Қоғам • 10 Тамыз, 2022

Учаскелік инспектор халықтың көңілінен шыға ма?

375 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Күні-түні дамыл таппай шап­қы­лап жүретін учаскелік инс­пекторлардың жұмысы жеңіл деп айта алмаспыз. Үйдегі былық­ты да, қорадағы ұрлықты да, ауыл ішіндегі сұмдықты да тәртіп сақшысының көмегімен шешуге асықпыз. Әйтсе де, «Керек кезінде таппай қаламыз» деген тұрғындардың шағымы да шаш-етектен. Бүтін бір ауылдың тәртібіне жауапты учаскелік инс­пектор міндетін мінсіз атқарып жүр ме?

Учаскелік инспектор халықтың көңілінен шыға ма?

Коллажды жасаған Зауреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Көмекшілермен «көзі ашылды»

Осыдан бірнеше жыл бұрын «екі үйге бір көсеудің» кебін киіп, учаскелік полиция қызметкері екі ауылдың ортасын шаңдатып жүретін. Әкімдердің есептік кездесуінде тұрғындар «іздесең таппайсың» деп мұңын шағатын. Түрін де танымаймыз дегендер де табылды. Сөздерінің жаны бар. Шынымен де, «учас­ковыйды» мектептегі түлектер кешінде немесе облыс орталығынан лауазымды тұлғалар келгенде ғана көретін еді жұрт. Тиіп-қашып жұмыс істеген соң «тиіседі» де тұрғындар.

Бұл проблеманы Ішкі істер минис­тр­лігі рет-ретімен шешіп жатқанға ұқ­сайды. Бүгінде елімізде 6 мыңға жуық учаскелік инспектор және 600-ден аса көмекші тәртіп орнатуға атсалысып жүр. Қоғамдық көмекшілер де қатарда. Бұған дейін ауылдық округ құрамындағы бірнеше елді мекенге жауапты болған инспекторларға көмекшілер қолұшын созып, сәйкесінше, тәртіпсіздік те азая түскенін айтады құзырлы орган өкілдері.

Жасыратыны жоқ, учаскелік полиция инспекторы болудан қашқақтайтындар көп. Жұмысы қауырт қой. «Учаскелік полиция инспекторлары – ішкі істер органдары жүйесіндегі ең көпфункциялы институт. Олар қылмыстың 12 құрамы бойынша іс жүргізсе, әкімшілік құқық бұзушылықтың 47 құрамын қарап, жаза қолдана алады. Азаматтардың құқық­тарын қорғау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көші-қон, қоршаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру, сондай-ақ есірт­кі пайдалану, жануарларға қаты­гездік таныту, заңсыз аң аулау және ағаштарды жою – учаскелік полицияға жүктелген мәселелер тізбегі осылай жалғаса береді. Бұл тізімде кәмелетке толмаған жеткіншектердің түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болмауын қадағалау, темекі өнімдерін тұтынуына тыйым салу да бар. Олардың мойнына есепте тұрған азаматтар мен пробацияда жүргендерді бақылау, нашақор және бұрын сотталған азаматтардың тәртібін қадағалау міндеті де жүктелген.

«Іздесең таппайсың, қалай ақтайсың»?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында учаскелік полиция қызметкерлеріне қойылатын талаптарды күшейтумен қатар, оларға тиісті жағдай жасауды да тапсырған еді. Осы ретте оларға көмек­шілер беру, қызметтік көлікпен қамту ісі де назардан тыс қалмақ емес.

Павлодар облыстық полиция депар­таментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Қайрат Сатыбаевтың айтуынша, былтыр учаске­лік инспекторларға 29 қызметтік көлік табысталған. Биыл 20 көлік берілмек.

– Облыс бойынша 336 учаскелік инс­пектор және 48 көмекші еңбек етіп жүр. Елді мекендердің орналасуы назарға алы­нып, әр тәртіп сақшысына жауапты аумақтар бекітілді. Әлі де болсын учаске­лік инспекторлардың қажеттілігі туындай­тыны сөзсіз. Бұл мәселе рет-ретімен шеші­ліп жатыр. Қызметтік көліктердің дені ескі. Десе де, жыл сайын техника паркі жаңар­тылып жатқанын атап өткен жөн, – дейді Қ.Сатыбаев.

