Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
2022 жылы 12 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңға енгізілген өзгеріс бойынша, 2024 жылдан бастап көлік жүргізушілері үшін міндетті сақтандыру полисінің құны жыл сайын қайта қаралып тұрмақ. Баға әр аймақтағы жол апатының деңгейіне байланысты.
«Қазіргі сақтандыру тарифтері 2007 жылы бекітілген және содан бері жаңартылмаған. Сол себепті міндетті автосақтандыру бойынша икемді баға қалыптастыру жүйесін енгізу ұсынылды. Әр өңірдегі апаттылық деңгейі әртүрлі. Орташа шығын коэффициенті Солтүстік Қазақстан облысында – 20, Нұр-Сұлтан мен Алматыда 61 пайызды құрайды. 2024 жылдан бастап көлік құралы иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша шығын деңгейін 60-80 пайыз аралығында бекітуді жоспарлап отырмыз. Әлемдік практикаға сүйенсек, сақтандыру компанияларының адекватты шығын деңгейі 64-68 пайыз аралығында. Бұл – сақтандыру компаниясына тиісті төлемдерді жүзеге асыруға және автокөлікті сақтандыру полисі бойынша тиісті комиссия деңгейіне ие болуға мүмкіндік беретін қалыпты шығын коэффициенті. Сондықтан дәл осы аспектілерді ескеретін автополистің икемді тарифтеріне көшу жоспарлануда», дейді М.Хаджиева.
Автосақтандыру полисі бойынша икемді баға жүйесін құру үшін көлік құралы иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша статистика түзіледі. Ол статистика екі жыл бойы жинақталып, жиналған дерек 2024 жылға таман жаңа тариф белгілеуге мүмкіндік бермек. Жоғарыда айтылғандай, тариф құны өңірдегі сақтандыру шығыны мен апаттылық деңгейіне байланысты сараланып, бекітіледі. Егер аймақта жол апаты деңгейі аз болса, онда полис құны да арзан болмақ.
Сонымен қатар М.Хаджиева саладағы цифрландыру үдерісінің жалғасатынын, 2024 жылдан бастап көлік құралы иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша онлайн-реттеу енгізілетінін де атап өтті.
«Бұл сақтандыру ұйымының кеңсесіне келмей-ақ сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру тәртібін айтарлықтай жылдамдатады және жеңілдетеді. Қазір бірқатар сақтандыру ұйымдары тиісті бағдарламалық-техникалық құралдарды сынақтан өткізуде. Сонымен бірге аталған полис бойынша автотранспортқа келген залалды бағалау жүйесі де жетілдіріледі. Бұл да сақтанушының сақтандыру төлемдерін алу кезіндегі уақыты мен бюджеті бойынша шығындарын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді», деді ол.
Сақтандыру нарығын дамыту басқармасының бастығы Сағи Әжібектің айтуынша, заңмен ұсынылатын маңызды жаңалықтардың ішінде – өмірді сақтандырудың жаңа, әлеуметтік маңызы бар өнімдерін енгізу, сақтандыру саласын одан әрі цифрландыру, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесін дамыту және сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетігін жетілдіру бар. Әзірлеушілер заңның халық үшін сақтандыру ұйымдарының офистеріне бармай-ақ онлайн режімде сақтандыру қызметтерінің толық аясын алу мүмкіндігін басты көзір еткен.
«Бүгіннің өзінде біз автосақтандыру шарттарын бір түртіп қана қашықтықтан жасай аламыз. Бізге автокөлік иесі мен автомобиль бойынша деректерді толтырудың қажеті жоқ. Себебі Бірыңғай сақтандыру дерекқоры оны Әділет министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік дерекқорларымен интеграциялау арқылы ала алады. Бұл автосақтандыру шартында клиент толтыратын ақпарат көлемін айтарлықтай азайтады», дейді С.Әжібек.
Автосақтандыру шарты бойынша шарт жасалған сәттен бастап сақтандыру төлемін алғанға дейінгі цикл толықтай цифрлануға тиіс. Барлық рәсімнің қарапайым және ашық болуы да қатаң бақыланады. Бұл талаптар да заңда жазылған.
«2024 жылдан бастап автомобиль иелерінің болмашы жол-көлік оқиғаларының салдарынан көлік құралдарына келтірілген залал үшін сақтандыру төлемдерін алуын жеңілдететін «Еурохаттаманы» енгізу жоспарланып отыр. Мұндай тәртіп жол-көлік оқиғасына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына зиян болмаған жағдайда және залал сомасы 100 АЕК-тен аспаса, полицияның қатысуынсыз мобильді қосымшаның көмегімен сақтандыру төлемін алуға, құжаттарды ресімдеуге және сотқа жүгінуге мүмкіндік береді. Қазір клиент пен сақтандыру ұйымының өзара іс-қимылының бүкіл процесін цифрландыру мақсатында сақтандыру ұйымдары мен мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арасында интеграция жүргізіліп, Бірыңғай сақтандыру дерекқорының функционалы пысықталуда және мобильдік қосымша әзірленуде», деді агенттік өкілі.
Сондай-ақ заңға енгізілген түзетулердің үлкен блогы сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған.
«Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының кепілдігімен өтелетін сақтандыру сыныптары тізбесінің ұлғайтылуы – сақтанушылар үшін маңызды жаңалық. Қордың кепілдігі сақтандырудың барлық міндетті және әлеуметтік маңызды сыныптарына, оның ішінде бірлескен зейнетақы аннуитеттері мен МБЖЖ шеңберінде өмірді сақтандыруға да қолданылатын болады. Егер қазіргі уақытта Қордың кепілдігі сақтандырудың тек 5 түрін қамтыса, Заң күшіне енгеннен кейін сақтандырудың кепілді түрлерінің саны 10-ға дейін, яғни екі есе артады», деп атап өтті басқарма бастығы.
Соңғы жылдары сақтандыру нарығындағы жаңалықтың бірі – ерлі-зайыптылардың зейнет жасына жеткеннен кейін бірыңғай зейнетақы аннуитетін пайдалана алуы. Мария Хаджиеваның айтуынша, ерлі-зайыптылардың ажырасып кетуі де зейнетақы аннуитетін пайдалануына еш кедергі болмайды.
«Бізде зейнетақы аннуитеті келісімшартын жасау үшін минималды жеткілікті сома бойынша шектеу бар. Қазір 55 жасында мұндай келісімшарт жасай алатын азаматтар саны – 25 мың. Олардағы жеткілікті сома заңмен бекітілген минималды жеткілікті деңгейден асып түседі. Олар өз жинақтарын сомасы минималды шекке жетпейтін зейнетақысы бар азаматпен біріктіре алады. Ол жақын туысы немесе жұбайы (жолдасы) болуы мүмкін. Ер мен әйелінің ажырасып кетуі олардың жеке төлемдеріне әсер етпейді. Өйткені әр адамның төлем графигі жеке жасалады», дейді М.Хаджиева.
Оның сөзіне қарағанда, зейнетақы аннуитетінің артықшылығы көп. Біріншіден, бұл – зейнетақыңызға қосымша болатын төлеммен бірге сақтандыру қорынан өмірінің соңына дейін төлем алып отыру мүмкіндігі. Ал БЖЗҚ зейнетақыны өмірдің соңына дейін емес, зейнетақы шотындағы қаражат таусылғанша төлейді. Екіншіден, зейнетақы аннуитеті шарты зейнеткерлік жасқа толған және зейнетақы аннуитеті шартын жасасқандар үшін тұрғын үй сатып алу қажет болған жағдайда БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын толық көлемде алуға мүмкіндік береді. Зейнетақы аннуитеті арқылы азаматтар сақтандыру компаниясының көмегімен өз зейнет қаржысын зейнет жасына жетпей-ақ ала бастайды. Бірақ зейнетақы жинағы жеткілікті сома деңгейіне жетіп тұруы керек. Бірлескен аннуитет жақын туыстардың зейнетақы жинақтарын біріктіруге және аннуитет шарты бойынша кірістерді қайта бөлуге мүмкіндік береді. Мысалы, егер ерлі-зайыптының біреуінде өмірді сақтандыру бойынша компаниядан аннуитетті сатып алу үшін зейнетақы жинақтары жеткіліксіз болса, ал екіншісінде артылып жатса, онда бірлескен зейнетақы аннуитеті арқылы екеуіне де өмір бойы төлемдер қамтамасыз етіледі.
Еске салайық, ер адамдар 55 жастан бастап сақтандыру компаниясынан зейнетақы аннуитеті бойынша төлем ала алады. Ол үшін зейнетақы қорында 6,7 млн теңге көлемінде жеткіліктілік сомасы болуға тиіс. Әйелдер бұл мүмкіндікті 52 жастан бастап қолдануға құқылы, ал жинақ сомасы 9 млн теңгені құрауға тиіс. Бұдан бөлек «мерзімі жылжытылған» аннуитет те бар, оны 45 жастан бастап сатып алуға болады. Ол үшін 45 жастағы ер адамның БЖЗҚ-да кемінде 6,1 млн теңгесі, ал сол жастағы әйелдің 7,7 млн теңге жинағы болуы міндетті. Бірақ бұл аннуитет бойынша төлемді азамат тек 55 жастан бастап алады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректері бойынша 61 мыңнан астам адамның өмірді сақтандыру компанияларында 300 млрд теңгеден астам жалпы сомаға зейнетақы аннуитеті шарты бар, яғни олар өзіне өмір бойғы зейнетақы төлемдеріне кепілдік жасаған.
«Коммеск-Өмір» СК» АҚ басқарма төрағасы Олегь Ханиннің сөзіне сүйенсек, зейнетақы аннуитеті, әсіресе әйелдерді қолдауға бағытталған бастама. «Негізінен зейнетақы түсімдері ер адамдарға қарағанда әйел адамдарда азырақ. Осылайша, жоспарлау құралы ретінде зейнетақы аннуитетінің тиімділігі арта түседі», дейді ол. Ал «Халык-Life» басқарма төрағасы Жанар Жұбаниязова биыл сақтандыру компаниялары күтетін соңғы өзгерістердің қатарында – сақтанушының зейнетақы аннуитеті шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігін БЖЗҚ-ға қайтару мүмкіндігін атап өтеді.