Қоғам • 15 Тамыз, 2022

Ерекше балаларға қамқор орталық

644 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар кішкентайы­ның қатардан қалмай, дүниетанымы, өмірге бейімделу дағдысы қажетті деңгейде қалыптасқанын қалайтыны анық. Осы санаттағы отбасылардың қасынан табылып, жан-жақты қолдау көрсететін орталықтардың қатары көбейіп жатқаны қуантады. Жақында Нұр-Сұлтан қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға ғана емес, олардың ата-анасына да қажет көмек түрлерін көрсететін орталық ашылды.

Ерекше балаларға қамқор орталық

Жаңадан ашылған «Бақыт­ты шаңырақ» оқыту-оңалту орталы­ғының ерекше қажеттіліктері бар бала­ларды өсіріп отырған отбасы­ларға тигізетін көмегі көп. Бұл астанада жұмыс істейтін осындай орталықтардың төртіншісі екен. Орталықтың ашылу салтанатына Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысып, ерекше балаларға қамқорлық, олардың ата-аналарын қолдау қашанда назарда болатынын атап өтті.

Әкімнің айтуынша, «Бақытты шаңырақ» орталығы мүмкіндігі шек­теулі 600-ден астам баланы қам­тиды. Орталықтың ерекшелігі – мүмкіндігі шектеулі балаларға ғана емес, олардың аналарына да қажет көмек түрлері көрсетіледі. Мұнда ерекше балалардың аналарына қайта білім алу, біліктілігін арттыру курстарынан өту, жұмысқа орналасу бойынша жәрдем беріледі. Сол сияқты психологиялық көмек те көрсетіледі.

«Мемлекет басшысының тап­сыр­масы бойынша ерекше қажет­тіліктері бар балаларға жан-жақты жағдай жасау мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Кейінгі жылдары оңалту орталықтарының желісі айтарлықтай артты. Осылайша, 15-тен аса орталық ашылды, олар 4 мыңға жуық мүмкіндігі шек­теу­лі баланы қамтып отыр. Оңалту орта­лықтары мен көмек көрсету орталықтары ерекше балалар­дың ата-аналары үшін ауадай қа­жет. Себебі мұндай орталықтар бала­ның денсаулығын жақсартуға және оларды әлеуметтендіруге кө­мек­теседі. Мәселен, осыған дейін «Асыл Мирас», «Орда», «Балам-Ай» оңалту орталықтары, сол сияқ­ты №1 қалалық балалар ауруха­на­сы базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Олар ДЦП,
аутизм, даун синдромы және жү­рек талмасы секілді диагнозы бар балаларды оңалтумен айналысады. Сондай-ақ біліктілікті арт­тыру және жұмысқа орналастыру мәселесіне арналған орталықтар, белсенді ұзақ өмір сүру орталығы (Ардагерлер үйі), әлеуметтік орта­лықтар («Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы), көру қабі­леті бұзылған балаларға арнал­ған мамандандырылған бала­бақша (Сарыарқа ауданы, Кене­сары көшесі 9/1) ашылды», деді А.Көлгінов.

«Бақытты шаңырақ» орта­лы­­ғының ашылуына Парламент Мәжілісінің депутаттары Динара Зәкиева мен Юлия Кучинская да келіп, тілектестігін білдірді.