Бокс • 11 Тамыз, 2022

Чемпиондық жолындағы «тар жол, тайғақ кешу»

208 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жуырда газетімізге бір топ торғайлық ардагер хат жазып, кәсіпқой бокста жұдырықтасып жүрген отандық боксшыларымыз туралы көбірек мәлімет білгілері келетінін жеткізген болатын. Оқырмандарымыздың өтініші бойынша Egemen Qazaqstan газетінің 2 тамыз күнгі санында «Чемпиондықтан үмітті боксшылар» атты көлемді мақала жарық көрді. Бүгін сол мақаланың жалғасы ретінде чемпиондық белдікке жетпей жатып жеңіліп, жанкүйерлер сенімін ақтай алмаған былғары қолғап шеберлері туралы баяндамақпыз.

Чемпиондық жолындағы «тар жол, тайғақ кешу»

Жасыратыны жоқ, өткен ға­сырдың екінші жартысы­нан бастап қарқынды дами бас­таған кәсіп­қой бокс бүгінде жан­күйерлер­дің қызыға тамашалайтын спорт тү­ріне айналды. Жалпы, кәсіби шаршы алаңда өнер көрсетіп жүрген боксшылардың негізгі мақсаты – дүние жүзіне атын шығару, сонан соң, әрине ақша табу. Ал қазіргі қазақстандық боксшылардың айтып жүрген «ел намысын қорғау» ұраны кейінгі орындарда тұрады.

Соңғы 10 жылдықта кәсіп­қой бокста қазақстандық бокс­шылардың бір шоғыры қалыптасып үлгерді. Бәрінің мақсаты – бокс әлемінде ең жоғары саналатын төрт тұжырым (WBC, WBA, IBF және WBO) бойынша әлем чемпионы атану. Әйткенмен, бұл белбеулердің кез келген бокс­шы­ға бұйыра бермейтіні, оған тек таңдаулы саңлақтардың ғана қолы жететіні бесенеден белгілі. Мәселен, Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан кәсіпқой бокс тарихына үңілер болсақ, небәрі төрт-ақ боксшымыз (Василий Жиров, Геннадий Головкин, Бейбіт Шү­менов және Жанат Жақиянов) жоғарыдағы төрт белбеуді иелен­ген. Негізі, алтын белбеуді ол­жалаған боксшыларымыздың саны бұдан да көп болуға тиіс еді, дегенмен жұдырығы жойқын жігіттеріміздің біразы жанкүйер­лер үмітін ақтай алмай жүр.

Атап айтар болсақ, кейінгі 10 жылдың ішінде қазақ боксшылары арасында әлем чемпионы атануы мүмкін болған бірден-бір боксшымыз – Қанат Ислам (28-1, 22 КО) еді. Алайда жерлесіміз ұзақ уақыт бойы Колумбия мен Доминикан Республикасындағы трансля­циясы да, рейтингі де жоқ даңғаза бокс кештерінде деңгейі төмен боксшылармен жұдырықта­сып, алтын белбеуге жеткізетін алтын уақытын босқа өткізіп алды. Әйтпесе, әлемдік бокс мамандары Қанаттың мүмкіндігін жоға­ры бағалаған болатын.

Өкінішке қарай, келесі айда 38 жасқа толатын отандасымыз биыл ақпанда британиялық Джеймс Килрэйн Келлимен (26-2, 10 КО) жұдырықтасып, ұпай са­нымен қарсыласынан жеңіліп қалды. Төрешілер 95:95, 96:94, 97:93 ұпайымен жеңісті Келлиге берді. Осылайша, даңқты бокс­шымыз кәсіпқой бокста тұңғыш рет жеңіліп, әлем чемпионы атану мүмкіндігінен біржола айырыл­ды. Мұның себебін кәсіпқой бокс­тан хабары бар оқырмандары­мыз жақсы біліп отыр.

Өйткені жекпе-жек түрлері ішінен кәсіпқой бокста жеңілістің құны қымбат. Жоғарыда айт­қан белді ұйымдар жеңілген бокс­шыларды (егер ең құрығанда бір белбеу жеңіп алмасаң немесе Олимпиада чемпионы болмасаң) бірден рейтингтерінен шығарып тастайды, я болмаса рейтингтегі орнын түсіріп тастайды. Мәселен, Қанат Ислам қазіргі таңда негізгі төрт ұйымның, атап айтқанда, WBC, WBA, IBF және WBO рейтингтерінің ТОП-15 тізімінде жоқ. Ал аралас жекпе-жектегі ең беделді спорт саналатын – UFC-де спортшы масқара болып жеңіліп қалса да, келесі жекпе-жегінде атағы дардай әлем чем­пиондарымен жұдырықтаса
бе­реді. Оларда жеңіліс пен жеңіс­тің ­құны бірдей өлшенеді.

Осылайша, 2012 жылдан бастап күні бүгінге дейін орта салмақта 29 жекпе-жек өткізіп, соның 28-інде қарсыласын тізе бүктірген отандасымыз бір жеңілістің салдарынан көп мүмкіндігінен айырылды. Карьерасының басым бөлігінде рейтингі нашар боксшылармен жұдырықтасқан отандасымыз­ға ендігіде орта салмақтың көш ба­сында тұрған боксшылар қа­йырыла қоймас.

