07 Мамыр, 2014

Шиелі ауданы жерінде көлік апатынан 10 адам қаза тапты

576 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

07-05-14-avaria

ҚЫЗЫЛОРДА. 7 мамыр. Бүгін таңғы сағат 9-дар шамасында «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» тас жолының Шиелі ауданы, Тартоғай елді мекені маңында жол апаты орын алып, ол 10 адамның өмірін үзіп кетті. Бұл туралы Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің дерегіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Апат Оңтүстік Қазақстан облысына қарай бет алған «Мерседес Спринтер» шағын автобусы мен Қызылорда қаласына келе жатқан «Тойота Ланд Крузер Прадо» автокөлігі бір-бірімен бет-бет соқтығысуы нәтижесінде орын алған. Мәлімет бойынша, екі көлікте барлығы 19 адам отырған. Бұлардың арасынан 10 жолаушы, оның ішінде екі көліктің де жүргізушілері қаза тапқан. Бұлардан басқа, ауыр жараланған 6 адам аудандық ауруханаға, 2 адам облыстық медицина орталығына жедел жеткізілді. Көлік апаты туралы ақпарат келіп түскен бетте оқиға орнына бірден құрамында нейрохирург, травматолог, хирург және басқа да дәрігерлер бар 2 облыстық және 2 аудандық реанимобиль барды. Бұдан бөлек, апат орнында төтенше жағдайлар департаменті мен ішкі істер департаментінің мамандары және техникалары жұмыс істеуде. Облыс әкімінің тапсырмасымен оның орынбасары Нұржан Әлібаев пен Шиелі ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев оқиға орнына барып, тиісті орган басшыларының қатысуымен шұғыл штаб отырысын өткізді. Қазір жол көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалып, себептері анықталу үстінде. Құрыш Нұрымбет. Дереккөз: Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі. Фото: www.pro-goroda.ru.