Келесі жылы Ұлы Жеңіске 70 жыл толғалы отыр. Екінші дүниежүзілік сұрапыл соғысты басынан кешірген жандардың арасы тіпті сиреп барады. Соның бедерінде ғасырлық ғұмыр кешкен аталарымыз да бар. Сондай жанның бірі – Айтбай Әлібайұлы Сүлейменов ақсақал. Үстіміздегі жылы 9 мамырда 100 жасқа толатын Айтбай аға қақаған қыста Витебск түбіндегі 12 сағатқа созылған ұрыста үш рет жараланып, ғажайып жағдайда аман қалған.
Қазақта: «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі», деген тәмсіл бар. Сол рас екен. Ауыр айқаста жарақат алған жас офицерге ота жасаған хирург: «Ал, жігіт, сені махаббат құтқарды. Енді жүз жыл өмір сүретін боласың», деген екен. 1944 жылы сол Витебск түбіндегі ұрыста оқ оның кеудесіне қадалып, жүректі жанай өте шығыпты. Оны гимнастеркасының сол жақ қалтасында жүретін қарындашы мен зайыбы Райханның хаттары аман алып қалған.
Бүгінгі таңда оқ тескен бума хаттардың бір данасы ғана Айтбай Әлібайұлының өзінде, ал қалғандары Мәскеу, Санкт-Петербург, Минск және Киев қалаларының мұражайларында сақтаулы тұр. Зайыбы отағасына тылдағы өмірді, онда да жақсы жайттарды жазуға тырысқан. Махаббат пен сезімге толы хаттарда балаларымен бірге оны асыға күтіп жүргені баяндалады. Ерінің тағдырын сезсе де, оның көңілін аулау үшін өз басындағы қиындықтарды еш қозғамаған. Екеуінен туған Бекет атты ұлдары дифтериядан қайтыс болғаны жанды күйзелтетін ауыр соққы болды.
Міне, осындай ауыр күндерді басынан өткеріп келген зайыбы Райханның күні-түні күйеуі мен отбасының амандығы үшін Құдайға жалбарынғаны Айтбай ағаның аман қалуына себепші болса керек. Бір жамандықтың болмай қоймайтынын іші сезгендей-ақ: «Егер оған жаралануды жазса, тек қолы мен аяғынан айырыла көрмесін, ал егер көзі болса, тек біреуі ғана», деп қайталай беріпті. Айтқандай-ақ Айтбай Сүлейменов көп жарақаттар алып, аман қалды.
1940 жылы Урал индустриалдық институтын (қазіргісі – Б.Н.Ельцин атындағы Урал федералдық техникалық университет, Екатеринбург қаласы) инженер-металлург мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген Айтбай Сүлейменов кіші лейтенант әскери атағын алады. Содан Ресейдегі Медногорск мыс балқыту зауытына металлургия цехының ауысым басшысы қызметіне жіберіледі. 1941 жылдың маусымында соғыс басталып, сол жылдың күзінде Тула қару-жарақ зауыты Медногорскіге көшіріледі. Сол кезден бастап аталған зауыт үшін болат құю жұмыстары басталып та кетеді.
Араға бір жыл салып, яғни 1942 жылы қысқа мерзімді дайындық курсынан кейін лейтенант шенінде соғысқа аттанып, 220-шы атқыштар дивизиясының 653-ші атқыштар полкі танкіге қарсы артиллериясы атыс взводының командирі болып ұрысқа кіріседі. Взвод 3 танкіге қарсы зеңбірек пен жауынгерлік құрамнан тұрып, жау оғының астында жиі соғыс қимылдарын жүргізіп отырған.
Айтбай Сүлейменовтің өзі бұл жағдайды былайша еске алады: «Немістер ұрыс басталған уақытта бірінші кезекте танкіге қарсы қорғанысты жоюға тырысатын, сондықтан да біздің батареяға өте қиын болды. Әрбір ұрыста менің взводымда 3-4 адам ажал құшатын және жараланатын. Полк басшылығы өлгендердің орнын толтыруға тырысатын, өйткені әрбір ұрыстың тағдыры танкіге қарсы артиллерия жұмысымен тығыз байланысты».
