Абай • 10 Тамыз, 2022

Бакуде Абай есімі ұлықталды

404 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақтың ұлы ақыны әрі ағартушысының 177 жылдығын мерекелеу аясында Баку қаласындағы Абай Құнанбаев көшесінде Әзербайжанның шығармашылық зиялы қауым өкілдері, абайтанушы ғалымдар мен жазушылар қатысқан еске алу іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бакуде Абай есімі ұлықталды

Іс-шара алдында қатысушылар Абайдың ескерткіш тақтасына гүл шоқтарын қойып, ұлы шайырдың есімін құрметпен еске алды.

Қазақстан Елшісі Сержан Әбдікәрімов өз сөзінде қонақтарды айтулы күнмен құттықтай отырып, қазақ халқының рухани байлығы болып табылатын Абайдың баға жетпес шығармашылық мұрасы болашақ ұрпақ үшін мәңгілік маңызға ие екенін атап өтті. Ол әзербайжандық достарға Абайдың «Адам бол!» атты өнегелілік формуласының мазмұны, оның адамгершілікке, еңбексүйгіштікке, ағартушылыққа қатысты үндеулері жөнінде айтып берді. Абайдың озат шәкірттері қазақ халқының жерге деген құқығы, өзін-өзі басқару, тілі, ұлттық мәдениеті мен дәстүрін сақтап қалу жолында арпалысқан «Алаш» партиясы мен Алаш автономиясын құрғаны айтылды.

Дипломат абайтанушыларға олардың Абай шығармаларын әзербайжан тіліне аударудағы жылдар бойғы еңбегі, Абайдың бүкіл түркі әлемі мен дүние жүзі әдебиеті үшін құнды болып саналатын мұрасына деген құрметтері мен сүйіспеншіліктері үшін алғыс білдірді.

Сөз алған қонақтар Абай қазақтың өз халқына бақ-берекеге жетелейтін тура жол көрсеткен біртуар перзенті, ғалымы, мақтанышы екенін, әрі оның еңбектері бүкіл адамзатқа, оның ішінде, бауырлас әзербайжан халқына да тиесілі екенін атап өтті.

Акция геосаясат, дін, әдебиет және өнер мәселелерін зерттейтін белгілі әзербайжандық тарихшы, публицист, теолог Теймур Атаевтың «Абайдың ұлылығы немесе 21 ғасырдағы ойшылдың портретін жасауға талпыныс» атты кітабының тұсаукесерімен жалғасты. Бұл басылымда Абайдың атақты шығармасы – «Қара сөздері» талданады. Автор бұл еңбекті түрлі қырынан зерттеген, оның ішінде Абай ойларын қасиетті Құрандағы уахилермен салыстыруға тырысқан. Бұл ретте автор қазақ тарихының ақын тұлғасын қалыптастыруға әсер еткен даңқты беттері мен Абайдың басынан өткен сан-алуан жағдайлар көрнекті ағартушының қазақ ой-пайымына өлшеусіз үлес қосуына мүмкіндік бергенін түсінуге ұмтылады.

Кітаптың тұсаукесері Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын мерекелеу аясында Бакудегі Теңіз жағалауы бульварында тігілген қазақтың киіз үйінде өтті.