Баспана мәселесі шешілмегендіктен, учаскелік инспекторлардың көбі аудан орталығынан қатынап жүрген көрінеді. Тұрғындардың керек кезде таппай қала­тыны да сондықтан. Жергілікті әкімдік­тен арнайы кабинет берілсе де, қашан барсаң есігі тарс жабық деп арыз айтады тұрғындар. Ұялы телефонына хабарлассаң, «Рейдте жүрмін» деп құтылады екен.

Жақында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұдан былай ауыл әкімдері, полиция инспекторлары өзі қыз­мет істейтін ауылда тұруы керек деген талап қойды. Бұл бастама әлеуметтік желілерде желдей есіп, қоғамда қызу талқыға түсті.

«7 ауданда да, қалада да ауыл әкімдері мен учаскелік инспекторлардың көбісі ауылдық округтерден қатынап жұмыс істейді. Оны ауылдың адамдары кейде таппайды деген сөз. Ауылда түрлі жағдай болып жатады. Мал ұрланса, сол сәтте полиция инспекторларын таппай қалады. Кетіп қалғаннан кейін телефонын да алмайды. Сондықтан ауыл әкімі, полиция инспекторы, мектеп директоры сол ауылда тұруы керек. Көшіп бармаса, жұмысты қойсын. Басқа ауылдан көшіп барса да, өзі қызмет ететін ауылда тұрсын», деген еді облыс әкімі.

Мал ұрлығына «учасковый» ғана жауапты ма?

Күзде мал ұрлығы өрши түсетіні бел­гілі. Әншейінде, қой-ешкісі бөтен үйге түнесе, «таңертең өріске шығар» деп жай­барақаттық танытатын ағайын ұры­лар­ға ұрынып қалмасақ екен деп төрт түлігін түгендейтін болған қазір. Учаскелік полиция қызметкерлерін де қауырт жұмыс күтіп тұр.

Оңай олжаға кенелуді мақсат еткен барымташылар қыста да қысылмай, бораннан адасып кеткен малды құрығына түсіруге кет әрі емес. Көп жағдайда күзде мал семірген уақытта қулығын асыруға тырысатыны белгілі. Сандарды сараптап, тәртіп сақшылары қол қусырып отыр деуге келмес. Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітовтің айтуынша, бұрындары мал ұрлығы жалғыз учаскелік полиция қызметкерінің жұ­мысы сияқты қаралатын.

– Бүгінде Ішкі істер министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, ветеринарлық қызмет және жергілікті әкімдік мамандарымен бірлесіп, кешенді жұмыстар ат­қарылуда. Нәтижесі жаман емес. Қараусыз қалған мал ұрланатынын ескерсек, төрт түлікті бақпай, бос жіберген мал иелеріне 3-10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Қала берді, Қылмыстық кодекске «Мал ұрлығы» де­ген арнайы бап енгізіліп, дүние-мүл­кін тәркілеумен 12 жылға дейін бас бостан­ды­ғынан айыру жазасы белгіленген. Әри­не, жазаның күшейтілуі қылмыстың азаюына сеп болатыны түсінікті. Мал ұрлы­ғы­мен айналысатындар жалғыз жүр­мейді. Қылмыстық топ құрып, айласын асыруға тырысады. Әр ауылда сыбайлас­тары болуы мүмкін. Оларды құрықтау мақсатында жедел алдын алу іс-шаралары жиі ұйымдастырылады. Тұрғындармен де түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуде, – дейді Б.Нұрсейітов.

Қылмыстық топ демекші, былтыр қыркүйек айында Екібастұз қаласында 7 адамнан құрылған әккі топ құрықталған. Олар базарда ресми түрде ет сатумен айналысқандықтан, әу баста күдік ту­дырмаған. Кейін жымысқы әрекеттері әшкере болып, қолға түсіп отыр. Белгілі болғандай, қылмыстық топ әр апта сайын жергілікті ірі шаруа қожалықтардан 1-2 қараны ұрлауды әдетке айналдырған. Ал Ақтоғай ауданында ұсталған қылмыстық топ мал етін көршілес орналасқан Ақмола облысына жөнелтіп отырған.

– Жалпы, кешенді шаралардың нәтиже­сінде соңғы 5 жылда мал ұрлығы 66,6 пайызға азайып отыр. Тәртіп сақ­шы­лары әрдайым базарларды, мал соятын орындарды, бұрын мал ұрлығына қатысы болған азаматтарды бақылауда ұстауда. Тұрғындарды да сақтық шараларын естен шығармауға шақырамыз. Ең әуелі жергілікті әкімдікпен бірге бақташы мәселесі шешімін тапса игі. Мал ұстаған ағайынның бәрі бірдей GPS-трекер орнатуға шамасы жетпес. Десе де, заманауи құрылғылардың ұрлықтың алдын алуға көмегі көп екені дәлелденуде. Малды сырғалау жұмыс­тары да жүйелі атқарылуға тиіс, – дейді Б.Нұрсейітов.

