Таным • 10 Тамыз, 2022

Құнды белгінің құпиясы

298 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Торғай музейлері кешенінде тұрған құнды жәдігердің бірі – аласапыран заманның қиын-қыстау кезеңдерінде Алаш қайраткерлері бір-бірімен хабар-ошар алмасу барысында пайдаланған құпия белгі. Көлемі шағын болғанымен, жұмбағы ашылмай қалған талай тарихтың тылсым сырын бойына бүккен құпия белгінің бір жақ беті араб қарпімен әдіптеліп, жіңішке жібектен алқа жіп тағылған.

Құнды белгінің құпиясы

Құнды жәдігерді музейге былтыр Гүл­нар Дулатованың ұлы, қазіргі «Мектеп» баспа­сының басшысы Ерлан Сатыбалдиев әкеп тапсырыпты.

– Кезінде Қызбелдегі музейге анамыз өз қолымен әкеп өткізген. Содан бертінге дейін Қызбелде сақтаулы тұрды. Ол жерде не дабылқаққыш жоқ, мектеп ди­ректорының сейфінде жатқан. Сосын мен былтыр барға­ным­да Торғай музейлер кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекейге: «Бұл дүние ұрланбай, жоғалмай тұрғанда, актімен сізге өткізіп берейін», дедім.  Осылайша, Торғай музейіне табыс еттім, – деді  Ерлан аға.

Құпия белгінің қандай мате­риалдан жасалғаны белгісіз. Бір шетіне жіңішке жібектен жіп байланғандықтан, бір қарағанда тұмарға ұқсайды. Бірақ тұмар дейін десең, жібі адамның басына сыймайды. Музей директоры Гүлбану Сәрсекейдің айтуынша, хабар жеткізуші бақылауы күшті жерлерден осы жіпті тісіне байлап, құпия белгіні жұтқыншағына жасырып, жанын шүберекке түйіп өтеді екен.

Жәдігермен бірге бір парақ қағазды көзіміз шалып қалды. Кәдімгі жұқа дәптерден жыртылып алынған торкөз парақта: «Асқарұлы Хайдардың жасырын белгісі. Асқар Дулатов – Міржақып Дулатовтың ағасы» деп жазылған. 

Мұның мән-жайын білмек болып Ерлан Сатыбалдиев ағамызға хабарласып едік, ол кісі: «Бір жақ бетіне арабша «Қайрат» деген сөз жазылған. Тағы бір сөз бар, бірақ ол оқылмайды. Бір әрпі өшіп қалған болу керек. Жалпы, мен төте жазуды танып, оқи алам. Бірақ белгідегі екінші сөзді ажыратып оқу маған қиынға соқты.  Бұл құпия бір хабарды жет­кізу керек болғанда пайдаланылған. Ол кез­де жеткізетін адамға құпия хабар ауызша айты­лады. Ал ол кісі, мәселен, Міржақып ата­мыз­дан  келгенін дәлелдеу үшін хабар алу­шыға осы құпия белгіні көрсеткен», деді Ерлан аға.

– Мұны «Алаш паролі» деуге келе ме?

– Бұл өзі зерттелмеген нәрсе және оның құпиясын ашу қиынға соғады. Сондықтан жаңағы сіз айтқандай ұрандатып керегі жоқ. Бірақ бұл – аса құнды көне жәдігер. Музей де нақтылықты қажет ететін ғылымға жақын сала ғой. Мұнда бірізділік керек. Қазір мен сізге бір нәрсе айтсам, келесі адам оны басқаша топшылауы, тіпті жоққа шығаруы мүмкін. Осылайша, қолдан аңыз туғызамыз. Тарихты ақиқаттан алыстатып, жәдігердің құндылығын жоғалтып алуымыз ғажап емес. Бұл жерде аса ұқыптылық қажет. Өйткені біз оны нақты қалай пайдаланғанын білмейміз. Ол сол кісілердің өздеріне ғана аян.

Ерлан Әбілұлының айтуынша, Алаш қайраткерлері хатқа сенбеген. Сондықтан маңызды хабарларды қажет жерге адам жіберіп жеткізіп отырған. Өздері Германиядан Ғазымбек Бірімжанов алып келген арнайы шифр таңба да ұстапты. Мәселен, Мұстафа Шоқаймен осы шифр арқылы хат алысқан. 

Қалай десек те, Торғайда тұрған құнды жәдігер жан-жақты зерттеуді қажет ететіні анық. Олай болмаған жағдайда, Алаш жәдігерінің жұмбағы қиын-қыстау заманда ұлт азаттығы үшін күрескен қайраткер аталарымыздың өздерімен бірге кеткен көп құпияның бірі болып қала бермек. 

а 

 

Қостанай облысы