Қоғам • 15 Тамыз, 2022

«Қарасора» 607 қылмыстың бетін ашты

795 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ел аумағында өтіп жатқан «Қарасора» операциясы барысында 607 есірткі қылмысы анықталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі Данияр Оралов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қарасора» 607 қылмыстың бетін ашты

«Жыл сайын маусымнан қазанға дейін «Қарасора» ауқымды операциясы барысында гашиш пен марихуананы дайындау, сақтау және сатудың мыңнан астам фактілерін анықтаймыз. Арнауы операцияның 2,5 айының қорытындысы бойынша қазірдің өзінде 607 есірткі қылмысы әшкереленді. Оның ішінде 299 сату, 76 сақтау және 167 өсіру фактісі бар», деді департамент өкілі министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.

Данияр Ораловтың дерегінше, заңсыз айналымнан 2 тонна 690 келі есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде 1 тонна 98 келі марихуана, 113,3 келі гашиш, 19,3 келі синтетикалық есірткі және 278 678 түп құрамында есірткі бар өсімдік, 60 тоннадан астам жабайы қарасора жойылды.