Әдебиет • 11 Тамыз, 2022

Жауабы жоқ жұмбақ тағдыр

505 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әр ақынның өз тағдыры бар. Әйтсе де, тағдыр тарту еткен талантымен танылған ақындардың біразы неге өмірден ерте озады екен? 37 жасында бақиға аттанған әйгілі Александр Пушкинді ресейлік әдебиетшілер: «Ол Сергей Есенин мен Михаил Лермонтовқа қарағанда «ақсақалдық» жасқа жетті ғой» деп әзілдейді екен. Осылайша, олар Есениннің 30, Лермонтовтың 26 жасында бақилық болғанын тұспалдаса керек. Есениннің де, 29 жасында теңізге батқан ағылшын Перси Шиллидің де тағдыры тұңғиық трагедия...

Жауабы жоқ жұмбақ тағдыр

Әлбетте, жоғарыда біз сөз еткен ақындардың барлығы да әдебиет әлемінде өз орнын қалыптастырып кеткен. Ал жиырмаға жетпей өз отына өзі жанып кеткен таланттар қаншама?! Олардың қатарында қазақ ақындары да баршылық.

Өлең әлеміндегі өрнегі бөлек ақын­дардың бірі – Салтанат Абашева. Табиғат тамыршысы атанып кеткен белгілі ақын Қуандық Шолақтың қызы Салтанат жиырма жасқа жетпей бақилық болды. Өмірін өлеңмен өрнектеген жас таланттың жырларынан өкініш пен өксіктің үні естілетіндей ме, қалай?

«Дауа болмай тірліктің құрғыр емі,

Өзегімді өкініш тілгіледі.

Жүрекке жол салсам деп

жас қаламым,

Қолдан сусып кете ме, кім біледі?

Жарық та бір, мен үшін мола да бір,

Назы басым не демес нала көңіл.

Аңдаусызда атылған оқ секілді,

Осыншама келте ме ең,

шолақ өмір?!

Өзімді – өзім зерделеп ұғынғанша,

Жалған, жалған, жалт бердің

бұрылғанша.

Өлмегенім сол менің –

жұрт көңілінде

Жан-жүректі жалғыз

жол жырым қалса»,

 деп жырлайды он тоғыз жастағы ақын.

Оның жанын жегідей жеген нендей мұң? Неге ол «Осыншама келте ме ең, шолақ өмір?» деп жырлады? Осы бір сауал көкейімізді тілгілей түсетіні бар. Жиырма жасқа жетпей өмір мен өлімнің мәнін ұғып қойды ма екен? Кім білсін...

«Көкірегіме қабылдап сайтан оғын,

Құрдымға ауып құмықты

айтар әнім...

Дауа таппай жаныма дауыл күнгі,

Ескегі жоқ қайықтай шайқаламын.

Тұтамданып үміттің

құлаш жібі,

Құлағыма қайғының ұласты үні.

Жирендіріп барады

шындығы жоқ,

Әділетсіз өмірдің ластығы»,

деп келетін шумақтарынан Салтанаттың жанын әлдебір қайғының жегідей жегенін сезінгендей боламыз.

Иә, бала күнінен өлеңнің тұнығынан қанып ішкен Салтанаттың жырлары расында да қуатты еді. Оны жоғарыдағы шумақтардың өзі де айқындап тұр ғой. Біздің жанымызға бататыны – оның фәнимен ерте қоштасқаны. Оның тағдыры – шешілмеген жұмбақ. Жауабы жоқ жұмбақты ешкім шеше алмайды...

 

Жамбыл облысы