Білім • 15 Тамыз, 2022

Педагог мамандығында оқып жүргендердің тәжірибеден өту тәртібі өзгереді

496 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Педагог мамандығында оқып жүргендердің тәжірибеден өту тәртібі өзгереді

«Тәжірибеден бірінші курстан бастап өткізуді ұйымдастырып отырмыз. Бірінші курстан бастап өткені жақсы, бірақ оны өткізу барысына қатысты сұрақтар бар. Мәселен, студент тәжірибеден өзінің туған ауылындағы шағын жинақты мектептен өтуге өтініш білдіреді. Өз кезегінде университет бұл өтінішке келісімін береді. Бұл мектепте тиісті деңгейде тәлім-тәрбие беретін адам бар ма? Өйткені жас маманды кәсіптік тәжірибеден екінің бірі өткізе алмайды. Ол жерде қандай әдістер бар, онымен кім қалай жұмыс істейтініне ешкім мән беріп отырған жоқ. Сондықтан туған жеріндегі мектептен тәжірибеден өткен кезде оған тиісті тәлім беретін адам болмаса, одан қандай сапа талап ете аламыз», деді А. Аймағамбетов Республикалық тамыз конференциясының панельдік сессиясында.

Сондай-ақ министр бұл бағыттағы тәртіпке қазір өзгерту енгізіліп жатқанын айтты.

«Біз жұмыс беруші ретінде тиісті талаптарды қоямыз. Бұл тұрғыда тәжірибені басқаша өткізу керек. Тәжірибеден өте алатын мектептердің өлшемдерін қою ескерілген. Себебі мектепте мұғалімдер мен әдіскерлер бар болса, бұл оқу орнында тәжірибеден өтіп, үйренуге болады. Сондықтан университеттерде оқып жатқан суденттердің тәжірибеден өтуге барудың өзі басқаша қаралады», деді ведомство басшысы.

А.Аймағамбетов жас мамандар мектепте толтырылатын құжаттарды, бағалау жүйесін, яғни оқу орнында реформалар жайында жан-жақты білуі керек екенін атап өтті.