Білім • 15 Тамыз, 2022

Тамыз айындағы ҰБТ аяқталды

387 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тамыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге 19 мыңға жуық талапкер қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тамыз айындағы ҰБТ аяқталды

19 мыңға жуық түлектің 69%-ы қазақ тілінде, 31%-ға жуығы орыс тілінде, 0,1%-ы ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

Айта кетсек, тамыздағы ҰБТ сертификатымен талапкерлер жоғары оқу орындарына ақылы негізде ғана түсе алады.

Тестілеу қорытындысы бойынша 10 мың талапкер шекті балл жинай алды, Бұл – қатысушылардың жалпы санының шамамен 54%-ын құрайды. ҰБТ орташа балы 58 балды құрады. Ең жоғары балл – 128.

ҰБТ өткізу барысында 118 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде 39 азамат смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Қалған 79 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзып, аудиториядан шығарылған. Олардың да тест нәтижесі жойылды.

«Талапкерлердің таңдауы өзгеріссіз қалып тұр. Барлық қатысушылардың 21%-ы «математика-физика» комбинациясын, 20%-ы «химия-биология» комбинациясын таңдаған. «Химия-физика» пәндер комбинациясын тек 39 талапкер тапсырды», деді ҚР ҒЖБ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Еске сала кетсек, тестілеу қорытындысымен келіспеген талапкер апелляцияға электронды түрде өтініш бере алады. Тамызда ҰБТ тапсырғандардан апелляцияға 2 мыңнан астам өтініш түскен. Олардың ішінде 2 тест тапсырмасы қанағаттандырылды. Республикалық апелляциялық комиссия жұмысын аяқтады, талапкерлердің сертификаттары жеке кабинетте қолжетімді.

Тамыз айындағы ҰБТ шекті балл жинай алмаған талапкерлердің тестілеуден қайта өтіп, ЖОО-ға ақылы негізде түсу мүмкіндігі болуы үшін өткізіледі. Сонымен қатар ЖОО-да ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуды жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады.