Таным • 15 Тамыз, 2022

Сақ дәуірінің ескерткіші

854 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай облысының Аягөз ауданында сақ дәуіріне тиесілі ескерткіш табылды. Бозай ауылының маңында жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде біздің заманымызға дейінгі VII-VI ғасырға тән, яғни ерте темір дәуірінің жерлеу-ғұрыптық ескерткіші анықталды.

Сақ дәуірінің ескерткіші

Археологиялық зерттеу жұ­мыстарын тарих ғылым­дары­ның кандидаты Ғани Омаров бастаған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археолог-ғалымдары жүргізіп жатыр. Оның нәтижесіне сәйкес сақ кезеңіне жататын киім әшекейлері табылды. Аңдық мәнерде безендірілген олжалар ерте дәуірде өмір сүрген көшпелілердің мәдениеті жо­ғары болғандығын айғақ­айды, дейді ғалымдар.

Экспедиция мүшелерінің болжамына сүйенсек, биіктігі 3 метрден, ал диаметрі 30 метр­ден асатын қорғанда шамамен 2700-2600 жыл бұрын өмір сүрген сақ қолбасшыларының бірі жерленуі мүмкін.

«Қорғанның тоналып кет­ке­ніне қарамастан жерленген адамның киім әшекейлері, оның ішінде бас киімнің әшекейлері табылып отыр. Бұл қорымның тағы бір ерекшелігі, оның ішін­де плита тастарының тігінен қа­шалғаны байқалды. Негізі мұн­дай дәстүр қола дәуіріне тиесілі. Бұл ерте темір дәуірінде кез­дескен әзірге алғашқы артефакт.

Қорымда 60-қа жуық ес­керт­кіш бар. Алдағы уақытта та­былған жәдігерлерді консер­ва­циялап, зерттеуге жіберу көз­деліп отыр. Сондай-ақ құнды заттарды қалпына келтіру бо­йын­ша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Қо­рытынды жұмыс, ол та­был­ған жәдігерлерді ретке келтіріп, музейдің экспозициясына тапсыру», деді Әл-Фараби атында­ғы Қазақ ұлттық университеті­нің аға-оқытушысы, археолог Бауыржан Бесетаев.

Тұтастай алғанда, алдағы уақытта мұндай қорымдар тағы да табылуы ғажап емес. Неге десеңіз, отандық ғалымдар Абай облысында әлі де зерт­теуді қа­жет ететін жер көп деп санайды. Оның қатарына Аягөз­ден бөлек, Үржар, Жарма, Көкпекті аудандары кіреді.

«Патшалық Ресей мен Кеңес Одағы тұсында көбінесе Ертіс өзенінің маңы зерттеліп, сол өңірге басымдық беріліп кел­ді. Ал Аягөз, Үржар, Көкпекті, Жарма аудандары археология саласында адамның ізі түспеген аумақ саналады. Тек бірен-саран ғалымдардың жазбаларында ғана кездеседі», деді Б.Бесетаев.

Өкінішке қарай, ғалымдар­дың айтуынша, қорымдарды тонау, бүлдіру әрекеттері азай­май тұр. «Осы зерттеу жұмыс­тары жүр­гізіліп жатқан Бозай қоры­мы­ның өзінен біз келгенге дейін тонау орын алған. Арнайы жүк тиегіш көлікпен келіп, бұл жерді қазып бүлдіріп кеткен. Бұдан басқа Ақсуаттағы Еле­ке сазында да тонау деректері тіркелген. Аягөз ауданына қа­расты Ақша­тау ауылының ма­ңында Қырық­оба деп аталып кеткен жер бар. Сол аумақта да осындай сұм­дық жағдай­лар болған. Мұндай жағымсыз оқиға өте көп», деді археолог.

 

Абай облысы,

Аягөз ауданы