Қоғам • 15 Тамыз, 2022

Шошынған жатыр, ұшынған ұрпақ

830 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуықта маңғыстаулық Мір Шайыр атты автордың екі жыл бұрын жарық көрген «Әулиетас» атты әңгімелер жинағы қолымызға түсті. Бұл туындыда 1920-1930 жылдары жаппай ашаршылық және асыра сілтеудің салдарынан үрейленіп, туған жер, өскен өлкесін тастап жан-жаққа босып кеткен жұрттың әйелдері ұзақ жыл бойы бала көтеріп, жүкті бола алмай ел-жұрт пұшайман күйге түскені жайлы айтылыпты.

Осы орайда атам қазақтың «ойды ой түртеді» дегеніндей, дәл осы тектес оқиғаны түркиялық абыз ақсақал Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел» атты естелік жазбасынан оқығанымыз есімізге түсті. Онда былай деп жазылған екен: «1930 жылдары 18 мың адамдық үлкен көш Алтайдан ауа көшіп Гансу өлкесіне келдік. Арада адам төзгісіз қырғын соғыстың салдарынан тірі қалған 5 000 адам Тибетке өттік. Осы өлкеде жыл жарым тұрақтап, 1941 жылы дегенде аман қалған 3 000 адам Үндістанға өтіп, бір жыл өткенде осыдан 1 000 адам ғана тірі қалдық. Алтайдан босып барған бізді жергілікті үкімет Үндістанның Мұзапар Абат қаласы маңына орналастырды. Қаланың айналасын қалың қарағайлы тау қоршаған. Күнде жауын. Су тамшылары баспана шатырдан өтіп, көрпе-жастық, киім-кешек түгел көгеріп, алды иістеніп шіри бастады. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, ұзақ жауған жаңбырдың салдары ма, жаппай ауру-дертке ұшырадық. Аурудың сырын ешкім білмейді. Көп адам есінен ауысып жынданып кетті. Біреулердің бет-аузы ісіп, тұлабойына жара қаптап, тіпті тістері шіріп кеткендер қаншама. Күн сайын он шақты адам ажал құшады. Өлген адамдарымызды қалалық зиратқа немесе қоныс сыртына жерлетпейді, рұқсат жоқ. Шатырдың сыртында қарулы әскери күзет. Амалсыз өлген адамдарды шатырлардың арасындағы бос жерлерге көміп, өзіміз олардың зиратын жастанып, өлгендермен бірге өмір сүрдік. Бітіретін жұмысымыз күні бойы тек зират қазу. Мүлде түтіні өшіп қалған отбасылар да болды... Осылай Үндістан мен Пәкістанда 12 жыл тұрдық. Ешкім бізді азаматтыққа қабылдамады. Жанымызды жалдап күн көрдік. Ел бөтен, жер бөтен, салт бөтен елде өмір сүрудің қиынын бастан өткердік. Осы жылдары әйел затының жатыры шошынып, бірде-бір нәресте дүниеге келмеді. Егер біз Түркияға көшпегенде сол күйі тұқым-тұяғымыз құрып жоғалар еді...».

Жоғарыда Халифа атамыз айтқан «жатыр шошыну» оқиғасын он шақты жыл бұрын мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың өз аузынан естіп, жазып алған едік. Мырзакең: «1993 жылы Иранға елші болып бардым. Елшілікке сәулетті ғимарат алдым. Үш автобус жіберіп 300 шақырым жердегі қазақтарды алдырдым. Нұришат деген қария бар еді, сол бастап келді. «Мырзатай шырақ, – деді қария, – менің жасым тоқсанға келіп қалды, сен Тегеранның төріне үй тіктің, төбесіне ту тіктің, мұндағы өлген қазақты тірілттің, шырағым екі дүниеде ризамын. Біз елден ауып көшкенде небір сұмдықты көрдік. Ең қиыны жаусоқты болып, жат жерге келгенде әйелдеріміздің жатыры шошынып, ешбірі бала көтермей қатты қиналдық. Құрып жоғалатын шығармыз деп уайымдап жүргенде дүние тынышталып, жат жерге елдің еті үйреніп әйелдеріміз зорға бала көтерді. Мырзатай шырақ, шетте қиындық көріп, елін аңсап жүріп, өлген қазақтың сүйегі көрде де қызып жататын шығар деп ойлаймын дегенде, менің сай-сүйегім сырқырап кетті. Осындай да сұмдық болатын көрінеді», деген еді.

Бұны неге жазып отырмыз. Кейде біз елдегі қазіргі тыныштық пен бейбіт өмірдің қадірін бағалай алмай жатамыз. Абай ата­мыз­дың «Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт тыныштық көрсе, сәтке тұр­май, тыныштықтан жалыға қалатұғыны қалай?» (40-қарасөз) дегеніндей, біз кейде тыныш­тықтан жалығатын сияқтымыз. Яки, тыныш­тық­тан жалығу немесе бүліншілік аңсаудың апарар жері – қасірет.

Жоғарыда айтқанымыздай, тыныштығы бұзылып, берекесіздікке ұрынған жұрттың ең әуелі әйелдерінің жатыры шошынып, олар табиғи түрде қысырайды. Шошынған жатырдан ұшынған ұрпақ туары хақ. Бұл дегеніміз – адамның бойын үрей жайлап, организмнің тітіркенуінен болатын құбылыс көрінеді. Медицина тілімен айтқанда, психологиялық үрейдің салдарынан организмде пайда болған қорқыныш, үрей салдары пенде баласын табиғи даму бейімділігінен ажыратады да, бедеулік күйге түсіреді екен. Сөйтіп, тыныштығы бұзылып, берекесі тайған жұрттың басынан бақ таяды, ұрпағы ұшынады. Бүгінгі бейбіт күннің берекесін бағалайық ағайын!