Экономика • 11 Тамыз, 2022

Қазақстан бақылауына өтуі мүмкін

240 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдерінің қатысуымен құрылған Еуразиялық даму банкінің бақылау пакетінен Ресей бас тартып, бұл мандат Қазақстанға берілуі мүмкін. Bloomberg ақпараты бойынша, банктің 65,97 пайыз акциясына иелік ететін Ресей санкциялық тәуекелге байланысты Белоруссиямен бірге өз үлесін қысқартқысы келеді.

Қазақстан бақылауына өтуі мүмкін

Ресей мен Белорусияның көптеген мемлекеттік құрылымы қазірдің өзінде АҚШ пен ЕО-ның қатаң санкцияларына ұшырап үлгерді. Санкция сынағына тап болғандар ішінде ЕАДБ жоқ. Дегенмен Ресей осы бас­тан бұл банктен «іргесін аулақ салып», сақтық қамына кіріскен сыңайлы. Банктегі Қазақстанның үлесі 32,99 пайызды құрайды. Бұл ретте Бело­руссияның үлесі – 1 пайызға жуық, Тә­жікстан мен Арменияның үлесі – 0,04 пайыздан. Егер бұл ақпарат шындыққа жанасып, мәміле жүзеге асса, Қазақстан банктің бақылаушы акционеріне айналуы әбден мүмкін. Банк сайтындағы ақпарат бойынша қаржы институтының жарғылық капиталы – 1,5 млрд доллар.

Bloomberg ақпараты бойынша, 8 тамызда Еуразиялық даму банкі айналымдағы 436 млн долларлық облигациядан қыркүйекте өтеу мерзі­мімен 300 млн доллар облигацияны сатып алуды ұсынған.

Банк қатысушы мемлекеттер аум­ағында 76 жобаны жүзеге асырады. Банктің қатысушы-мемлекеттерге салған жалпы инвестициясының көлемі 12,185 млрд долларға жеткен. ЕАДБ портфеліндегі негізгі үлесті транспорттық инфрақұрылым, цифр­лы жүйе, жасыл энергетика, ауыл ша­руашылығы, өнеркәсіп және көлік құрастыру жобалары алып тұр.

Еске салайық, бұл банк мем­лекетаралық келісім негізінде 2006 жылдың 12 қаңтарында құры­лып, жұмыс істей бастады. Банктің міндеті – қатысушы-мемлекеттердің эконо­микалық өсіміне жағдай жасап, елдер арасындағы сауда-экономикалық байланысты кеңейту және еуразиялық кеңістікте инвестициялық жобалар арқылы интеграциялық процестерді дамыту. Банктің штаб-пәтері Ал­ма­тыда орналасқан.

«2022-2026 жылдар стратегиясында 3 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлаған: «Еуропа-Батыс Қытай» транспорт дәлізі, бірыңғай тауар тарату желісі және банктің жалпы инвестициясы шамамен 1, 2 млрд доллар болатын су-энергетикалық кешені. ЕАДБ мемлекеттері үшін стра­те­гияда жобаларды ұлттық валютада қаржыландыру және еуразиялық ке­ңістікте интеграциялық процестерді интенсификациялау, сондай-ақ тауар, қызмет, капитал және жұмыс күшінің ортақ нарығын құру үшін Ресейге басымдықтар берілген. Украинаға басып кіргеннен кейін Ресейдің экономикалық даму министрі бірінші тоқсанда ЕАЭО аумағында бірыңғай рубль аймағын енгізуге ұсыныс жасады. Сол кезде бұл ұсыныс резонанс тудырып, біздің үкімет тарапынан ешқандай бірыңғай рубль кеңістігі болмайтыны мәлімделіп, Қазақстанда кедендік баж салығы доллармен есептелетіні айтылып еді. Енді Ресей үлесі азайып, бақылау Қазақстанға берілгеннен кейін ЕАДБ-ның стратегиялық басымдықтары да қайта ыңғайланады. Бұған дейін басқару және үйлестіру рөлі Ресейдің қолында болса, енді Қазақстан үшін ЕАЭО мемлекетаралық бағдар­ла­малары шеңберінде емес, елдің әлеуе­тін дамыту үшін жобаларды іске асыру мүмкіндігі пайда болады», дейді телеграмдағы Risk Rakers каналы. 

Дегенмен соңғы шыққан бір ақ­паратта ЕАДБ өзінің инвестициялық портфеліндегі Ресей үлесін азайтуды жоспарламайтыны айтылды.

«Инвестициялық портфелдегі Ресей үлесі 40 пайыз мөлшерінде сақ­талуы мүмкін. Портфелдегі ел­дік құрылымның айтарлықтай өз­геруі орын алмайды. Жыл бойын­ша кейбір ауытқулар туындап, бірқатар жоба бойынша конфигура­ция өзгеріске түсуі ықтимал. Де­генмен ресейлік портфель 40 пайы­з деңгейінде сақталады. Ешқандай қысқарту болмайды. Өйткені әртүрлі сектордағы әлеуетті жобалардың саны өте көп. Бірақ Ресей мен Бела­русь үлесі сәл азаяды. Жоғары мөл­шер­лемелер аясында жоспарлы жұмыс біршама тежеліп қалды, алайда қазір макроэкономикалық жағдайлар бір­тіндеп қалыпқа келіп жатыр және бізде динамика күшейіп жатыр», дейді банк басшысы Николай Подгузов.

Оның айтуынша, ЕАДБ түрлі жобаны қаржыландырудан бөлек Қазақстанға 10 млрд доллардан астам жеке және стратегиялық инвестиция тарту бойынша драйвер болуға ниетті. Ол бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде мәлімдеді.

«Қазақстандағы экономикалық міндеттерді шешуде банк үлесін кү­шейту, орнықты даму мақсатына қол жет­кізу және әлеуметтік маңызды жо­баларды құру – Еуразиялық даму бан­кінің 2026 жылға дейінгі жаңа стратегиясының негізгі бағыттары болып саналады. Алдағы бес жылда біз 3,8 млрд доллардан кем емес мөлшерде инвестиция жасауды жоспарлап отырмыз. Бұл соңғы республикаға 15 жылда берілген қаржыландыру көлемімен тең. Инвестиция қарқыны 2 есеге артады. Біз негізінен «жасыл» экономика, азық-түлік қауіпсіздігі, Қазақстан экспортының инфрақұрылымына капиталдық салым жасауға ниеттіміз. Негізгі мақсаттың бірі – Қазақстанның және тұтастай алғанда аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынатын бірыңғай тауар тарату желісін құру мәселесі. Жобаны жүзеге асыру азық-түлік баға­сын төмендетуге және азық-түлік тауар­ларының қауіпсіздігін қамта­масыз етуге мүмкіндік береді», деген еді Н.Подгузов.