Білім • 15 Тамыз, 2022

Елордада жаңа мектеп пайдалануға беріледі

549 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов елорда мектептерін аралап, жаңа оқу жылына дайындық барысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада жаңа мектеп пайдалануға беріледі

«Құрылысы 2018 жылы басталып, әлі күнге дейін аяқталмаған мектепке бардым. Былтыр қала әкімдігі жобалық-сметалық құжаттарын реттеп, нысан басқа мердігерге берілген болатын. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, Ұлы Дала мен №39 көшелерінің қиылысында орналасқан мектеп биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі», деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сондай-ақ ол International School of Nur-Sultan жекеменшік мектебінің құрылысы қалай жүріп жатқанын көрді. Қазір елімізде мемлекеттік мектептермен қатар жекеменшік мектептер де белсенді түрде салынып жатыр. Оларға мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру есебінен оқушы саны толып жатқан мектептерді азайту жоспары бар.

г

«Басқа мектептердің де жаңа оқу жылына дайындығын тексердім. №71 мектеп-лицейінде болдым. Білім ордасы оқушыларды қабылдауға дайын. Жөндеу жұмыстары жүргізілген, инклюзия кабинеті жұмыс істеп тұр. Сыныптарды, асхананы, кітапхананы, спорт залын, жуынатын бөлмелерді аралағанда ондағы әріптестеріммен әңгімелестім. Әсіресе, мектеп кітапханашысының өз ісіне сүйіспеншілігі мен адалдығы ерекше әсер қалдырды. Оқушылар кітапханашылардың еңбегін бағалап, оларды оқыған кітаптарының санымен қуантады деп үміттенемін», деді Асхат Аймағамбетов.

Министр мектепке дайындалып жатқан болашақ 1-ші сынып оқушыларымен де жүздесті. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мектептерді салуды және жөндеу жұмыстарын жүргізуді әкімдіктер жүзеге асырады.

г

«Мектептердің жөндеу жұмыстары, құрылыс сапасы мен мерзіміне байланысты көптеген сұрақ бар. Сапаны қамтамасыз ету бөлімшелерінің өкілдері құрылыс-жөндеу жұмыстарының барысына мониторинг жүргізді және тексеріс елеулі кемшіліктердің бар екенін көрсетіп отыр. Әкімдіктерге шара қабылдау үшін ескертулер жолданды», делінген министрдің хабарламасында.