Өңірдегі төрт түліктің үштен бір бөлігі Баянауыл ауданына тиесілі. Сәйкесінше, мұнда мал ауруы да, ұр­лы­ғы да өзгелермен салыстырғанда көбі­рек. Былтыр күзде Күр­келі ауыл­дық округінің тұрғындары мал ұрлы­ғы өршіп тұрғанын айтып, дабыл қаққан еді. Елді мекен аумағында сиырдың басы табылған. Кейбір ауыл тұрғындары «менің сиырымның басына ұқсайды» деп байбалам салған соң, по­лиция қызметкерлері арнайы тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, өлген мал ауыл тұрғындарына тиесілі емес екені анықталыпты. Сөйтсек, Қара­ған­ды облысының Баянауыл ауданына жа­қын орналасқан ауыл тұрғындары мал­дың етін Екібастұз қаласына тапсырады екен. Онда сиырдың басын сатып алмай­тындықтан, орта жолда тастап кететін көрі­неді. Бір ғана сиыр­дың басы бүкіл ау­дан­ның проблема­сын айқындап берген­дей. Мұнда сиырдың бағылмайтыны сонша­лық, тұрғындар өз малдарын танудан қал­ған. Ауыл тұрғындары өлген сиырдың ба­сын ескерту деп қабылдағаны абзал. Бағыл­май­тын малдың қолды болмасына кім кепіл?

«Жолда қабылдау» – тиімді тәсіл

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қа­зақ­стан: іс-қимыл кезеңі» атты Жол­дауында: «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді. Осыған орай учаскелік инспек­тордың рөліне баса мән берілетін болады», деген еді. Бүгінде Президенттің тапсырмасына орай учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін көтеруге бағытталған заңнамалық ша­ра­­­лар әзірленуде. Жергілікті жер­лер­­дегі учаскелік пунктеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу, қосымша учаске­лік пунктер салу, учаскелік инспек­тор­ларды қызметтік көліктермен қамта­масыз ету сияқты жұмыстар жалғасуда.

Жолдауда «Азаматтардың мәселе­лерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы, дұрыс және әділ шешім шығару қажет», деген тапсырма берілді. Бұл орайда Ішкі істер министрлігі өз жұмысының ашықтығына да ерекше мән беруде. Тұрғындардың сенімін арттыру және халықпен ашық-жарқын кездесуді жүзеге асырудың бір жолы – тұрғындарды кедергісіз қабылдау. Әрбір арыз-шағымның артында бір адамның ғана емес, бір отбасының тағдыры тұратыны белгілі. Сондықтан да министрлік басшылары азаматтарды қабылдау тәртібін қайта қарап, бүгінде бұл іс жүйелі жүзеге асырылуда. Ал облыстық, аудандық және қалалық полиция басшылары мен орынбасарлары адамдарды қабылдауды жиілетті.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ұйымдас­тыры­латын «Жолда қабылдау» акциясы да адамдармен тікелей байланыс жасау­дың ұтымды жолы екеніне көз жетті. Тұрғын­дарға полиция қызметі жайлы ақпа­рат­тарды әлеуметтік желілер арқылы да хабар­лап отырудың пайдасы зор болуда. «Жұртқа жақын полиция» қағидатын жетіл­діру мақсатында атқарылып жатқан та­ғы бір жұмыс – полиция қызметіне баға беруде қоғамдық пікірмен санасу десек, осы бағытта тәуелсіз институттар әлеу­меттік зерттеулер жүргізуде.

Халықтың полицияға деген сенімін арттыруда қылмыстың ашылуы маңызды рөл атқарады. Бүгінгі технология қарыш­тап дамыған заманда қылмысты ашу және тергеудің қолданылып жүрген әдіс­тері мен тәсілдерін IT-технология басып озғаны анық. Бұл ретте ішкі істер органдары қызметінің ақпараттық қауіп­сіздігін қамтамасыз ететін және ақпа­раттық коммуникациялық техноло­гияны қолдану арқылы жасалған құқық­бұзушылықтарды ашатын кадрларды даярлауға да баса мән берілгені абзал.