Цирк – ғажайып өнер, әсіресе оны балалар қызығып көреді. Аталған байқау – бүгінде цирк өнеріндегі беделді халықаралық фестивалдердің біріне айналды. Жыл санап ауқымы артқан байқауға биыл Франция, Италия, Ресей, Беларусь, Мажарстан, Вьетнам, Израиль, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан және отандық цирк өнерінің сайыпқырандары қатысып, дүбірлі доданың байрағын көтерді. Фестиваль барысында көрермендер Франция мен Вьетнамнан келген әйгілі әуе гимнастарының өнеріне таңғалса, танымал қазақстандық атты-акробатикалық ансамбльдің ойындары да өз ерекшелігімен жұртшылықты тәнті ете білді. Сондай-ақ шебер жонглерлер, акробаттар, арқан бойымен жүрушілер мен эквилибристердің өнері де ешкімді бейжай қалдырмады. Әсіресе цирк клоундарының қызыққа толы түрлі іс-қимылдарына балалар дән риза болып, күлкіге батты. Сонымен бірге фестивальге қатысушылар арасында «штейн-трапе» жанрының үздігі, атақты әуе эквилибрисі Олег Спигинте өнер көрсетіп, көрермендердің ықыласына бөленді. Айта кетейік, бұл жолғы байқаудың бағдарламасында жыртқыш аңдармен өнер көрсету алынып тасталған.
Халықаралық деңгейдегі іс-шараны ұйымдастырудың басы-қасында жүрген «Астаналық цирктің» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерік Жолжақсынов өз сөзінде беделді байқаудың маңызына тоқталды.
– «Азия жаңғырығы» фестивалінің мәні де, мазмұны да бөлек. Бұл байқау еліміздегі цирк өнерін ғана емес, елорданы да әлемге танытуға өз үлесін қосты. Бір жағынан, цирк әртістеріне шабыт береді, жаңа тынысын ашады. Өнер адамы тоқтап қалмау керек. Сол үшін осындай фестивальдер өте қажет. Біз қазір әр елден келген әртістердің өнерін көріп, тәжірибе алмасамыз. Сондай-ақ көптеген мемлекеттегі әріптестерімізбен шығармашылық байланыс құрдық. Біздің негізгі көрермендеріміз – балалар. Кейде балаларын ертіп келген ата-аналар циркті көріп, таңғалып жатады. Негізі, өнердің әдемілігі – циркте. Сіз цирк әртістерінің өнерін көріп, адам бойындағы қабілеттің соншалық мол екендігін түсінесіз, – деді ол.
Ал Ресей Федерациясының құрамындағы Саха республикалық мемлекеттік циркінің директоры, қазылар алқасының мүшесі Сергей Расторгуев фестивальдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, өз ризашылығын білдірді.
– Біздің цирк театрымыз тоқсаныншы жылдардың басында ашылған. Содан бері тынымсыз жұмыс істеп, көптеген байқауларға қатысып, лауреат атандық. Негізі, Якутск қаласында үш жүз мыңнан аса халық тұрады, соншалықты үлкен деп айта алмаймын. Сонда да біз қаламызға цирк театры керек екендігін дәлелдей білдік. Театр әртістері Бейжіңде оқып, өнерін шыңдап келді. Біз де халықаралық фестиваль өткіземіз, оған қазақстандықтар да қатысты. Екі өнер ордасының арасында әріптестік қана емес, достық байланыс орнаған. Маған «Азия жаңғырығы» байқауы ерекше ұнады. Әсіресе әр елден келген цирк әртістерінің көрсеткен бағдарламалары өте қызықты, аншлагпен өтіп жатыр. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – деді фестиваль қонағы.