Тым көп болғаны сонша, көз алдына солардың жарқын бейнелерін келтіре алмайтындай жағдайға ұшырағаны көңілін құлазытады. Ол өзінің мұндай жағдайға душар болуын санасының қарулас достары бірінен соң бірі ажал аранына түсіп жатқанына күйіп кетпеуі үшін жасаған сақтық әрекеті болуы мүмкін деген жорамалымен бөліседі. Өзі де ғажап жағдайда ажалдан аман қалады.
Айтбай Әлібайұлының аман қалуы мәскеулік №5011 госпиталы дәрігерлерінің, жаралылардың және келушілердің таңданысын тудырған. Артынша әскери газет тілшілерінің өзі арнайы іздеп келіп, емдеуші дәрігерлер мен медбикелерден, тіпті ауыр жараланып жатқан взвод командирінің өзінен жағдайдың мән-жайын сұрастыруға тырысқан. Денсаулығы түзелгеннен кейін Айтбай Сүлейменов запастағы офицер ретінде денсаулықтарын түзетіп жатқан Смоленскідегі офицерлік бөлімшеге ауыстырылады. Ал 1944 жылдың жазында алғы шепке толыққанды жарамағандықтан, құрсаудан кейінгі Ленинградтағы өндіріс ошақтарын қалпына келтіруге ат- салысты. Қаладан 30 шақырым жерде зайыбы Райханмен және балаларымен бірге тұрып, осындағы Ижор зауытының мартен цехының шебері болып жұмыс істеп, Жеңісті сонда қарсы алды.
Бірақ Айтбай мен Райханның бойында туған елге деген сағыныш бір сәтке де толастаған емес. Олар Алматы қаласына оралып, Айтбайды республика Ғылым академиясында қызықты жұмыс күтіп тұрды. Алайда, қуаныш ұзаққа бармады. Ленинградта туған егіздер Арыстан мен Шолпан дұрыс емдемеуден шетінеп кетті. Ол кезде дизентериядан тек ашықтырып қана емдейтін. Өлімнен тек соғысқа бір жыл қалғанда өмірге келген Бэлла атты қыз бала ғана аман қалды.
Ауыр қайғыдан арылу үшін Айтбай өндіріске қайта оралып, цехта жұмыс істеді. Арада бірер жыл өткен соң отбасында Қалқаман атты ұл бала дүние есігін ашты. Одан кейін Батырбек пен Жанна өмірге келді. Осылайша бейбіт өмірдің берекелі күндері қайта орала бастады. Кешегі ауыл баласынан Қазақстан Республикасының құрметті металлургі, Алматы ауыр машина жасау зауыты болат құю цехының бастығы, Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» және І дәрежелі Ұлы Отан соғысы, сондай-ақ, екі Еңбек Қызыл Ту ордендерімен наградталған. Оның «Өмір жолы» атты кітабында сол уақыттың сырлары қатталып жатыр. Бұл туынды өткенді ұмытпауға, ал болашақты құруға өзіндік септігін тигізетін құнды дүние болатыны анық.
Осылайша 100 жасаған Айтбай Сүлейменов Екінші дүниежүзілік соғыста Отан қорғауға ғана емес, бейбіт күнде туған жеріне де тер төкті. Алматы ауыр машина жасау зауытының болат құю цехында аянбай еңбек етіп, 75 жасында зейнетке шықты. Әлемде болат құю цехының басшысы болып осыншама жасқа келген өзі ғана екен. 70-ке келген Айтбай ағаны цехта жүрген жерінде телефон арқылы КСРО Ауыр машина жасау министрі Афанасьевтің өзі мерейтойымен құттықтаған көрінеді. Бұдан басқа, Кеңес Одағының Батыры, атақты ұшқыш Алексей Маресьев те жүрекжарды құттықтауын жолдапты.
Жүз жасаған ардагер ақсақал қазір Алматыда 1957 жылы Алматы ауыр машина жасау зауыты салып берген қарапайым үйде тұрып жатыр. Айтбай Сүлейменовтен төрт бала, тоғыз немере және сегіз шөбере тарап отыр. Жеңіс күні барлығы да асыл әкенің жанында болып, осы айтулы датаны атап өтеді. Шынында да бұл мереке, Айтбай Әлібайұлының өзі айтқандай, халықтың әрі бейбітшіліктің мерекесі болып қала бермек. Ұлы Жеңіс әрқашан жадымыздан өшпейтіндігі де осыдан.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».