Қоғам • 15 Тамыз, 2022

Есірткі жарнамалаған 1,6 мыңнан астам сайт бұғатталды

527 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда есірткі заттарын таратуға қатысы бар 1606 сайт, аккаунт және басқа ресурстар анықталып, бұғатталды. Бұл туралы брифингте ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі Данияр Оралов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Есірткі жарнамалаған 1,6 мыңнан астам сайт бұғатталды

«Есірткі заттарды заңсыз жарнамалау немесе насихаттау бойынша 76 сотқа дейінгі іс, оларды интернет арқылы өткізу бойынша 153 қылмыстық іс тіркелді. Әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында есірткі құралдары мен психотроптық заттардың таралуына қатысы бар 1606 веб-сайт, аккаунттар және басқа да ресурстар анықталып, бұғатталды», деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі Данияр Оралов.

Оның айтуынша, халық пен ҮЕҰ қатысуымен есірткі сату бойынша интернет-ресурстарға сілтемелері бар 4160 граффити-сурет жойылды.

Жалпы, ІІМ деректері бойынша, 2022 жылдың 7 айында 1 491 есірткі қылмысы, оның ішінде 874 өткізу фактісі және 227 аса ірі көлемде есірткіні сақтау фактісі анықталды. Жыл басынан бері барлығы 4,5 тонна түрлі есірткі құралдары тәркіленді. Оның ішінде 2,2 тонна марихуана, 400 кг астам гашиш және 87 кг синтетикалық есірткі тәркіленді.

Нұр-Сұлтан қаласының, Атырау және Павлодар облыстарының аумағында каннабис және синтетика есірткілерін сатумен айналысатын 3 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді.

Синтетикалық есірткіге байланысты 890 қылмыс тіркелді. Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Жамбыл, Павлодар, Маңғыстау және Қарағанды облыстарында 23 есірткі зертханасы жойылды.