Елорда • 12 Тамыз, 2022

Елордада Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт ашылды

845 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін елордада Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттің ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт ашылды

Фото: Алена Бутенко

«Бүгін қасиетті жұма күні елордамызда еңселі мешіт ашылып отыр. Бұл елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының бас мешіті деп аталады. Тәуелсіздік дәуірінде бізді қолдаған, елімізді ел қылуға жар болған Алла Тағалаға деген құрметімізбен мен осы мешітті салуға ниет жасадым. Бұл бас қаламыз ғана емес, бүкіл еліміз, барлық мұсылман қауымы үшін маңызды оқиға»,  деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ ол кейінгі 30 жылда бас қалада еңселі көп нысандар бой көтергенін айтты.

«Оның ішіндегі бұл мешіттің орны жеке дара деп санаймын. Тәуелсіздік таңы атқаннан бері еліміздің әр түпкірінде мешіттер ашылып, жамағатты риза қылғаны бәрімізге белгілі. Сол мешітерде оқылған намаздар мен дұғаларды Алла қабыл етсін. Мен Мемлекет басшысы ретінде өкілеттігімді тоқтатудан бір күн бұрын, 2019 жылғы наурызда осы мешіттің алғашқы кірпішін қаладым. Сол сәтте менің қасымда қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Аллаға жүгініп, ризашылығымызды білдіріп, болашақта халқымыздың тәуелсіздігі мен еркіндігі ұзағынан болсын деп тіледік. Асыл дінімізге осынша қолдау көрсетуді әу бастан мұсылмандық міндетім, халқымның алдындағы перзенттік парызым деп білдім», деді ол.

Айта кетсек, мешіттің бас күмбезінің биіктігі 90 метрге жуық, ал мұнаралары 130 метр. Құлшылық үйіне 30 мың адамға дейін сыяды.