселеуді тағы да басқа көптеген өсетін өсімдікті кездестіруге болады.
Қазіргі таңда анықталған құстардың 24 түрі, соның ішінде Қазақстанның «Қызыл Кітабына» енгізілген 11 құс түрі: бүркіт, ителгі, дала қыраны, бидайық, жылан жегіш қыран, қарақұс, дуадақ, жорға дуадақ, қылқұйрық бұлдырық, қарабауыр бұлдырық, безгелдекті осы өңірден жолықтыруға болады.
Осыған орай әрбір қорық-музейдің, әсіресе Дүниежүзілік мұражайлар тізіміне енген музейдің негізгі мәселесінің бірі – мұра нысандарының тұтастығы мен таза табиғилығын сақтау және қалың көпшілікке қолжетімділігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта биыл да атқарылған жұмыстар аз емес, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, жартастағы жәдігерлерді сақтау, менеджерлер біліктілігін арттыру, Таңбалы мұрасын насихаттау басты назарда екені айқын. Біртұтас өткізілетін семинар, шығарылатын басылымдар, конференциялар, ғылыми-зерттеу жұмыстары кешенді түрде өткізілуімен ерекшеленеді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тарихи нысандарды қолдау мақсатында жүргізіліп отырған бағдарламасы аясында биыл «Таңбалы» музей-қорығының сапар орталығында музей ұжымының ұйымдастыруымен тарихи ескерткіштерді қайта қалпына келтіру және консервация жұмыстары бойынша жұмыс тобының отырысы өтті. Сол жиынға Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, суретші-қалпына келтіруші, «Остров-Крым» ғылыми-зерттеу зертханасының басшысы Қ.Алтынбеков, химик-рестовратор Л.Ф.Чарлина, тарих ғылымдарының кандидаты А.Е.Рогожинский, ҚР еңбек сіңірген туризм қызметкері, экскурсовод-әдіскер Б.Оразымбетова, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты және докторы С.Нигматова, «Қазқайтажаңарту» РМК сәулет тобының жетекшісі Л.Бейсенбаева, химик-рестовратор Қ.Искаков, сәулетші Х.Иманбекова қатысты. «Таңбалы» кешенін абаттандыру, қалпына келтіру және консервация жұмыстары бойынша алдағы үш жылда атқарылатын жоспарлы жұмыстар талқыланды. Нәтижесінде, белгіленген іс-шаралар бойынша қайта қалпына келтіру және консервация жұмыстары «Таңбалы» музей-қорығының ортаңғы аумағында басталып та кетті.
Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының жауапты мамандары «Таңбалы» сапар орталығына арнайы келіп, Алматы-Бішкек автожолын күрделі жөндеу кезінде Самсы, Тарғап ауылдары маңындағы кездейсоқ табылған көне жәдігерлерді музей қорына өткізді. Әр кезеңдерді қамтитын қыш ыдыстар, тостағандар, жебелер, сүйек мөр табаны, қола сырға фрагменттері, темір пышақ, күміс сақина, дөңгелек қолайна, моншақ, құмыра тұтқасы сынды тарихи жәдігерлер музейдің қосалқы қорын өз құндылығымен толықтыра түсті.
Сонымен қатар ерікті жәдігер тапсырушы Ерік Сәрсенбеков Алматы облысы Жамбыл ауданы Жамбыл ауылының тау бөктерлерінен кездейсоқ тапқан қола дәуір қазанын «Музейге сый» акциясы аясында «Таңбалы» музей-қорығына сыйға тартты.
Қорыта айтқанда, түрлі ойлармен, тұжырымды әңгіменің төркініне айналған «Таңбалы» мұрасы әлі де тың зерттеулерге ашық алаң екені анық. Тарихың түгенделмей, болашағыңның болмайтыны тағы бар. Осы тұрғыда кең дала төсіндегі сырлар мен сиқырға толы дүниелерімізді тауып, зерттеп, зереге енгізу алдағы мақсат. Өткенімізге жанашыр болу бәрімізге парыз деп білемін. Таңбамыздың танымы әмсе айшықтана берсін деп тілейік.
Мадияр ӘМІРҒАЛИЕВ,
«Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің директоры