Сондай-ақ карьерасында бір­талай ірі-ірі жеңістке қол жет­кізіп, әне-міне әлем чемпио­ны атануы мүмкін деген саңлақ­та­рымыздан Айдар Шәрібаев (8-1, 7 КО), Батыр Жүкембаев (19-1, 15 КО), Мадияр Әшкеев (14-1, 7 КО), Бекман Сойлыбаев (12-1, 4 КО), Тұрсынбай Құлахмет
(4-1, 3 КО) және тағы басқа бокс­шылар күтпеген жерде жеңіліс­ке ұшырап, әлемдік рейтингтегі жағ­дайларын нашарлатып алды. Енді бұл боксшыларға рейтингте қайта көтерілу үшін бәрін басынан бастауға тура келеді. Сондай-ақ бұл қатарға Жанқош Тұраров (25-0, 18 КО), Абылайхан Құсайынов (11-0, 8 КО), Нұрзат Сабыров (11-0, 9 КО) секілді бокс­шыларды да жатқызуға болады. Өйткені кейінгі үш боксшымыз карьерасын сәтті бастағанымен, соңғы екі жылда бірде-бір мәрте рингке көтерілген жоқ. Сонымен қатар аталған үш боксшы да қазір бокс кештерін ұйымдастыратын ешқандай промоутерлік компа­ниямен жұмыс істемейді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан мен Канада халқын жарқын жеңістерімен қуантып жүрген Батыр Жүкембаев, Сад­рид­дин Ахмедов, Абылайхан Құсайынов, Нұрзат Сабыровтар­дың пандемиядан кейін істері алға баспай қойды. Мәселен, А.Құсайы­нов пен Н.Сабыров түрлі себептерге байланысты промоутерімен келісімшартын бұзып, бокс кештерінен қол үзіп қалды. Ал 19 жекпе-жегінің
14-інде қарсыла­сын сұлатып сал­ған Жүкембаев былтырға дейін саты-сатымен чемпиондық жолында тәп-тәуір келе жатқан-ды. Былтыр мамыр айында АҚШ-та өткен дебюттік жекпе-же­гін­де пуэрторикалық Сабриэль Матиастан техникалық нокаутпен жеңіліп, жанкүйер­лері алдында ұятқа қалды. Осы жеңілісінен кейін отандасымыз Канадада тағы бір кездесу өткізіп, қарсыласын 69 секундта сұлатып салды. Дегенмен бір жеңілістің салдарынан жерлесіміз төрт тұжырымның рейтингіндегі жоғары орнын сақтап қала алмады. Батырдың рингке шықпағанына тамызда тоғыз ай болды. Әдетте чемпиондық белдікке талпын­ған боксшылар бұл уақытта кем дегенде екі жекпе-жек өткізетін.

Сонымен қатар біраз жыл бұрын кәсіпқой бокстың «Мек­кесі» саналған АҚШ-тағы бокс кештерінде жұдырықтасып жүр­ген Айдар Шәрібаев пен Бек­ман Сойлыбаев карьерасындағы оныншы жекпе-жегіне жетпей жығылып, өзге боксшыларымыз сияқты біраз уақыт бокстан қол үзіп қалды. Кейіннен А.Шәрібаев Қазақстанға оралып, 2020 және 2021 жылы бір-бір кездесу өткізіп, жеңіске жетті. Жерлесіміз қазір­гі таңда АҚШ-та жаттығу жиы­нын өткізіп жүр. Соған қараған­да, былғары қолғабын қайта кигенге ұқсайды.

Шымкенттік Б.Сойлыбаев та 2017 жылға дейін зор қарқынмен келе жатқан еді. Бірақ кейіннен белгісіз себептермен төрт жылға рингтен алыстап қалды. 2021 жылы шаршы алаңға орала салып, мексикалық боксшы Рамиро Чезенадан ұпай саны бойынша ұтылып қалды.     

Сондай-ақ әуесқой бокста ел құрамасында жүріп біраз биіктерді бағындырған Тұрсынбай Құлахмет пен «Астана арландары» жартылай кәсіби клубында жүріп-ақ әлемге әйгілі боксшылардың томағасын сыпырған Мадияр Әшкеевтен де қазақстандық жанкүйерлер көп үміт күткен еді. Өкініштісі сол, кейінгі екі жылда екі боксшымыз да жеңіліп, жанкүйерлерін жерге қаратты. М.Әшкеев 2020 жыл­дың желтоқсанында америка­лық Чарльз Конуэллден (17-0, 13 КО) ұтылып, күні бүгінге дейін рингке шыққан жоқ. Ал әуесқой ­бокста 2019 жылы Азия чемпио­ны атанып, екінші айқасында-ақ WBC International белдігін олжалаған Тұрсынбай Құлахмет былтыр қазанда Доминикан өкілі Хуан Карлос Абреуден (23-6-1) техникалық нокаутпен жеңіліп қалды.